Ұлықталған төл еңбек

0
80

2026 жылғы 8 қазанда Алматы қаласындағы Мемлекеттік тілді дамыту институтында қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуында айрықша орны бар Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің жарық көргеніне 100 жыл толуына орай республикалық ғылыми семинар өтті. Ұлт ұстазының баға жетпес мұрасын дәріптеуге, еңбектің ғылыми маңызын саралауға және қазіргі әдебиеттану ғылымындағы өзектілігін айқындауға арналған басқосуға белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар, тіл мамандары мен жас зерттеушілер қатысты.

1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған іргелі еңбек екендігі сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы бұл кітабында сөз өнерінің табиғатын, әдеби шығарманың құрылымын, көркемдік ерекшеліктерін, әдеби жанрлар мен бейнелеу құралдарын ұлттық таным негізінде жүйелеп көрсетті. Ғалымның әдеби ұғымдарды қазақ тілінде саралап, ғылыми айналымға енгізуі ұлттық терминологияның қалыптасуына да зор ықпал етті. Сондықтан «Әдебиет танытқыштың» жүз жылдығы – бір кітаптың мерейтойы ғана емес, қазақтың ғылыми ойы мен ұлттық әдебиеттануының даму тарихын зерделейтін маңызды белес.

Республикалық семинарды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Әділет Ахмет жүргізді. Жиынның құттықтау бөлімінде филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы Имаханбет  сөз сөйледі. Олар ұлт ұстазының мұрасын зерттеу мен насихаттаудың, оның ғылыми тұжырымдарын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

Семинар барысында отандық ғылымның көрнекті өкілдері жас ғалымдар мен ізденушілерге «Әдебиет танытқыштың» мазмұны мен ғылыми тұжырымдарын, қазақ әдебиеттануындағы орны мен қазіргі зерттеулер үшін маңызын әр қырынан қарастыруға мүмкіндік берді.

Баяндамашылар қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Дандай Ысқақұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Анаркүл Бекмырзақызы Салқынбай болды.

 Семинарға филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы әрі фольклортанушы Алмасбек Ахметұлы Әбсадық, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелеріне арналған монографияның авторы Айсұлу Төреқұлқызы Ойсылбай да қатысты. Олардың ғылыми ізденістері мен зерттеу бағыттары еңбектің теориялық мазмұнын тереңірек түсінуге және оның бүгінгі әдебиеттану үшін маңызын пайымдауға негіз болды.

Бұған қоса, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры Ұлан Оралұлы Еркінбаев «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің құндылығы және қазіргі көркем мәтін пайымы» тақырыбында баяндама ұсынды. Бұл тақырып классикалық ғылыми мұра мен қазіргі көркем мәтінді талдау тәжірибесінің сабақтастығын қарастыруға мүмкіндік береді.

Жиынға Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының магистрі Аяжан Калиоллина да баяндама жасауға қатысты. Жас зерттеушілердің қатысуы Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының жаңа буын ғалымдар тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымда жалғасын тауып келе жатқанын көрсетеді.

Семинар аясында Райхан Сахыбекқызы Имаханбет «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» оқулығы: зерттелуі мен зерделенуі» тақырыбында баяндама жасады. Бұл тақырып еңбектің зерттелу тарихын, ғылыми айналымдағы орнын және оны бүгінгі көзқарас тұрғысынан қайта пайымдаудың өзектілігін қамтиды.

Басқосу бағдарламасы Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет теориясына қатысты тұжырымдарын, ұлттық әдеби терминологияның қалыптасуын, сөз өнерінің табиғатын және көркем мәтінді ғылыми талдау мәселелерін талқылауға бағытталды. Осындай ғылыми кездесулер көрнекті тұлғалардың мұрасын тек тарихи құндылық ретінде танып қана қоймай, оның бүгінгі ғылым мен білім кеңістігіндегі қолданысын да айқындауға жол ашады.

Семинар барысында Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ғылыми мазмұны мен ұлттық танымға негізделген терминжасамдық ерекшеліктеріне айрықша назар аударылды. Баяндамаларда түркілік әліпби дәстүрінің бастауын осы еңбектегі ғылыми жүйелеу ұстанымдарымен сабақтастыра қарастыру, ғалым мұрасының негізгі қуаты білім беру саласымен тығыз байланысты екенін зерделеу мәселелері көтерілді. Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет теориясына қатысты терминдерді халықтың дүниетанымына, ұлттық ұғым-түсінігіне лайықтап қолдануы, күрделі ғылыми ойды аз сөзбен терең мағынада жеткізуі оның танымдық стилін Абайдың ойды ықшам әрі салмақты түйіндеу тәсілімен салыстыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен қатар, ғалым қалыптастырған терминологиялық жүйені бүгінгі тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында кеңінен қолдану, зерттеуші ұсынған пән сөздерін қазіргі ғылыми айналыммен сабақтастыру қажеттігі сөз болды. Әсіресе, білім алушыларды ғылыми ұғымдарды түсінуге және орынды қолдануға баулитын арнайы оқыту мектебін қалыптастыру, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген пән сөздерінің жіктелімін қайта зерделеп, оны қазіргі білім беру үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері өзекті бағыттар ретінде аталды. Бұл пікірлер «Әдебиет танытқыштың» тарихи ескерткіш қана емес, ұлттық ғылыми тіл мен білім беру әдістемесін дамытудың бүгінгі күнге де қызмет ете алатын маңызды қайнар көзі екенін айқындай түсті.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі – ұлттық ғылым тарихындағы маңызды белес. Ғалымның сөз өнерін жүйелеуге, әдеби ұғымдарды қалыптастыруға және қазақ әдебиеттануының ғылыми негіздерін орнықтыруға қосқан үлесі бүгінгі зерттеушілер үшін де құнды. Еңбектің жүз жылдығына арналған республикалық семинар осы мұраны жаңаша зерделеуге, ғылыми сабақтастықты нығайтуға және ұлттық руханиятқа деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды шара болды.

Ұлт ұстазының ғылыми мұрасын зерттеу мен насихаттау – өткенді тану ғана емес, ұлттық ғылымның болашағына қызмет ету. «Әдебиет танытқыштың» ғасырлық мерейтойы осы ойды тереңдете түсіп, қазақ әдебиеттануының бастауында тұрған ұлы еңбектің маңызын тағы бір мәрте айқындайды.

Гүлнұр ТАЖИКОВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
ҚазҰУ-дің 2-курс магистранты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here