Демографиялық дүмпу: Адамға қанша жер керек?

0
11598

Атақты орыс ойшылы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» әңгімесінде адамға берілген нығметтің шегі болатындығын жазады. Қолына қомақты қаржы түскен мұжық Пахомның «шетсіз-шексіз жердің қожасы атансам» деген ашкөз арманы түбіне жетеді.

Иә, Толстойдың түйгеніндей, шын мәнінде адамның мәңгілік тұрағына қажеттісі екі метр жер ғана. Ақиқатында адамға екі метр жер ғана керек болса, ал Жер анаға қанша адам керек? Ғаламшарымыз қанша адамзат баласын құшағына сыйдырып, оны асырай алады?

Әрине, мұндай сұрақтарға бас қатырмаса тағы болмайды. Өйткені, 100 жылға жетер-жетпес уақытта халық саны 6 млрд адамға артты. Бір ғана Үндістанның халқы соңғы 20 жылда 330 млн адамға көбейді. Бүгінде халқының саны ең көп 15 елдің өзінде  5 млрд адам тұрады. Бұл қарқын сақталатын болса, онда 80 жылдан кейін, яғни ХХІІ ғасырдың басында әлемдегі халық саны 11,1 млрд адамға жетеді. Қазір бұл көрсеткіш – 7,8 млрд адам.

Жақында Аустралиядағы зерттеушілер адамзаттың болашағы жайлы жасаған баяндамаларында адамзатқа төнер он қауіптің тізімін көрсетті. Ғалымдар үшінші орынға халық санының күрт өсуінен туындайтын қатерді қойды. Адам санының осылайша қарыштап артқанына экологтар да, экономистер де бас қатырады.

ПАНДЕМИЯ: БИЛЛ ГЕЙТС БІЛІП АЙТТЫ МА?

COVID-19 пандемиясының өршуі – әлем халқының арасында көптеген қайшылықты пікір тудырғаны шындық. Бірі мұны табиғи үрдіс ретінде бағаласа, екіншілерінің қолдан жасалған қысастық екендігіне күмәндары жоқ. Қазіргі уақытта пандемияның әдейі ұйымдастырылғаны жөнінде айтылатын теориялардың ішіндегі ең танымалы – миллиардер Билл Гейтс бастаған Рим клубының теориясы. Клуб мүшелерінің соңғы бес жылда жасаған мәлімдемелері, келтірген дәлелдері індеттің пайда болуын солармен байланыстыруға себеп болды. Сонымен, тілге тиек етіп отырған Рим клубы қандай мекеме? Тұжырымдамасы, бағыт-бағдары қандай? Енді клубтың негізгі сипатына қысқаша тоқталайық.

Рим клубы – іргесі 1968 жылы қаланған ықпалы зор халықаралық ұйым. Клубтың басты теоретигі – итальяндық Аурелио Печчеи. Ұйымға әлемге танымал жүзден аса қайраткерлер, саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мүше. Нақтырақ айтқанда, әлемдік прогресске ықпал ету жағынан құрамына кілең ығай мен сығайлар жиналған «Масон», «Комитет 300»  сынды ұйымдардан еш кем емес. Рим клубының негізгі мақсаттары: 1) Адам тұрмысын жеңілдету; 2) Адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті қалыпқа келтіру; 3) Кедейлікті жою; 4)  Табиғи ресурстарды тұтынуда ысырапшылдыққа жол бермеу; 5)  Атмосфераның ластануын тежеу; 6) Адам денсаулығын нығайту; 7) Адамзаттың демографиялық өсімін қадағалау.

Рим клубының белді мүшесі, «Microsoft» компаниясының негізін қалаған миллиардер Билл Гейтстің 2015 жылы «The Telegram» газетіне берген сұхбатында: «Қазіргі замандағы ең үлкен ғаламдық қауіп ядролық қарулар емес, вирустар болады. Егер бір нәрсе 10 млн-нан астам адамның өмірін жалмаса, онда ол соғыстан да тез жайыла алатын вирусқа айналады. Зымырандардың орнын микробтар басады. Өйткені, ядролық қаруларға көп қаржы жұмсауымыздың салдарынан вирусқа тойтарыс беретін вакциналарға аз қаржы жұмсап келдік», – депті.

Міне, Билл Гейтстің пікірі қазіргі уақытта шындыққа айналғанына көз жеткіздік. Көптеген сарапшылардың пікірінше, коронавирустың пайда болуына америкалық миллиардердің тікелей қатысы бар. Ол өзі құрған «Microsoft» компаниясынан кеткеннен кейін ақшасы мен уақытының көп  бөлігін қайырымдылыққа жұмсаған. Соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру салаларына, климаттың өзгеруін қадағалайтын ұйымдарға қаржы аударып келген.

Америкалық миллиардер 2010 жылы Калифорнияда өткен TED конференциясында қызық баяндама жасады. «Нөлге дейін жаңарту» баяндамасында көмір қышқыл газының шығарындыларын жасанды түрде қысқартуды ұсынды. Бұл миллиондаған, тіпті миллиардтаған адамды ауа жұту құқығынан айыру керек дегенге саяды. Жасаған баяндамасы астарлы сөздерден тұрды деуге тағы келмейді. Миллиардер адам санын қысқарту ниетіне қарсы еместігін былай білдірді: «Бүгінгі таңда (2010 жылды меңзейді) әлемде 6,8 млрд-тан астам адам бар. Бұл көрсеткіш шамамен 9 млрд-қа дейін артады. Енді біз алдағы уақытта жаңа вакциналар үшін денсаулық сақтау саласында көп жұмыс жасасақ, біз бұл сандарды кемінде он немесе он бес пайызға дейін төмендете аламыз». Сөйтіп, ол «әлемді құтқармақ» пейілін айқын аңғартқан болатын.

Рас, әлемді жайлаған індеттің салдарынан барлық инфрақұрылымдар жұмыстарын тоқтатты. Жаһандық экономика құлдырағанымен, экологияның жақсарғанын айтады экологтар. Ауа да тазара бастады. Рим клубының теориясынша, бұл – «әлемді құтқару», Билл Гейтсше, «көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту» болып табылады.

АДАМҒА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ЖЕТЕ МЕ?

2018 жылы әлемдік ғалымдар қауымдастығы «Табиғаттың тұрақтылығы» журналында зерттеу қорытындысын жариялады. Ғалымдардың есебі бойынша, Жердің ресурсы ең төменгі деңгейде 7 млрд адамды асырауға ғана жетеді екен. Бірақ, сол жылдың өзінде-ақ адамзат баласының саны 7,6 млрд еді. Зерттеушілердің пікірінше, өмір сүрудің жоғары деңгейіне жетуге деген ұмтылыстың ақыры қоршаған ортаның құлдырауына әкеледі.

Жер бетіндегі адам санының артуын шектеу – анығында жаңа теория емес. ХVIII ғасырдың соңында ағылшын дін қызметшісі әрі ғалымы Томас Мальтустің «Демократия туралы тәжірибе» атты еңбегі осы теорияның қайнар көзі болды. Мальтустің еңбегі әлемдегі біршама демографтардың санасын дүр сілкіндірді. Мальтузианизм деп аталатын тұжырымдаманың мәні – адам санының тамақ өндірісіне қарағанда тез өсіп жатқандығында.  Табиғи ресурстардың жетіспеушілігі кедейлікке, ашаршылыққа, әлеуметтік жанжалдарға, соғыс пен геноцид сияқты қасіреттерге себепші болады. Ал, бұл қасіреттер өз кезегінде жер бетіндегі адам санын реттеуде өзіндік жетекші рөл атқарады.

ХІХ ғасырда адамзаттың өзін-өзі толықтай асырауына деген дәрменсіздігі жүк кемелерінің тасымалдау қабілетінің төмендігінен және жан басына шаққанда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігінен көрінді. Жайылымдық жерлердің ауданы мал басын көбейту үшін барлығын бірдей азық-түлікпен қамтамасыз етуге тарлық етті. Әрине, осыдан кейін ХХ ғасырдың орта тұсында аталмыш қауіп туралы алаңдаушылықтар айтыла бастады. Мысалы, эколог Уильям Вогт: «Жерді шамадан тыс пайдаланудың ақыры топырақ құнарының сарқылуына, демографиялық апаттың болуына әкеледі», – деп имандай сенген.

1972 жылы Рим клубының сұранысымен «Өсу процесінің шегі» атты қоғамдық резонанс тудырған есеп шықты. Оның авторлары қазіргі өсу қарқынында индустрияландыру, қоршаған ортаның ластануы, азық-түлік өндірісі мен табиғи ресурстардың сарқылуы сияқты факторлар адамзат өркениетінің жүз жылға құлдырауына себеп болатынын тұжырымдады. Бұл теорияға сенсек, бірінші кезекте адам саны 10-12 млрд-қа дейін артады. Осыдан кейін ашаршылық пен алапат соғыстың салдарынан демографиялық өсім күрт 1-3 млрд-қа дейін төмендейді.

Баяндама авторлары тығырықтан шығудың бірнеше жолын қарастырып көрген. Солардың ішіндегі ең дұрыс деп қабылданатыны – бала туу үрдісін бақылау мен шектеу. Қалғанының барлығы жантүршіктірерлік жолдар деп есептеледі. Бұл ретте америкалық профессор Деннис Медоуз жердің популияциясын 8 млрд деңгейінде сақтап қалу теориялық тұрғыдан мүмкін деп топшылайды. Өйтпеген жағдайда ғаламшардың экожүйесі мен ресурстары адам өмір сүруінің тұрақты тіршілігін қамтамасыз ете алмайтын көрінеді.

МАЛЬТУС БОЛЖАЙ АЛМАҒАН БОЛАШАҚ

Қазірде жер бетінде шамамен 7,8 млрд адам тұрады. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2030 жылға қарай 8,5 млрд адамға, 2050 жылға қарай 9,7 млрд адамға жетпек. Бұл сандар туралы Мальтус айтпағанымен, «Өсу процесінің шегі» баяндамасының авторлары ескерткен.

Адам санының күрт өсуі ХХ ғасырда орын алды. Екі бірдей жаһандық соғыс пен пандемияға («испандық тұмау») қарамастан, өткен ғасырда әлем халқының саны 3,7 есеге өсті. Сондай-ақ, біздің жаппай аштыққа ұрынғанымыз да шамалы. Адамзат жаппай ашаршылық қаупін сейілтіп, шешімін таба алды. Жайылым да, мал басы да жеткілікті. Керісінше, экологтардың атмосфераға парниктік газдардың шығарындыларын азайту және жаһандық жылынуды тоқтату үшін олардың екеуін де азайтуға шақырған үндеулері күшейе түсуде. Ал, ғылыми зертханаларда табиғи етті алмастыра алатын жасанды ет жасау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

«Томас Мальтустің заманынан бері әлемдік қауымдастық Жердің тарылуына алаңдап, «барлығына бірдей тамақ жете ме» деп уайым жеді. Тамақ көп. Адамның калорияны тұтыну деңгейі тек он жылдық сайын ғана өсіп отырады», – дейді Колумбия университетінің профессоры Мэто Коннелли.

ХVIII ғасырдың соңында Мальтус көрген ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің деңгейі қазіргімен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Мальтус өз заманында ХХІ ғасырдың технологиялық тұрғыда қаншалықты дамитындығын елестете алмады. Мальтус қана емес, оның ізбасарлары да болашақты болжауда көрегендік танытпады. Олар әлеуметтік өмірдің жақсаруынан және табиғи ресурстарды молынан пайдаланудың әсерінен адам қоян сияқты тез көбейетін мақұлыққа айналатынына сенді. Бірақ, қазір көріп отырғанымыздай, өмір сүру деңгейінің артуы демографияның өсуіне кепілдік бола алмайды. Керісінше өмір сүру деңгейінің артуы өсімге емес, туу деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Адамзат өркениеті адам санын реттеуші механизм саналып келген аштықпен де, эпидемиямен де күресудің жолдарын тауып келеді. Әйткенмен, кейбір елдер ерікті түрде бала санын көбейтуден шектеле бастады. Мәселен, тұрмысы бақуатты саналатын Еуропада қазірдің өзінде туу коэффициенті 1,6-ны құрайды. Халық санының өсуі үшін бұл көрсеткіш кемінде 2,1-ден төмен болмауы шарт. АҚШ-та, Жапонияда, Қытайда және Оңтүстік Американың бірқатар елдерінде туу деңгейі айтарлықтай төмен. Ал, ашаршылық пен дағдарыстан, соғыстан көз ашпай келе жатқан Африкада туу деңгейі әлі де болса жоғары. Мәселен, Нигерия туу көрсеткішінің жоғары шкаласында тұр. Туу коэффициенті – 6,5. Соңғы 10 жылда елдің халқы 50 млн-ға артқан. Бүгінде елде 205 млн халық тұрады.

Оттава университетінің доценті Рейват Деонандан: «Қоғам неғұрлым бай болса, балалар соғұрлым дүниеге аз келеді. Бұл – демографияның заңы», – дейді.

Қазір кедейлік деңгейі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейде төмен. Болашақта кедейлікпен күресте бұдан да үлкен табыстарға қол жеткізеріміз анық. Оған халық санының өсуінің баяулауы және азаюы әсер етеді.

Бар мәселе адам санында емес, олардың азық-түлікті қаншалықты тұтынатындықтарында. Шетелдік мамандардың саралауынша, ет өндірісі қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Әл-ауқаты көтерілген әрбір адамның көбірек құнарлы тағам жегісі келетіні бесенеден белгілі. Осылайша, уақыт өте келе адам саны қайтадан азаяды. Бірақ, солардың әрқайсысы табиғатта көміртек ізін қалдырады.

Егер бақуатты елдердің тұрғындары тамақты тартына жесе, мәселе шешілуі мүмкін. Алайда, әлеуеті жоғары отбасылардың өз ризықтарын көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға жырып беруі екіталай. Бұл тек теория ғана болып қала берер.

Рейван Деонанданның пікірінше, қазіргі америкалық орта таптың жағдайында өмір сүру үшін жер бетінде 2 млрд қана адам қалуы тиіс. Ал, қарапайым деңгейдегі еуропалық өмір сүру үшін 3 млрд қана адам болу қажет. Бірақ, еуропалықтарға экологиялық жүктемені азайту үшін экологиялық тәртіпті қатаң сақтау керек.

ХХІ ғасырдағы демографтардың басым бөлігі келесі онжылдықта әлем халқының өсімі шыңырау шыңына жететінін алға тартады. Шыңға шыққан сандар сосын құзға құлдырайды. Орташа есеппен 2050 жылға қарай ең жоғарғысы 9 млрд болса, ғасырдың аяғында 8 млрд адам.

Айта кетерлігі, ғасырдың орта тұсында тағы бір демографиялық мәселе туындамақ. Өмір сүру сапасының жақсаруынан қамқорлық қажет ететін қарттардың үлесі айтарлықтай артады. Дегенмен, ғалымдар адамзат алдағы уақытта бұл мәселенің де шешімін табатынын айтады.

ҒЫЛЫМ АДАМЗАТТЫ ҚҰТҚАРА МА?

Ресей жаратылыстану академиясының академигі, профессор Исхан Магомедов қазіргі ғылымның дамуы адамзат өркениетін қамтамасыз ете алатынына сенеді.

«Жұртшылық арасында «Жер 10 млрд адамды асырай алмайды» деген қате пікір бар. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуымен және ғаламда орнаған бейбітшіліктің арқасында 50 млрд адамды асырай алады. Тек ол үшін ресурстарды әділетсіз бөлуді шешу қажет. Қазір 6 млрд адам барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Қалған бөлігі күнкөріс деңгейінде ғана өмір сүріп келеді. Біз тұтынушы қоғам философиясынан арылып, ақылға қонымды қоғамдық қатынасқа көшуіміз керек», – деп санайды ресейлік профессор.

1925 жылы орыстың көрнекті ғалымы Владимир Вернадский адамзаттың автотрофизм тұжырымдамасын ұсынды. Онда ол өз бетінше жұмыс істейтін өркениет пен жасанды экожүйелер құру туралы айтады. Олар биосферадан және табиғи қиындықтардан тәуелсіз болады.  Вернадский бірінші кезекте – егіншіліктің дамуын, жануарлар мен өсімдіктердің өсірілуін қарастырады. Екіншісі – жасанды тамақ жасау. Үшінші кезең – арнайы берілген қасиеттері бар өсімдіктердің жаңа түрлерін шығару. Төртіншісі – энергетика мен тамақ өнімдерін өндірудегі қиындықтарды шешу үшін жасанды фотосинтезді кеңінен қолдану. Бұл кезеңге өткенде адам баласы климаттың өзгеруін бақылап, жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерін пайдалана алады.

Мальтустің теориясы бойынша, адам санының өсуі геометриялық прогресспен, ал тамақ үшін қажетті ресурстар арифметикалық прогресспен ғана өсуде. Бұл ретте, Вернадскийдің тұжырымдамасы адам ойлау қызметі мен эволюцияны жеделдеткеннің арқасында өзінің дамуын қамтамасыз етуге қабілетті деп болжады.

Қазіргі ғылымның дамуы мен сипаты Вернадскийдің пікірін растап отыр. Ғылымның қарыштап дамуы Жердің тіршілікті қамтамасыз ету ресурстарының мол екендігін көрсетеді. ХХІ ғасырдың басында жаңа пән – Синтетикалық биология пайда болды. Синтетикалық биологияның мақсаты – адамзатқа қажетті барлық тамақ пен энергияны беретін жасанды биологиялық жүйе даярлау.

2050 жылға қарай жер бетіндегі астық өндіруді кем дегенде екі есеге арттыру қажет деген болжам бар. Бүгінде бір гектар күрішпен 27 адамды тамақтандыруға болады. Егер мұны арттырмаса, ғасырдың ортасында бір гектар күрішпен 43 адамды тамақтандыруға мәжбүр боламыз. Мұның бәрі жердің бірлігіне шаққанда еңбек өнімділігін арттыруды, су мен минералды ресурстарды тиімді пайдалануды талап етеді.

Ресурстардың шектеулі болатындығы анық. Жақын уақытта еуропалық елдердің көпшілігі азық-түлік өндірісін ұлғайта алмайды. Оған себеп аталмыш жердегі негізгі дақылдар өздерінің биологиялық өнімділігінің әлеуетін сарқып алған. Сондай-ақ, Азияның жетекші елдерінде де күріштің өнімділігі шарықтау шегіне жеткен.

Болашақта егіншілікті жаңа деңгейге көтеру үшін ғылымның көмекке келетіні түсінікті. Егіннің өнімділігі – күн сәулесінің, судың, тыңайтқыштардың мөлшеріне, тұқым сапасына тікелей байланысты. Азық-түлікке деген әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін өсімдіктердің фотосинтезінің тиімділігін арттыру қажет. ХХ ғасырда кеңес ғалымы Анатолий Ничипорович өсімдіктердің фотосинтетикалық өнімділігінің теориясын жасады. Егер оның теориясы жүзеге асып, селекцияның жаңа әдістері пайдаланылса, болашақта ауыл шаруашылығы 10 млрд-тан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алады.

Ондаған жылдар бойы генетикалық және физиологиялық әдістерді қолдану арқылы өсімдіктердің өнімділігін қалай арттыруға болатыны туралы зерттеулер жүргізілді. Фотосинтезге жауап беретін гендердің орнын басу арқылы олардың жаңа түрлерін жасау ең табысты жол болып саналады. Көміртекті өсімдіктермен байланыстырудың негізгі үш әдісі бар. Ең тиімдісі – С4 фотосинтезін қолданатын өсімдіктер. Қазір түрлі елдерде С4 күрішін өндіру жұмыстары жүргізілуде және осыған ұқсас зерттеулер бидайға да жасалынып жатыр.  Ғалымдардың пайымдауынша, С4 күріші Азияда нөмірі бірінші өнім болып саналатын өнімге деген тұтынушылардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алады. Егер күрішке ақуыз синтезін қамтамасыз ететін гендерді енгізсе, күріштің сапасы артады.

Азық-түлік қауіпсіздігі үшін бірегей және маңызды өсімдік – амарант. Оның құрамында сапалы ақуыздар, майлар мен көмірсулар бар. Амаранттың генінің арқасында өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға болады.

АДАМ САНЫН ШЕКТЕУ МҮМКІН БЕ?

ХІХ ғасырдан бастап Батыс елдерінде туу деңгейін төмендету идеясы пайда болды. Бұл идеяны олар қалай жүзеге асырды? Қазір не істеуде?

Билл Гейтстің вакциналардың көмегімен адам санын қысқартуға деген ұмтылысы талқыға көп түседі. Оның іске асу барысы шын мәнінде өте қарапайым деседі. Ол үшін ұрықтандыруға қарсы арнайы вакцина жасалған көрінеді.

«1972 жылдан бастап ұрықтандыруға қарсы вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басым бағыттарының бірі болды. Бағдарламаны жүзеге асыруға Рокфеллердің қоры ықпал етеді. Мұндай вакцина дайындаудың негізгі мақсаты – үшінші әлем елдеріндегі халық санын реттеу», – деп жазады ресейлік әскери микробиолог Михаил Супотницкий. 

Алайда, бірқатар зерттеушілер үшін бұл да шешілмейтін түйін емес. 1950 жылдары америкалықтар Орталық Американың кедей елдерінде гормональді контрацептивтерді бастан кешірді. Анықталған күрделі асқынулар АҚШ-та және тағы да басқа аймақтарда тіркелді. Осы оқиғалар мен сынақтардың қозғаушысы Маргарет Сэнгер болды. Феминист популияцияның өсуі мен евгеника туралы идеяны ұстанды. Маргаретпен көптеген зиялы қауым мен саясаткерлердің, қаржыгерлердің пікірлері бір арнаға тоғысып жатты. 1934 жылы ол КСРО-ға тууды бақылау саясатын насихаттау үшін арнайы келді. Осыдан кейін елдегі 1930 жылдардағы ашаршылықтың зардаптары жойылды. Сталин мұның мәнісін жете түсіне қоймады. Бұл жағынан ол Гитлерге жете алмады.

Қоғамды ақыл-есі дұрыс емес адамнан тазарту саясаты фашистік Германияда ғана болған жоқ. Сонымен қатар, АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде белсенді жүргізілді. Көбінесе қарапайым адамдар хирургтың пышағына ілігіп жатты. Мұндай процесстер қазірде ашық түрде жария етіледі. Бірақ, мұндай евгеникалық саясат (тұқым қуалаушылықты реттеу) салауатты ұлтқа кепілдік болған жоқ. Әлсіз гендер әлі де өмір сүреді. Сондай-ақ, қандай әрекет жасаса да, тұқым қуалайтын аурулары бар адамдардың көзін құртқанымен, қайтадан тез арада бұрынғы деңгейіне оралады.

Адам арасындағы «климаттық соғыс» қаншалықты шынайы? Немесе табиғаттың барлығын өзі реттейтіні рас па?

«Днестр-Прут» ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі, демограф Игорь Белобородов: «Жердің шектен тыс толып кетуі – бұл аңыз. «Қарсылас» елдердің күшін әлсіреткісі келетіндердің оң жамбасына ыңғайлы келетін желеу. АҚШ және басқа да елдер әлемде мүмкіндігінше бала тууды қамтамасыз етуге арналған агрессивті демографиялық саясат жүргізіп келеді. Өйтпегенде, оның бақылауынан тысқары қалған кейбір мемлекеттерде «ұнамсыз» басшылар билікке келеді. Сол сәтте «әлем шеберлеріне» процесті бақылау қиынға соғады. Егер бұрын БҰҰ адамзат ХХ ғасырдың аяғында 12 млрд-қа жетеді деп болжаған болса, қазір олардың пікірінше, ХХІ ғасырдың аяғында бізді жаһандық депопуляция күтіп тұр. Қазірдің өзінде жүзден астам елде халық саны азайып келеді. Шындығына келгенде, мәселе мүлде басқаша. Ғаламшардағы адамзаттың аздығы. Жер үшін 12 млрд адамның саны қауіп тудырмайды. Сондай-ақ, урбанизацияның әсерінен көптеген елді мекендердің қаңырап бос қалып жатқанында мысалға келтіруге болады», – деп санайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Саралай келе, «әлемді құтқармақ» ниеттегі тұлғалардың мақсаты Жерді, адамзатты сақтау болмаса керек. Түптеп келгенде, ғаламшардың игілігін күллі адамзаттан қызғану, бар нығметті белгілі бір қауымға беру ниеті жасырынып жатыр. 

Жайылымдық жердің шұрайлысын өзгеге қимай, әліне қарамай желіккен Пахом мұрнынан қан кетіп өлді.  Ал, мальтузианистердің ақыры не болмақ? Әрине, бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес. Оны уақыт көрсетеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here