Шам жаққан ғұмыр

0
26
Профессор Хожин Г.Х., тарихшы Кабдушев Б.Ж. (Жақсымен жүздескен сәт).

Кейде адам тағдырының айқындалуын бір ғана оқиғаның ишарасы шешеді. 1959 жылдың күзі. Алматы. Мәскеу Бүкілодақтық политехникалық институттың сырттай бөлімінде кешкі сабақ жүріп жатса керек. Кенет оқу ғимаратының жарығы сөніп қалады. Аудиторияға кірген сырттай оқу бөлімінің проректоры Мүштай Батырбекұлы Батырбеков студенттерге жағдайды айтқанда, Василий Касьянов деген жолдасы: «Гамил, сен электриксің ғой, барып көмектессең қайтеді», – дейді. Жас жігіт ақауды тауып, қараңғы дәліз бен дәрісханаларға қайта жарық береді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған соң, оның ептілігі мен жауапкершілігін аңғарған Мүштай Батырбекұлы оны Қазақ тау-кен металлургия институтына жұмысқа шақырады.

Сол күні жанған шам бір ғимараттың ішін ғана жарықтандырған шығар. Бірақ, әлгі шағын оқиға жас электриктің алдынан ғұмырлық жол ашты. Кейін ол бір сымның ақауын түзеген маман күйінде қалмай, Қазақстанның энергетикалық білім ордасында мыңдаған жастың санасына сәуле түсірген ғалымға, ұстазға, профессорға айналды. Гамил Хожаұлы Хожиннің тоқсан жылдық ғұмырына көз салғанда, адамды биікке көтеретін даңқтың даңғаза үні емес, күн сайын адал атқарылған еңбектің үнсіз қуаты екеніне тағы бір мәрте иланасың.

Оның жолы дайын соқпақтан басталған жоқ. 1954 жылы Ақтөбе облысындағы Мәртүк қазақ орта мектебін бітірген бозбала бір жылдан кейін Ферғана техникалық училищесіне түсіп, 1957 жылы ауыл шаруашылығын электрлендіру және радиоландыру электромеханигі мамандығын үздік тәмамдайды. Ол кезеңде ауылға тартылған әр бағана, әр электр желісі тұрмыстың ғана емес, тұтас қоғамның өзгеріп келе жатқанын аңғартатын. Жаңақала аудандық электр станциясындағы электромеханиктік қызмет, Алматыда электрик болып жұмыс істеуі жас маманға өндірістің тілін үйретті. Кейінгі ғылыми ойының табан тірер тұғыры да осы өмір мектебі болды.

1958 жылы Мәскеу Бүкілодақтық политехникалық институттың энергетика факультетіне сырттай оқуға түскен ол еңбектен қол үзбей білім алды. 1964 жылы «Электр станциялары, тораптары және жүйелері» мамандығын меңгеріп шықты. Бір жағында – күнделікті жұмыс, екінші жағында – күрделі есептер, тынымсыз оқу. Мұндай жолға адамды міндет емес, ішкі мұқтаждық бастайды. Гамил Хожаұлы үшін білім қызмет баспалдағымен жоғарылаудың құралы емес, дүниенің тетігін тереңірек танудың амалы еді.

1959 жылдың қарашасында Қазақ тау-кен металлургия институтына электромонтер болып қабылданған жас маман жоғары мектептегі еңбек сатыларының бәрінен өтті: электрик, бас энергетик, проблемалық зертхананың бас инженері, аға ғылыми қызметкер, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, декан. Бұл – жай ғана атқарылған міндеттер тізбегі емес. Әр сатыда өндірістің қатал талабын, зертхананың дәлдігін, дәрісхананың жауапкершілігін бойына сіңірген маманның қалыптасу шежіресі.

Ол Өмірхан Байқоңыров, Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбеков, А.В. Бричкин сынды ірі тұлғалардың мектебінен өтті. Ғалым өз естелігінде ұстаздарынан жұмыс, ғылым және адамгершілік жөнінде алған тәлімін өмірлік үлгі санағанын айтады. Тіпті, жұбайы Гүлхайырмен неке қию тойын сол кездегі факультет деканы Өмірбек Жолдасбековтің ұйымдастырып бергенін ілтипатпен еске алады. Адамның жадында атақтан бұрын жақсылықтың қалуы – оның өз табиғатын да танытатын белгі. Гамил Хожаұлы ғылымдағы қатал өлшемді адамға деген жылылықпен ұштастыра білді.

1966 жылы күндізгі аспирантураға қабылданып, 1970 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Оның зерттеу өрісі төмен температуралы плазма генераторларын жасау мен сынаудан бастап, оларды электрмен жабдықтау және іске қосу мәселелеріне, электр станцияларының сенімділігі мен тиімділігіне, электр аппараттарындағы доғаның физикалық сипатына, тұтынушыларды электрмен қамту жүйелерінің үнемділігіне дейін созылды. Плазмотрондарды жасап, зерттеп, халық шаруашылығына енгізуге қосқан үлесі үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарына ие болды. Төрт авторлық куәлік – ойдың сызба бетінде қалып қоймай, нақты техникалық шешімге айналғанының куәсі.

Ал, Гамил Хожаұлының өміріндегі айрықша белес Алматы энергетика институтының құрылуымен сабақтас. 1973 жылдың қарашасында ол Қазақ политехникалық институты энергетика факультетінің «Электр станциялары және қосалқы станциялар» кафедрасының меңгерушісі болып сайланды. Екі жылдан соң осы факультеттің негізінде Алматы энергетика институты дербес шаңырақ көтерді. Демек, профессор Хожин жаңа оқу орнына дайын жүйеге қызмет ету үшін келген жоқ; ол сол жүйенің іргесін қаласқан, алғашқы тынысын бірге ашқан буынның өкілі болды.

Институттың 1975-1985 жылдардағы тарихына арналған еңбекте «Электр станциялары және қосалқы станциялар» кафедрасын басқарған тұлғалардың қатарында доцент Г.Х. Хожиннің есімі аталады. 1970 жылы ұйымдастырылған кафедра 1973 жылы алғашқы инженер-электриктерін түлеткен. Автоматтандырылған басқару мен оңтайландыру, релелік қорғаныс пен автоматика, электр станциялары және пайдалану бағыттарындағы зертханалар қалыптасты. Мұндай кезеңде кафедраны басқару – кесте түзіп, сабақ бөлумен шектелмейді. Ол мамандықтың ғылыми арнасын белгілеу, зертханалық негізін бекіту, ұстаздар ортасын ұйыстыру, ертеңгі инженерге қойылатын талапты орнықтыру деген сөз.

1975-1978 жылдары Гамил Хожаұлы АЭИ-дің кешкі және сырттай оқу факультетінің деканы болды. Мұның да уақыт жүктеген өзіндік салмағы бар еді. Өндірістен қол үзбей оқитын азаматқа жоғары білім беру – оның жұмыс тәжірибесін теориямен табыстыру, елге қажет инженерді кәсіпорыннан ажыратпай даярлау болатын. 1975-1976 оқу жылының басында мұндай оқу түрінде 853 студент болса, 1984-1985 жылдары олардың саны 2495-ке жеткен. Осы кең арнаның бастауында Хожин секілді ұйымдастырушы ұстаздардың еңбегі тұрды.

Ол аудиторияға дайын формуланы қайталау үшін емес, инженерлік ойлау мәдениетін қалыптастыру үшін кірді. Электр станциялары мен қосалқы станциялар, энергожүйелердің режимдерін есептеу, электр аппараттары, тарату құрылғылары, станциялардың арнаулы мәселелері – профессор оқытқан пәндердің ауқымы кең болды. Дәріс, зертхана, практикалық сабақ, өндірістік тәжірибе, курстық және дипломдық жоба – оқу үдерісінің әр буынына араласты. Төрт мыңнан астам инженер-энергетикті даярлауға тікелей қатысуы – жай ғана сан емес. Оның ар жағында қалалар мен ауылдарға жарық жеткізген, станциялар мен желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз еткен, ғылым мен өндірісті басқарған мыңдаған тағдыр тұр.

Шәкірттерінің арасынан ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, өндіріс ұйымдастырушылары, энергетикалық кәсіпорындардың жетекші мамандары шықты. Оңдасын Әшімов, Ғұмарбек Дәукеев, Александр Брянцев, Владимир Мұқажанов және өзге де түлектердің кәсіби жолы сол мектептің өрісін танытады. Нағыз ұстаз шәкіртін өз көлеңкесінде ұстамайды; оның бойындағы қабілетті оятып, өз жолына шығарып салады. Гамил Хожаұлының ұстаздық ұстанымының өміршеңдігі де осында.

1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Жоғары оқу бас басқармасында бас маман болуы, 1994 жылы Алматы энергетика институтының электр жабдығы және электр станциялары кафедрасына профессор болып сайлануы, кейін кафедраны басқаруы оның тәжірибесінің бір оқу орнының шеңберінен асып, елдік білім саясатына ұласқанын көрсетеді. 1999-2003 жылдары «Электр станциялары, желілері және жүйелері» кафедрасын басқарған тұста қоғам да, экономика да жаңа арнаға бұрылған еді. Сол өтпелі шақта дәстүрлі инженерлік мектептің өзегін жоғалтпай, оны заман талабымен жалғау оңай міндет болған жоқ.

Ғалым еңбегінің тағы бір бағалы қыры – қазақ тіліндегі инженерлік білім қорын молайтуы. Техникалық терминді ана тіліне аудару – сөз алмастыру ғана емес, сол ұғыммен қазақша ойлайтын маман қалыптастыру. Гамил Хожаұлы дәрістерін қазақ және орыс тілдерінде жүргізіп, оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар әзірледі. 2009 жылы «Электр энергетикасы» мамандығына арналған орысша-қазақша сөздікті жарыққа шығаруы осы мұраттың айғағы. Ғылым өз халқының тілінде сөйлегенде ғана қоғамның терең қабатына сіңеді. Ұлттық тілдің өрісі көркем сөзбен ғана емес, дәл есеп пен күрделі технологияның тілін игеруімен де кеңейеді.

Оның қаламынан жүздеген ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек туды. Бірақ, еңбектің салмағы парақ санымен өлшенбейді. Оқулық студенттің қолына жетіп, күрделі ұғымды түсіндірсе; әдістемелік нұсқау жас оқытушының сабағын жүйелесе; сөздік жаңа терминді орнықтырса – автор еңбегінің шын ғұмыры сонда басталады. Гамил Хожаұлының еңбектері дәрістен зертханаға, есептеу жұмысынан дипломдық жобаға дейінгі тұтас оқу үдерісіне қызмет етті.

1973 жылы Чехословакияның жоғары техникалық оқу орнында дәріс оқып, ғылыми зерттеу жүргізуі оның тәжірибесін халықаралық ортамен сабақтастырды. Ел ішінде ғылыми кеңес мүшесі, энергетика және телекоммуникация жөніндегі оқу-әдістемелік бірлестіктің ғылыми хатшысы, мамандықтар бойынша комиссия төрағасы, сараптама тобының жетекшісі болып қызмет атқарды. 1975, 1976, 1977 және 1995 жылдары қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы болды. Бұл жұмыстар сырт көзге ғалымның негізгі еңбегіне қосымша міндет тәрізді көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, жоғары мектептің сапасы осындай көпке байқала бермейтін, бірақ дәлдік пен әділетті талап ететін істерден құралады.

Ұзақ жылғы еңбек «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі және құрметті қызметкері белгілерімен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі атағымен және өзге де кәсіби марапаттармен бағаланды. Алайда, ұстаз беделінің ең биік өлшемі төсбелгіде емес. Ол – көп жыл өткен соң шәкіртінің өз ұстазын ықыласпен еске алуы; бір кезде жазылған оқулықтың әлі де қажетке жарауы; қалыптасқан ғылыми дәстүрдің кейінгі буын қолында жалғасуы.

Бүгін энергетикалық қауіпсіздік мемлекеттің дербестігімен тікелей сабақтасып отыр. Жаңа қуат көздері, жасыл технологиялар, цифрлық басқару, желілердің тұрақтылығы – атауы өзгергенімен, бәрінің түбінде сауатты инженер мен жауапты ғылым тұр. Гамил Хожиннің ғұмыры бізге өркениеттің игілігін сырттай тамашалау аз екенін ұқтырады: оның тетігін өз қолыңмен жасап, тілін өз ақылыңмен меңгеріп, игілігін елге қызмет еткізе білу керек. Жер астындағы байлық та, сарқыраған су да, соққан жел де білімді адам араласпайынша халықтың ырысына айналмайды.

Тоқсан жыл – бір адамға берілген уақыт өлшемі ғана емес, бірнеше дәуірдің арасын жалғаған рухани көпір. Қарапайым электриктен профессорға дейінгі Гамил Хожаұлының жолында тосын секіріс жоқ; табанды еңбек, үздіксіз оқу, ғылыми адалдық, ұстаздық сабыр бар. Ол баяғыда бір ғимараттың сөніп қалған жарығын жаққан еді. Кейін тұтас бір инженерлік мектептің шырағын маздатты. Енді сол жарық өзі тәрбиелеген шәкірттердің ісінен, жазған кітаптарының бетінен, қазақша сөйлеген техникалық ойдың тынысынан көрінеді.

Ғұмырдың ұзындығын жыл санайды. Ал, оның мағынасын кейінгіге қалған жарық айқындайды. Профессор Гамил Хожаұлы Хожин жаққан ғылым мен білім шамы әлі талай буынның жолын нұрландыра бермек.

Әмитов Ернар Тәңірбергенұлы,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Энергетика және жасыл технологиялар институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор

Кабдушев Болат Жоламанұлы,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here