UIB-дегі «Қаржы және есеп апталығы»: көне монеталардан ACCA халықаралық стандарттарына дейін

0
1695

Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде (UIB) күзгі семестрдің ең маңызды іс-шараларының бірі – «Қаржы және есеп апталығы» ұйымдастырылды. 2025 жылдың 3-14 қараша күндері өткізілген шараға Қазақстанның әр өңірінен келген шамамен 350 студент, оқытушы және қаржы саласының тәжірибелі мамандары қатысты. Апталық бағдарламасында қаржы секторының өкілдері мен шақырылған сарапшылармен өткен кездесулерге айрықша мән берілді.

Кәсіби мамандармен ашық диалог.

Апталық барысында қонақ дәрістер сериясы өткізіліп, ол іс шараның басты ерекшелігіне айналды. Осы кездесулер барысында студенттер банк және инвестиция саласындағы жұмыстың қыр-сырын тікелей тәжірибелі мамандардан білу мүмкіндігіне ие болды.

Қонақ спикерлер қатарында жоғары деңгейлі сала мамандары сөз сөйледі. Олардың қатарында:

  • Эльмира Керимбаева (Қытайдың Сауда-өнеркәсіптік банкі) комплаенс-тәуекелдерді басқарудың негізгі қырларын түсіндірді.
  • Берік Тоғамбаев, жеке инвестициялық қордың инвестициялар жөніндегі директоры, инвестиция тартудың тиімді жолдары жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.
  • Саян Комбаров («Эковатт» ЖШС) экономикалық заңдылықтарға физика тұрғысынан өзіндік көзқарасын ұсынды.

Сондай-ақ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Freedom bank Kazakhstan» АҚ өкілдері студенттермен кәсіби даму және қаржылық сауаттылық мәселелерін талқылады.

Қаржылық тапқырлық сайысы.

Жоғары оқу орындары арасында ұйымдастырылған «Қаржылық данышпан» онлайн-олимпиадасына Алматы қаласымен қоса, еліміздің 12 қаласынан – Астана мен Шымкенттен бастап, Қостанай мен Семейге дейінгі 22 жоғары оқу орнынан 250 студент қатысты.

Олимпиаданың жеңімпазы атанған Қарағанды индустриялық университетінің (Теміртау қ.) студенті Рябчиненко Агата Витальевна пән бойынша өзінің терең білімін көрсетті.

Сонымен бірге «АССА-ға қадам» атты зияткерлік ойын өтті. Финалға шыққан қатысушылар қаржылық және басқару есебі бойынша кешенді есептерді шешті, ал олардың жұмыстарын ACCA қауымдастығы мен аудиторлық компаниялардың өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Бұл күрделі сайыста бірінші орынды Халықаралық бизнес университетінің студенті Рустемов Ануар жеңіп алды.

Уақыттар сабақтастығы.

Монеталар мен банкноттар көрмесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеде КСРО кезеңінен бастап ТМД елдерінің қазіргі валюталарына дейінгі ақша айналымының даму жолы ұсынылды. Бұл аймақтың экономикалық тарихының уақыт өте қалай өзгергенін айқын көрсетті.

Заманауи бағыт: кафедраның инновациялық дамуы.

Өткізілген апталық UIB-дегі «Қаржы және есеп» кафедрасының дамуының стратегиялық бағытын айқын көрсетті. Кафедра 1992 жылдан бері қызмет етіп, қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлауға бағытталған.

Кафедраның негізгі ерекшеліктері мен даму бағыттары:

  • АССА халықаралық аккредитациясы: кафедраның білім беру бағдарламалары сертификатталған бухгалтерлер қауымдастығының (ACCA) стандарттарына толық сәйкес әзірленген. Бұл түлектерге халықаралық біліктілікті алу барысында бірқатар емтихандарды қайта тапсырудан босатылып, кәсіби мансабын жедел бастауға мүмкіндік береді.
  • Тәжірибеге негізделген оқыту: UIB университетінің басты артықшылықтарының бірі оқытушылар құрамымен байланысты. «Есеп және аудит» сияқты бейіндік пәндерден сабақ беретін оқытушылардың 70 пайыздан астамы экономиканың нақты секторында қызмет ететін тәжірибелі мамандар.
  • Заманауи білім беру бағыттары: оқу процесіне бухгалтерлік есептегі IT шешімдер мен бизнес этикасына арналған пәндер белсенді түрде енгізілуде, ал магистрлік бағдарламалар ХҚЕС-ті тереңдетіп оқуға және есептілікті шоғырландыруға бағытталған.

UIB-дағы «Қаржы және есеп апталығы» университеттің академиялық білім беріп қана қоймай, заманауи экономиканың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын кәсіби қоғамдастық қалыптастыратынын тағы да дәлелдеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here