Қолжетімді баспана: Қазақстан мен озық елдердің тұрғын үй саясаты

0
2510
Соңғы алты айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспайтын тұрғын үй кезегінде тұрған 1, 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар және көпбалалы отбасыларға «Отбасы банкі» үйді жалға алу құнының 50 пайызын субсидиялайды

Баспана – басты мәселе. Бұрын да солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болады. Ал, қолма-қол ақшаға үй сатып алу көпшілік үшін арманға айналған. Себебі, тұрғын үй бағасы күн санап артпаса, арзандамақ емес. Табысы күнкөріс көзінен артылмайтын көпшіліктің қалтасына ипотеканың өзі артық салмақ салады. Қоғамда тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналар тағы бар. Әрине, оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстан мен әлемнің кейбір елдеріндегі тұрғын үй саясатына тоқталады.

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ
АНАЛАРҒА БАСПАНАЛЫ
БОЛУДЫҢ ЖОЛЫ

Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары шағын жобалар аясында жүргізіліп келеді. Себебі, ондай жоба шарттары жалпыға түсінікті. Сондай-ақ, бұл жоба негізінде жалғызбасты аналар да тұрғын үйге қол жеткізе алады.

Рас, елімізде «жалғызбасты ана» деген ресми мәртебе жоқ. Бірақ, қазақта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тіркес бар. Бұл түгел халықтың мінезінен, танымынан хабар береді. Дүниеге сәби әкеліп, әкесіз тәрбиелеп отырған яки баланың әкесі тарапынан көмек алмайтын жалғызбасты аналар туралы ресми ақпарат eGov.kz мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында тіркеледі. Бүгінде елімізде 600 мыңға жуық әйел баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ал, мемлекет тарапынан белгіленген бала тууға байланысты төлемдер баршаға ортақ. Яғни, жалғызбасты аналарға да жәрдемақы тағайындалады. Біздің тақырыпқа арқау етіп отырғанымыз, асыраушысынан айырылған яки ажырасқан әйелдер емес, ресми түрде некеге тіркелмеген, бірақ дүниеге сәби әкеліп, өзі тәрбиелеп келе жатқан аналар туралы болмақ. Мұндай мәртебедегі жандар тұрғын үй алу мәселесінде ажырасқан немесе жесір қалған әйелдермен, толық емес отбасылармен тең дәрежеде қарастырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында нақты көрсетілген. Онда мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері ретінде баланы әкесіз тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар да қосыла алатыны жазылған.

Жалғызбасты аналарға арналған пәтер кезегіне қалай тұруға болады? Бұл сұрақтың толық жауабын білу үшін алдымен тұрғылықты жер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну орынды. Сондай-ақ, Gov.kz ресми сайтында тұрғын үй кезегіне қою шарттары анық көрсетілген. Ол үшін:

  • белгіленген қала немесе елді мекенде өтініш берушінің кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде болуы;
  • ана мен баланың бір жерде тұруы (баланың бір тұрғылықты жайда үш жыл тұруы талап етілмейді);
  • соңғы бес жылдың көлемінде өз атында жеке баспананың тіркелмеуі міндетті.

Жылжымайтын мүлік саласының маманы Карима Әпенованың айтуынша, қазір жеңілдетілген бағдарламалар бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғана үш жыл тұрақты тіркеуде болу талап етіледі. Ал, өзге өңірлерде тіркеу мерзімі маңызды емес.

«Толық емес отбасы» жеңілдік санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін келесі құжаттар ұсынылуы керек:

  • тіркеу туралы өтініш (онда коммуналдық тұрғын үй қорынан өтініш иесінің тұрғылықты үйі бар-жоғын анықтауға келісімі қоса көрсетіледі);
  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • жұмыс істейтін тұлғалар үшін жұмыс орнынан анықтама;
  • әкелік құқықты бекіту туралы куәлік.

Қосымша мына құжаттар қажет болуы мүмкін:

  • халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын растайтын табыс туралы анықтама;
  • егер тұрып жатқан үйі апатты жағдайда болса, жергілікті атқарушы органның оны растайтын анықтамасы;
  • өтініш иесінің некеде тұрмағаны туралы анықтама.

Айта кетейік, тұрғын үйге кезекке тұру қызметін жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе eGov.kz порталынан онлайн түрде алуға мүмкіндік бар. Ол үшін порталға тіркеліп, өтініш толтыру қажет. Оны ЭЦҚ-мен куәландырып, қажетті құжаттардың сканерленген көшірмесін енгізу керек. Құжаттар отыз күнтізбелік күн ішінде қарастырылып, өтініш иесіне жауап жолданады. Құжаттар талапқа сай болған жағдайда, кезек нөмірі, олай болмаса бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.

Жалғызбасты аналар пәтерді ақысыз жалға да ала алады. Ол үшін тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, жағдайын растайтын құжатты алу қажет. Содан кейін кезегі келгенде өтініш иесіне баспана өтеусіз жалға беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алу бағдарламасына қатысу мүмкіндігі де бар екенін айта кетейік.

Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі бес жылдан бері қолжетімді. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспаса, мемлекеттік қордан кезек бойынша пәтер жалдау мүмкіндігі қарастырылған.

Пәтерді ұзақ мерзімге де жалға алуға болады. Әр бес жыл сайын келісілген мерзім ұзартылып отырады. Бірақ, тұрғын заңды түрде үйдің иесі болып табылмағанымен, оған өмір бойы сол жерде тұрақтауға мүмкіндік беріледі. Мұндай жалдамалы пәтердің ақысы бекітілген әдістеме негізінде төленеді.

Жеке секторда жалға алынған тұрғын үйге субсидияны азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде көпбалалы отбасылар да ала алады. Бұл санатқа төрт не одан көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар кіреді. Аталған көмекті алу үшін отбасы мүшелерінің соңғы алты ай көлеміндегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.

Мемлекет тарапынан қарастырылған бұл жеңілдікті алу үшін:

  • «Отбасы банкі» порталына тіркелу;
  • өтінішті толтыру;
  • тұрғылықты пәтерді тауып, оны жалға беру шартына қол қою;
  • пәтерді жалдау ақысының жартысын банк арқылы төлеу керек.

Талаптар толық орындалған соң банк ақшаны пәтерді жалға берушінің шотына аударады.

Көпбалалы және толық емес отбасылар үшін баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін туғызатын кең тараған бағдарлама – «Бақытты отбасы». Аталған бағдарламаға қатысушы жергілікті әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды.

Алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын алуға болады. eGov.kz сайтында тұрғын үй сертификатының екі түрі көрсетілген. Олар:

  • егер отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі табыс көлемі белгіленген деңгейден төмен болса, өтеусіз және қайтарымсыз көмек түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты;
  • егер отбасы мүшелеріне шаққанда айлық табыс белгіленген деңгейден асса, 15 жылға 0,01 пайыздық несие түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты.

Бір атап өтерлігі, 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам отбасы жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Бірақ, өтініштерді қабылдау күні әлі күнге дейін нақтыланған жоқ.

ӨРКЕНИЕТТІ
ЕЛДЕРДІҢ
ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ

Қай ел болмасын өз тұрғындарына көмек қолын созуға әзір. Әрине, алдымен тұрғындардың көше кезбей, баспанамен қамтылуы маңызды. Осы ретте халықты әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл мәселе әр елде әрқалай шешім табуда. Енді өркениетті елдер тәжірибесіне үңілейік.

Испания халқының 80 пайыздан астамы өз баспанасында тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша 48 млн халқы бар ел Еуропа елдерінен көш алда. Тұрғындардың 10 пайызы ғана пәтерді жалға алып тұрады. Мұндай әрекетке көбіне балалы-шағалы отбасылар тәуекел ететін көрінеді. Ал, Еуропаның оңтүстігіндегі ел халқының тек 1 пайызы әлеуметтік тұрғын үй қызметін пайдаланады. Бағдарлама игілігін көрушілердің көбі берілген тұрғын үйді жалға алудан гөрі сатып алғанды жөн санайды.

Испан үкіметінің VPP бағдарламасы қатысушыларға субсидия мен пәтер сатып алуға жеңілдіктер қарастырады. Бұндай жағдайда жылжымайтын мүлікті өзге біреуге сатуға мүмкін болмайды. Әлеуметтік тұрғын үй мәртебесі 30 жылға дейін бекітіледі. Кейбір аймақтарда пәтер жас отбасыларға 15 жыл ішінде сатып алу міндеттемесімен жалға беріледі. Бұл да арнайы бағдарлама негізінде жүзеге асады.

«Habitation a loyer modere» (HLM). Француз үкіметі өз азаматтарына беретін тұрғын үйлерді осылай атайды. Ал, HLM – ауданы 80 шаршы метрдей болатын көбіне төрт бөлмелі пәтерлер. Жалдау ақысы төмендетілген тұрғын үй – елдегі жалпы тұрғын үй қорының 20 пайызын құрайды.

Егер сіз Франция азаматы болсаңыз және жалдау ақысы төмендетілген баспанаға қол жеткізуді қаласаңыз, жеті жылдай кезек күтуге тура келеді. Бұл уақыт аралығында өтініш беруші жыл сайынғы табысының нормадан төмен екенін құжаттармен растауы қажет. Әлеуметтік баспана алу үшін ел астанасы Париж тұрғындарының табысы айына 2 100 еуродан (1,1 млн теңге), басқа өңір тұрғындарының табысы 1 900 еуродан (945 мың теңге) төмен болуы шарт.

HLM пәтерлерін үш меншік иесі ала алады. Олар жергілікті билік өкілдері, тұрғын үй кооперативтері және жеке меншік иелері. Жыл сайын бес мыңға жуық әлеуметтік пәтерді жалға алушылар сатып алады. Көбіне «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жеке баспаналар сұранысқа ие.

68 млн халқы бар Францияда әлеуметтік тұрғын үй жалпы пәтер жалдау нарығының 50 пайызын құрайды. Батыс Еуропа елінде аз қамтылған отбасыларға коммуналдық төлемдерді қамтитын қосымша жеңілдіктер де қарастырылған.

Әлемдегі ең ірі экономикалардың рейтингінде төртінші орын алатын Германия халқы тұрақты тұрғын үйі болмағанын құп көреді. Содан болар, мұнда жалға беру мен жалға алу саудасы қыза түседі. Тұрғындардың таңдауы жалдамалы пәтер болуына халықтың «көшпелі» өмір салты әсер ететін көрінеді. Ел азаматтарының көпшілігі уақытша баспананы қысқа мерзімге алып, ел ішінде жиі көшіп-қонып жүреді екен. Соғыстан кейінгі кезеңде Германия үкіметі тұрғын үй қорын көбейтуді бірінші кезектегі міндет етіп күн тәртібіне қойған болатын. 10 жылдың ішінде 5 млн тұрғын үйдің бой көтеруі – сөзімізге дәлел. Ал, үкімет әлеуметтік тұрғын үйлердің салу үшін жеке компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді. Жалпы немістер өткен ғасырдың ортасында-ақ аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешкен. Бір қызығы, онда бағдарлама қатысушылары пәтерді тегін алмайды, әркімге жеке жарна тағайындалады. Егер ол төлем жасаудан бас тартса, қоғамдық жұмысқа орналасу немесе үй жағдайында белгілі міндеттемелерді алу ұсынылады.

Жері біздің Солтүстік Қазақстан облысынан екі есе кішкентай Нидерландта 18 млн халық тұрады. Еуропаның батысындағы осы елде жылжымайтын мүлік нарығы екіге бөлінеді. Нысандардың жартысы азаматтардың мешігінде болса, қалғаны мемлекет қарамағындағы жалға берілген нысандар. Пәтерді жалға алу үшін субсидия кірісті ескере отырып есептеледі. Елде мемлекеттік тұрғын үйдің пайыздық үлесі жоғары болғанымен, жалға алу мен беру ұсыныстары аз. Дегенмен, халқы дәулетті тұратын елге еңбек мигранттары мен студенттердің келуімен жалдамалы пәтерлерге деген сұраныс артып келеді. Халықтың бұл тобын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде «Spacebox» (Ғарыш жәшігі) архитектуралық шешімінің көмегімен шешілуде. Мұндай ғимараттар үш қабаттан құралып, адамның бір-бірімен еркін қарым-қатынас орнатуына ыңғайлы етіп орналастырылған.

Ұлыбритания халқының 70 пайызы өз атына тіркелген баспанада өмір сүріп жатыр. Дегенмен, тұманды Альбионда баспана құнының қымбат екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, 67 млн халқы бар елде 1 млн-нан астам үй тұруға жарамсыз деп танылған. 500 мыңдай британдық өте тар баспанада күнелтуде. Тағы 700 мыңдай британдық әлеуметтік баспана кезегінде тұр. Тұрғын үй бағдарламасы 2024 жылға дейін аяқталмақ. «Болашақ қаласы» деп аталатын 10 экоауыл салу жоспарлануда.

Мемлекет жас отбасыларға баспана алуға да көмектеседі. Айталық, жылжымайтын мүлік құнының 17,5 пайызын субсидия түрінде өтейді. Және қоғамдағы маңызды қызмет иелеріне – мұғалім, дәрігер, өрт сөндіруші және полицейлерге пәтер алудың арнайы жеңілдіктері қарастырылады.

Америкалықтар ұзақ жыл бойына несие төлеп өмір сүруден еш қорықпайды. АҚШ азаматтары 30-40 жылға ипотека алуға да әбден үйренген. Сондықтан мемлекет те ел тұрғындарына жылжымайтын мүлікті ипотека арқылы алуға жағдай жасауда. Бірақ, 335 млн халқы бар АҚШ-та үйсіз-күйсіз жүргендердің қарасы қалың. Тіпті, өткен ғасырда билік жеке тұрғын үй иелерімен келісім жасап, нысанның бір бөлігін тұрмысы төмен отбасыларға арзан бағамен беруге келіскен. Және сондай «қайырымдылығы» үшін мемлекет тұрғын жайдың негізгі егесіне өтемақы да төлеп отырады. Мұнда нарықтық бағаны қалтасы көтермегендер қолжетімді баспанаға қол жеткізе алады. Ол үшін өтініш иесінің жиынтық табысы өңірдегі орташа табыстың 50 пайызынан артық болмауы шарт.

Міне, дамыған елдер баспана мәселесін осылай шешеді. Демек, өркениетті елдер тәжірибесіне бір сәт үңіліп қойған да артық етпейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен Жиренше шешен жыртық лашығынан аяғы шығып жатып. Сол айтпақшы, тұрғылықты тұрғын жайыңның болғанына не жетсін?! Бірақ, жоғарыда жазғанымдай, баспана бағасы шарықтап барады. Той-томалақтан қалған несиені әрең төлеп жүрген қарапайым халыққа баспана аларлықтай ипотеканы банктің бере салуы да қиямет. Жоғары несие мөлшерлемесі де үйдің бағасын одан әрі шарықтатып жібереді. Нәтижесінде көпшілік мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп, сол негізде баспанаға қол жеткізіп жатыр. Бұл бір жағынан өте тиімді болғанымен, бәріне бірдей үйлі болу бақыты бұйыра бермейді. Жұртшылық баспана жайлы жаңалықтың ұшы шықса, құлақ түре қалатыны да содан.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here