Жарты ғасырлық ғылыми мұра және бүгінгі таным

0
329

Көшпенділер өркениеті ұлттың тарихи жадысы мен рухани болмысының алтын арқауының негізі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен Халықаралық ғылыми басқосу осы мұраны заманауи көзқарас тұрғысынан зерделеп, Мұрат Әуезов бастамашы болған «Көшпенділер. Эстетика» монографиясының жарты ғасырлық тағылымын қайта жаңғыртты.

Ғылыми еңбектің қайта жаңғырып, халықаралық деңгейде талқылануы көшпенділер өркениетінің уақытпен бірге құнын жоғалтпағанын көрсетеді. Мұрат Әуезовтің ғылыми мұрасы мен осы басқосуда көтерілген мәселелер ұлттық мәдениетті танудың көкжиегін кеңейтіп, тарихи маңызын айқындай түсті.

Жиында көшпелі өркениеттің тарихи-мәдени маңызы, ұлттық болмысты сақтау және дәстүрлі мұраны бүгінгі заман тұрғысынан зерделеу мәселелері талқыланды. Көшпенділер өркениеті ұлттың өткенін танытатын, оның дүниетанымын, эстетикалық талғамын, табиғатпен қарым-қатынасын және рухани болмысын сабақтастыратын тұтас мәдени жүйе. Осы мұраны терең зерттеу, оның адамзат өркениетіндегі орнын айқындау – бүгінгі ғылымның маңызды міндеттерінің бірі.

Халықаралық басқосу мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ойшыл Мұрат Әуезовтің есімі берілген конференция залының ашылуымен басталды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның ғылыми-мәдени мұрасын ұлықтауға және оның идеяларын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған тағылымды қадам. Салтанатты жиында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа Әуезова, «Көшпенділер. Эстетика» кітабының тең авторы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Асия Мұхамбетова, «Жас тұлпар» қозғалысының өкілі, тарихшы Марат Сембин және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

Германиядан арнайы келген шығыстанушы Зифа-Алуа Әуезова әкесінің ғылыми-рухани мұрасын ұлықтауға арналған басқосудың мән-маңызына тоқталып, көшпенділер өркениетін зерттеудің бүгінгі ғылым мен келешек ұрпақ үшін айрықша өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи мұраны зерделеу ұлттың рухани сабақтастығын сақтап, келер буынға аманаттаудың маңызды жолы.

– Мен өзім шығыстанушы ретінде араб тіліндегі қолжазбаларды зерттеп, осы бағытта бірнеше ғылыми мақала жарияладым. Сондықтан, бүгінгі басқосудың мен үшін маңызы ерекше. Ғылыми мұраның құндылығы – оның сақталуымен ғана емес, жаңа зерттеулер арқылы зерделеніп, кейінгі ұрпақтың танымына жол ашуымен өлшенеді. Әсіресе, көшпенділер мәдениеті мен өркениетіне қатысты зерттеулер халқымыздың тарихи жадысын жаңғыртып, рухани тамырымызды тереңірек тануға мүмкіндік береді. Бүгінгі жастардың осындай ғылыми мұрамен танысып қана қоймай, оның мәнін түсініп, одан тағылым алуы өте маңызды. Өйткені, өткенін таныған ұрпақ қана ұлттық құндылықтарын бағалап, оны болашаққа жалғай алады, – деп атап өтті Зифа-Алуа Әуезова.

Ғалымның бұл пікірі тарихи мұраны сақтау мен оны кейінгі буынның санасына сіңіру арасындағы сабақтастықты аңғартады. Өйткені, мәдени мұраның құндылығы оның өткен дәуірден жеткенімен ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани сұранысына жауап бере алуымен де өлшенеді.

Конференцияның негізгі өзегі – 1976 жылы жарық көрген ««Көшпенділер. Эстетика. Қазақтың дәстүрлі өнері арқылы әлемді тану» атты ғылыми монографияның 50 жылдығы. Мұрат Әуезовтің бастамасымен дүниеге келген бұл еңбек көшпенділердің дәстүрлі өнерін, дүниетанымын және эстетикалық жүйесін ғылыми тұрғыдан зерделеуге жол ашқан маңызды зерттеулердің бірі саналады. Кітаптың жарты ғасырлық белесі тұтас бір кезеңде көтерілген идеялардың өміршеңдігін бағамдайтын уақыт межесі. Көшпелі халықтың мәдениетін тұрмыс-тіршілік шеңберінде ғана қарастырмай, оның өзіндік дүниетанымы мен көркемдік танымын, әлемді қабылдау ерекшелігін зерттеу еңбектің басты маңыздарының бірі. Алайда, кітап алғаш жарық көрген кезеңдегі идеологиялық шектеулер оның мазмұны мен идеяларын еркін таратуға кедергі келтіргені айтылды. Уақыт өте келе тарихи-мәдени мұраға деген көзқарас өзгеріп, еңбекті жаңа буын оқырмандарына қайта таныстыру қажеттігі туындады.

Конференция барысында «Көшпенділер. Эстетика. Қазақтың дәстүрлі өнері арқылы әлемді тану» ұжымдық монографиясының қазақ тіліндегі аудармасы мен орыс тіліндегі жаңа басылымының тұсауы кесілді.

Еңбектің қайта жарық көруі ғылыми мұраны жаңғыртып қана қоймай, көшпенділер мәдениетін халықаралық ғылыми кеңістікте тереңірек танытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Мұрат Әуезовтің ғылыми мұрасын ұлықтап, «Көшпенділер. Эстетика» монографиясының жарты ғасырлық белесін кеңінен зерделеген халықаралық конференция ұлттық мәдениетті танудың жаңа көкжиегін ашты. Бұл басқосу көшпенділер өркениетінің тарих қойнауында қалған құбылыс емес, бүгінгі адамзаттың рухани ізденісімен сабақтас құндылық екенін аңғартты. Жарты ғасыр бұрын көтерілген ғылыми ойдың қайта жаңғырып, жаңа ұрпаққа жол тартуы рухани мұраның өміршеңдігінің белгісі. Көшпенділер өркениетін зерттеу арқылы біз өз тамырымызды танып қана қоймай, қазақ мәдениетінің адамзат тарихындағы орнын айқындаймыз. Өйткені, өз өркениетінің қадірін таныған ел ғана рухани тұтастығын сақтап, болашаққа нық қадам басады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here