Ы.Алтынсарин – 180: Ыбырай әлеміне 180 саяхат жасалды

0
3164

Биыл қазақ халқының тарихында ерекше орын алған кемеңгер тұлғаның бірі, қазақтың тұңғыш ұстазы, қазақ жерінде алғаш мектептер ашып, білім мен оқуды насихаттаушы, халқының көсегесін көгертуші, «Дала шамшырағына» айналған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы. Айтулы датаға байланысты «Ыбырай музейіне саяхат» жобасы ұйымдастырылды.

Осы жоба аясында және «Ұлт ұстазы», «Даланың дара ұстазы» деп аса құрметке бөленген Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына орай музей қабырғасында жыл басынан бастап 180 экскурсия жүргіздім. Республикамыздың білім ошақтары мен мәдени ұйымдарының тапсырысы бойынша онлайн форматта экскурсия жүргізіліп, оған бес мыңнан астам тыңдарман қатысты.

Тұңғыш қазақ ұстазының туған елі мен халқы үшін жасаған ерен еңбегі мен қызметі жайында, Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық және қоғамдық қызметі, асыл мұралары мен өмірі туралы, оның айналасындағы достары мен ізбасарлары, ашқан мектептері туралы жан-жақты деректермен, мұрағаттан алынған құжаттар көшірмелерін көрсете отырып, Ыбырай Алтынсаринді алғаш зерттеушілер Бегежан Сүлейменов пен Әміржан Сыдықовтың ғылыми зерттеу жинақтарын оқып, соның негізінде экскурсия жасалды. Музейдің негізгі экспозициялық залында Ы.Алтынсариннің педагогикалық және қоғамдық жұмыстары туралы 50-ге жуық экспозиция бар, ондағы жәдігерлердің барлығы Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Троицк, Ташкент, Алматы, Қостанай мұрағаттарынан алынған құжаттар мен фотосуреттерден тұрады. Бұл құжаттар да құнды жәдігер болып саналады.

Экспозиция залында ең құнды Ыбырай атамызға қатысты деген санаулы жәдігерлер бар. Солардың бірі – «Сөз басы». Бұл Қырғыз хрестоматиясының алғашқы бетіндегі білім мен өнерге, ғылымды тану мен өркениетке ұмтылуға шақырған өлеңі.

«Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Істің болар қайыры, 
Бастасаңыз Аллалап,
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап» деген өлеңнің түпнұсқадан көшірмесі сақтаулы. Бұл қолжазбадан ұлы бабамыздың өз қолымен жазған жазу үлгісін көре аламыз.

Өте баға жетпес киелі жәдігердің бірі – Қарабұтақ болыстық мектебінің кірпіші. Бұл кірпіштен де мектеп салу ісінде бабамыздың қажырлы күш-қуаты, маңдай тері, қуанышы мен елінің жас ұрпағына деген шексіз махаббаты сезіледі. Кірпішті 1991 жылы «Ыбырай ізімен» экспедициясы кезінде Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернаттың директоры болған «Ы. Алтынсарин төс белгісінің» иесі ұстаз Беген Қаженұлы тапсырған.

Сонымен қатар, Ы.Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқап музейдің ең құнды жәдігеріне айналған. Бұл төсекқапқа бабамыздың көз жанарының нұры түскен, қолының табы қалған. Музейге келушілерді ол қанық бояуымен, қазақы ою өрнектерімен қызықтыра түседі.

Құнды жәдігердің тағы бірі – Шеген бидің отбасы қолданған келі-келісап. Шеген би – Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы, яғни анасы Әйменнің әкесі. Торғайда алғаш еңбек жолын бастаған жас Ыбырайға мектеп салу үшін осы Шеген бидің ұлдарының бірі Бірімжан (нағашысы) құрылысқа қажетті материалдармен және қаржылай да көмектескен.

Осы жолдардың авторы – Шынар ДОСМАҒАМБЕТОВА

Алғаш қазақ жеріне ислам дінінің заңдылықтары мен құран аяттарының қазақша мағынасында берген, оны Қазан университетінің баспаханасынан бастырып шығарып, насихаттаушы ұлтымыздың жанашыры – Ыбырай Алтынсарин. Демек, «Шариат-ул-исләм» кітабының түпнұсқасы да құнды дүние.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Ыбырай Алтынсариннің жалғыз тұяғы Абдолла ағамыздың қызы Нағима Ыбыраева апайымыздың музейге тапсырған жеке заттары мен әкесі Абдолланның қолымен жазған шежіресі құнды жәдігерге айналып отыр.

24 жылға жуық Торғай қаласында ұстаздықпен қатар әкімшілік, сот қызметін атқарған Ы.Алтынсарин 1883 жылдары туған жері Қостанайға көшіп келеді. Музей тұрған аумақта 1884 жылы екі сыныптық мектеп ашады. Ол мектеп кеңес дәуірі уақытында Қостанай қаласының ең көрікті жеріне айналған. Мектептің жан-жағы қалың бау-бақша болған. Мамыргүл ағаштары мен ақ қайын және жап-жасыл қарағайларды мектеп оқушылары отырғызған. 1968 жылы ол мектеп қалалық депутаттар шешімімен бұзылып, орнына жаңа мектеп-интернат салынған. Бір бөлігінде ұлы ұстаздың мемориалдық музейі орналасқан. Сол 1884 жылы Қостанай қаласының дәл орталығында ашылған мектептің кірпіші де құнды жәдігер. Бұл мектеп қабырғасынан талай шәкірт біліммен сусындап, қарапайым еңбек жұмыскерінен бастап, атақты оқымысты ғалымдар, өнер майталмандары, ақын-жазушылар, елімізден тысқары шет елдерде білікті маман ретінде жоғары бағаланып, қызмет жасап жатқан түлектер бар. Сондықтан бұл кірпіш те сол мектептің талай ұстаздары мен түлектерінің «білім инемен құдық қазғандай» дегендей қажырлы сәттері бар. Бұл кірпіште де бабамыздың қазақ балаларына сабақ берген уақытындағы үні, оларға деген жүрек мейірімі жатыр. Сондықтан бұл ең киелі баға жетпес жәдігер. Міне, осындай құнды да қасиетті жәдігерлермен таныстыру және ұлт ұстазын насихаттау менің алға қойған бірден-бір міндетім.

Музей басшысынан бастап ғылыми қызметкерлер Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы үшін көптеген жауапты іс-шаралармен қатар, оларды насихаттау барысында әр қайсысы өз үлестерін қосуда. Музей Тәуелсіздіктің құрдасы, құрылғанына 30 жыл. Сол мақсатпен «Асыл мұра – аманат» атты музейдің тарихы туралы 200 тиражбен кітап шығарылды. Идея авторы – Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов, бас редакторы – Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің басшысы М.Оспанов, құрастырушылар – музей қызметкерлері Н.Шектыбаева мен А.Аймухамбетова.

Жыл басында 180 тиражбен «Ыбырай жылы» күнтізбесі шығарылды. Оның әр жыл он екі айға бөлінген беттерінде Ыбырай бабамыздың өмірі, қызметі жайындағы материалдар жарияланды. Сондай-ақ, арнайы жасалған «QR код» арқылы қосымша ақпарат алуға болады. Оның шығарылуына ғылыми көпшілік бөлімінің қызметкерлері Б.Айгужина, Ш.Досмағамбетова мен А.Омарқанованың еңбегі зор.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған Халықаралық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орындарының ректорларына, Ақмола облысынан келген «Аналар алқасы» ұйымына, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы ұйымдарына, қоғамдық қорлар, мекеме мен кәсіпорындардан келген қызметкерлерге, қаламызға келген қонақтарға, музейге арнайы келген халыққа саяхат ұйымдастырдым. Халық алдында Ы.Алтынсарин бабамыздың абыройы асқақ, беделі биік дара тұлға екені нақтылана түседі.

Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына «Ыбырай музейіне саяхат» жобасы аясында күн сайын онлайн форматында саяхат жүргізіліп отыр. Бұл жөнінде толық ақпаратты әлеуметтік желіден және музей сайтынан алуға болады.

Биыл шілденің аңызғақ ыстық күндері Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы Кенбай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Нұржанат Шонтыбаева шәкірті Ақгүл Кенжебековамен арнайы келді. Айтуынша, ағартушы, жаңашыл педагог Ы.Алтынсариннің туған жеріне келіп, өмірлік жолымен танысу арманы болған екен. Олар музей қабырғасында экскурсия тыңдап, атамыздың мәңгілік тыныстап жатқан жеріндегі кесене басына барып тағзым етті.

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының Сүткент ауылынан арнайы келген медресе ұстазы, шығыстанушы филолог Досмахамбет Әсілханұлы Достаев Ы.Алтынсарин мемориалдық музейін аралады, кесене басына барып, құран бағыштады.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген туризм қызметкері, Қазақ спорт және туризм академиясының ғылыми-зерттеу институтының экскурсовод-әдіскері, Қазақстанның үздік экскурсоводы Бақыт Оразымбетованы ұлы ұстаздың бай мұрасымен таныстырдым. Ол кісі экскурсовод маманы ретінде менің экскурсия жүргізу жұмысымды жақсы бағалады. Ыбырай музейінің халықаралық стандарттарға сай жабдықталғанын және оның бай мұрасына қызығушылықпен қарады. Шет елдерге көрсетуге тұрарлық мемориалдық музей екенін айтты.

Киелі нысандар мен көрікті жерлерге саяхат жасауды мақсат еткен Орал қаласының «Otbasy Travel» жобасы Тобыл-Торғай жерлеріндегі киелі нысандарды аралай отырып, музейде ағартушының өмірі мен қызметі жайында саяхат тыңдады.

Алаштың айтулы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның  Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қостанай облысының Құрметті азаматы Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шара Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінде жалғасын тапты. Орыс драма театры әртістерінің ұйымдастыруымен музей қабырғасында «Завещание И.Алтынсарина» деп аталатын драмасы қойылды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан келген ақын-жазушыларға, жақын достарына, олардың бірі медицина ғылымдарының докторы, ақынның досы және жерлесіміз, профессор Мақсұт Темірбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдеріне Ы.Алтынсариннің елі мен халқы үшін жасаған ерен еңбегі жайында мәліметтер берілді.

«Саналы ұрпақ-2050» қоғамдық қоры «Даланың дара ұстазы» конкурсын қала мектептерінің оқушылары арасында өткізді. Олар да соңғы бөлімде «Ыбырай музейіне саяхат» жобасына келіп экскурсия тыңдады. Аталған қоғамдық қордың және Алтынсарин ауданының ішкі саясат басқармасы, тілдерді дамыту басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен қазан айының 9 жұлдызы күні жастар арасында Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай квест ойын өтті. Осы мақсатпен Қостанай аймақтық қасиетті нысандар қатарына кірген Шоқай би бейіті және Жазы би кесенесіне, сонымен қатар, «Омар құдығы» деп аталатын Ыбырай Алтынсариннің бал дәурен балалық шағы өткен, бала Ыбырайдың аяғының іздері жатқан аумақ, бұрын Балғожа бидің ауылы болған, қазіргі кезде Алтынсарин ауданының ең көрікті орындарының біріне айналған киелі жерде ұлт ұстазы жайында мәліметтер берілді. Балғожа би және оның балалары Қошан мен Алтынсарының және оның ұрпақтары мекен еткен жер болғаны ақиқат. Ол кісілердің ауылының осы аймақта болғанының белгісі ретінде 1991 жылы табылған құдық қалпына келтіріліп, жан-жағы абаттандырылып, мемориалдық тақта орнатылған еді.

Ыбырай сынды тарихи тұлғаны еліміз ғана емес, өз заманында Патшалық Ресей империясы да оның елі мен халқына жасаған қызметін жоғары бағалап, II-ші, IIІ-ші Светой Станислав және II-ші, III-ші Светая Анна ордендерімен марапаттаған. Орынборда білім алған, барлық пәндерден үлгерімі өте үздік болған 17 жастағы  Ы.Алтынсаринге «зауряд-хорунжий», яғни лейтенант атағы, кейін 48 жасында «Статский советник» атағы берліген, ол «Аса мәртебелі» деген ұғымды білдіреді.

Қазақ халқының болашағы үшін қызмет етіп, өркениетке жеткен әрі білім мен ғылымды игерген мықты елге айналуы үшін аянбай еңбек еткен ұлы ұстаз есімі мәңгілік жасайды.

Шынар ДОСМАҒАМБЕТОВА,
Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық
музейінің экскурсия жүргізушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here