Қауіпсіз орта – жарқын болашақ

0
1768

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Әуезовтің даналық сөзінің маңызы бұрынғыдан да арта түскендей. Технология дамыған сайын, кез келген ақпаратқа қолжетімділік те жеңіл. Алайда, тәрбие жүгінің салмағы ауырлай түскендей. Қазір баланы тәрбиелеу әдістері көбейген: бірі ақылмен, екінші біреуі күшпен, үшіншісі ашумен, т.б. Мұндай мәселеге де дана халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деп қысқа ғана қайырған.

Жазғы демалыстың басталғанына екі айға жуықтады. Осы уақыт аралығында мектеп жасындағы балаларды бақылау бұрынғыдан да күшейе түскен. Бос уақтының көбі аулада немесе ойын алаңында өтетін балдырғандарды бәле-жаладан сақтау – бірінші кезекте ата-ананың міндеті.  Мұны бәріміз білеміз. Алайда, елдің ертеңі деген жасөспірімдерді бақылау, дұрыс тәрбие беру жалпы қоғамның жүгіне айналды. Осыған байланысты Алматы қаласының учаскелік инспекторлары, ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын күшейтіп, алдын алу шараларын өткізіп жатыр.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 16 маусымында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Дәл осы өзгеріс негізгі себептердің бірі.

«Осы Заңға сәйкес кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің жауапкершілігі енгізілді. Егер бізде Әкімшілік кодекстің 127-бабында бұрын балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттердің орындалмағаны көрсетілсе, онда диспозиция кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың орындалмауымен толықтырылды. 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Мен ата-аналарға мұқият болуды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескерткім келеді. Егер олар көпқабатты үйлерде тұрса, онда терезелерге арнайы тор орнату қажет. Балалар терезе торының олардың салмағына төтеп бере алмайтынын түсінбейді, сондықтан балалардың терезелерінен құлау фактілері бар. Сондықтан жаңа заңнамада осындай шаралар қарастырылған», – деп түсіндірді қалалық полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдары қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Осы бағытта бірқатар кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Мысалы, 15-17 шілде күндері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Үш күн ішінде кәмелетке толмағандар арасында 330-дан астам құқық бұзушылық анықталған. Олар негізінен заңды өкілдерден тысқары түнгі уақытта көшеде жүрген. Ювеналды полицейлердің міндеті – балалар арасында туындауы мүмкін жазатайым жағдайлардан қорғау. Ата-аналар тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне тәрбиелік ықпалдың және бақылаудың болмауы олардың құқыққа қайшы әрекеттер жасауына себеп болуы мүмкін екен. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбінесе отбасылық проблемалар, тұрмыстық тұрақсыздық және ата-аналардың бақылаусыздығынан жиі орын алады екен.

Сонымен қатар, профилактикалық есепке қойылған 290-нан астам құқық бұзушы жасөспірімдер мен салғырттық танытқан 315 ата-ана анықталды. Соның ішінде, ішкі істер органдарында есепте тұрған 48 жасөспірім мен 37 жауапсыз отбасы тексерілді. Балаларына дұрыс тәрбие бермеген 9 ата-ана анықталып, тағы 13 ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жылдары самокат пен мопед қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір қалада кәмелетке толмағандардың екі доңғалақты көлікті пайдалануына ерекше назар аударылуда. Бірінші маусымнан бері 4 мың 800 мопед жүргізушісі және 5 мың 200 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, өткен демалыс күндері қала жолдарында 2 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды, оның басым бөлігін электросамокаттар мен мопедтерді тізгіндегендер жасаған. 100-ге жуық ата-ана балаларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тартылды, бұл жалпы заң мен қауіпсіздік стандарттарына қайшы келеді. Ауқымды рейдтер нәтижесінде 1 мыңнан аса мопед, сондай-ақ 3 мың 625 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды. Жыл басынан бері самокаттар мен мопедтердің қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 500 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Соның ішінде 68 жағдайда екі дөңгелекті көлікті балалар жүргізген.

«Біріншіден, қауіпсіздік мәселесі. Самокаттарды пайдаланумен байланысты жазатайым оқиғалар мен жарақаттар көбейді. Тәуекелдерді азайту үшін жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік дулығаларын пайдалану және жылдамдықты төмендету керек. Сондай-ақ, самокаттардың бір адамға арналғанын және жолаушыларды тасымалдау қауіпті жағдайларға әкелетінін есте ұстаған жөн. Екіншіден, тұрақ мәселесі. Дұрыс емес жерге тұрақталған самокаттар жаяу жүргіншілер мен көліктерге қолайсыздық туғызады. Қазіргі уақытта қаламыздың көшелері мен тротуарларында тәртіпті қамтамасыз ету үшін самокаттарға арналған арнайы тұрақ аймақтарын енгізу жұмыстары жүргізілуде», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.

Сақшылар, жергілікті әкімдік өкілдері мен кикшерингтік компания өкілдері қала тұрғындары үшін «Еркін қозғалыс» атты науқан өткізді. Мұндағы мақсат – тұрғындарға  электросамокат пен мопедтерді дұрыс және қауіпсіз жүргізуге үйрету. Сондай-ақ, қос дөңгелекті техниканы пайдалану ережелерін түсіндіру.

«Сақтансаң, сақтайды» демекші, Төтенше жағдай департаментінің мамандары жазғы демалыс кезінде балаларды қауіптен қорғауды ескертуде. Балалардың қауіпсіздігі тек балаларға ғана емес, сонымен қатар ата-аналарға да қатысты. Қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Дарын Мұқановтың айтуынша, көптеген ата-аналар баланы өрттен, судан, электр желісіне қысқа тұйықталуы сынды тілсіз жаудан қалай қорғауға және алдын алуға болатындығын білмейді екен. Мысалы, бірінші жартыжылдықта 346 өрт болған. Соның төртеуі балдырғанның отпен ойнауынан туындаған. Төтеншеліктер бір ай ішінде тұрғындармен кездесу өткізіп, «Тұрмыстық қауіпсіздік шаралары», «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қадам», «Балалардың терезеден құлауы» сынды тақырыптағы 70 мыңнан астам жадынама таратылды.

«Терезеден құлау – балалар жарақаты мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Баланы терезеден құлаудан қалай қорғауға болады? Көп жағдайда біздің балаларымыздың құлауы қалада, көп пәтерлі тұрғын үйлерде болады. Баланың терезеге көтерілуіне жол бермеу үшін жиһаздың барлық түрлерін терезелерден алыстату керек. Ешқашан шыбын-шіркейге арналған торға сенбеңіз, олар құлаудан қорғамайды. Сондай-ақ, терезелерге бекіткіштер мен торларды орнату қажет. Биыл 2 факт тіркелді, өткен жылы балалардың терезеден құлауының 8 фактісі орын алды», – деді қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Дарын Мұқанов.

Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі жыл санап артып келеді. Бала – бақыт, бала – болашақ. Бала – өмір, бала – ғұмырыңның жалғасы. Ата-бабаларыңнан қалған тұяқ болып табылады. Сол үшін де қылықтары балдан тәтті балапандардың алаңсыз өмірін, шат ғұмырын, амандығын баянды бақытын тілейміз!

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here