Қазына-ғұмыр

0
2065

Ертеде өткен бір ғұламадан «Пенденің бұл жалғанға келгендегі мақсаты не?» деп сұраған екен. Сонда көпті көрген данагөй: «Бұл өмірге келген әрбір адам баласының үш түрлі міндеті болады. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, әулет санын көбейту, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу, үшіншісі – ілім-білім жинап, халқына қызмет ету» деп ғибратты сөз қалдырып кетсе керек. Әрине, ұстаз болу – кез келген адамның пешенесіне жазыла бермейтін бақыт, игілігі мол іс. Дегенмен, өмірден түйгенін өзгеге үйретіп кетсе ұстаздықтың басты философиясы – осы. Бұл тұрғыдан алғанда біз сөз еткелі отырған ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазна Аймағамбетқызы өзінің азаматтық парызын абыроймен орындаған жан деп ой түюге болады. Ол ұрпақ өсірді, ол ғибратты ғұмырында жас буынды тәрбиеледі, ол отандық педагогика саласында өзіндік дара қолтаңбасын қалыптастырды.

Өмірі – өнеге, ісі – ізгі Қазна Аймағамбетқызының жүріп өткен жолы кез келген жан үшін үлгі-өнеге деп білеміз. Осы орайда еске түседі. Қазақта «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген ұлағатқа айналған ұғым бар. Расында да, педагог – адам тәрбиешісі, кез келген жанның тағдыр талайына жазыла бермейтін ерекше мамандық. Ұстаз жолы – ғибратты жол. Ұстаздықтың ұлы жолында қажырлы қызмет қылған адам ғана биік белесті бағындыра алады. Бұл тұрғыда еңбегі – ерен, қызметі – қыруар Қазна Аймағамбетқызының өскелең ұрпақты өресі жоғары азамат қылып тәрбиелеп, ізденіс пен талапқа негізделген мәртебелі мамандықтың абыройын арттыруға қосқан үлесі, қазақ ғылымының дамуына сіңірген еңбегі ауқымды.

Ұлағатты ұстаз 1957 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін үздік бағамен тәмамдайды. Ұлтымыздың небір жайсаң азаматтары мен біртуар перзенттері білім алған қарашаңырақты бітіргеннен бері үздіксіз ұстаздық қызметпен айналысып келеді. Әсіресе, ұстазымыздың Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты қабырғасында еңбек еткен жылдарында көптеген ілкімді істер бастау алды. 1961 жылы кіші ғылыми қызметкерліктен бастаған ол әр жылдары аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі сынды қызмет сатыларынан өтіп, басқарушылық қарым-қабілетімен танылды. Бұның барлығы да тынымсыз еңбек пен қажырлы жұмыстың арқасында жеткен жетістіктер еді.

Жас маман институттың қым-қуыт жұмыстарымен қатар, ғылыми ізденістерін де жүйелі жүргізе білді. Соның нақты айғағы ретінде 1968 жылы белгілі ғалым Б. Мұхановпен бірлесіп «Табиғаттану» оқулығының жазылуы еді. Бұл – елімізде осы сала бойынша тұңғыш рет жарық көрген оқулық болатын.

Білім мен ғылымға біржола ден қойған Қазна Аймағамбетқызы 1970 жылы Ташкент қаласында кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. Ғалымның тырнақалды бұл еңбегі қазақстандық педагогика саласына қосылған қомақты үлес болғандығы саладағы білікті мамандар арасында мойындалды. Кеңінен қолдау тапты.

Аймағамбетқызы 1970-1980 жылдар аралығында Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім бөлімін басқара отырып, Қазақстандағы білім беруге байланысты қайта құру мәселелері мен жүйелі реформалауға белсене атсалысты. Атап айтқанда, ол баланы алты жастан бастап мектепте оқыту, төрт жылдық бастауыш мектепте оқытуға көшу, шағын кешенді мектептердегі педагогикалық үрдіс мәселелері сынды өзекті бастамаларды көтерді. Ұсыныс білдіріп қана қоймай, аталған жаңашылдықтарды нақты іс жүзінде жүзеге асуына ықпал етті. Осы кезеңде Қазна Аймағамбетқызы республиканың барлық аймағындағы мектептердің оқу-тәрбие мәселесін жете зерделеп, педагогикалық қауымдастықпен қоян-қолтық жұмыс істей білді. Білім беру саласының майталман маманы ретінде мұғалімдердің мәселесін жан-дүниесімен сезіне білді. Қазақ мектебінің жай-күйі, педагогика саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды қамтыған көкейтесті мақалалары баспасөз беттерінде тұрақты түрде жарық көрді. Сондай-ақ, осы аралықта ғалым-педагогтің авторлығымен көптеген әдістемелік құралдар мен бастауыш сыныпқа арналған оқулықтар шықты.

Қазна Аймағамбетқызының еңбек жолы 1980 жылдан бастап қазақ қыздарының шамшырағына айналған парасат мектебі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында жалғасын тапты. Білікті маман 1984 жылдан бастап ордалы оқу орнының Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім факультетінің деканы қызметін атқарды. Декандық қызметінде көптеген игілікті істерге ұйытқы болғандығын шәкірттері, педагогикалық жоғары оқу орнының ардагер-ұстаздары әлі күнге дейін айтып келеді. Атап айтқанда, Қазна апайдың тікелей бастамасымен өзі басқаратын факультеттегі жұмыс барысы жаңаша құрылып, студенттердің «өзін-өзі басқару» жүйесі енгізілді. Бұл бастама кейіннен бүкіл институт көлемінде таратылды. Ол басқарған жылдары факультеттің ғылыми әлеуеті артты, оқытушылардың жарық көрген ғылыми еңбектерінің саны едәуір көбейді. Алты жылдың ішінде факультет оқытушыларының ғылыми дәрежесінің көтерілуі 90 пайызға жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді.

Қазна Аймағамбетқызы оқу орнында басшылық қызметтерді атқара жүріп, өзінің ғылымдағы ізденістерінен бір сәтке де қол үзген жоқ. Ол 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша шығарылған жаңа буын мектеп оқулықтарының негізгі авторларының бірі болып табылады. 2002 жылдан бастап орта білім жүйесінің 12 жылдыққа көшуіне байланысты бастауыш сыныптарда жүргізіліп жатқан реформаны іске асыруда ерекше белсенділік танытты. Ұстаздың авторлығымен көптеген оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдары мен монографиялар жарық көрді. Іргелі ғылыми еңбектерінің ішінде шоқтығы биіктерінің қатарында 1-4 сыныптарға арналған «Қоршаған дүние» оқулығы, «Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқытудың теориялық негіздері» атты монографиясы, «Дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» оқулығы, «Дүниетану негіздері» және «Дүниетану теориясы мен технологиясы» атты оқу құралдары бар. Қазна Аймағамбетқызының бұл оқулықтары арқылы талай өскелең ұрпақ тәрбиеленді. Ғалымның бұл еңбектері арқылы талай буынның бойында   ұлтжандылық, патриоттық, қоршаған ортаға жанашырлық сезімдері қалыптасты. Ұстаздың бұл ізденістері шын мәнісінде Тәуелсіз елдің жаңаша ойлайтын ұландарының пайда болуына ықпал етті. Осы ретте астын сызып өтетін жайт, Қазна Аймағамбетқызының авторлық бірлестігімен шыққан «Айналамен таныстыру», «Табиғаттану», «Дүниетану» оқулықтары 55 жыл бойы еліміздің қазақ, орыс, ұйғыр мектептерінің бастауыш сыныптарында үздіксіз қолданыста болды.

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деп адамзаттың ақылманына айналған Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Тек ұстаздың арқасында ғана тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Алаштың ұлы ақыны, халқымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті», – деген дана сөз айтқан. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Бұл тұрғыда Қазна Аймағамбетқызы өзінің кәсіби міндетін адалдықпен орындай білді десек артық айтқанымыз емес.

Біздің кейіпкеріміз 2001-2010 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ұстаз-ғалым ғасырлар тоғысында қазыналы қарашаңырақ қабырғасында білім мен ғылымды өркендетуге елеулі еңбек сіңірді. Бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, өзіндік дара мектебін қалыптастырды. Ұлағатымен, адамгершілік қасиеттерімен шәкірттері мен әріптестерінің шынайы құрметіне бөленді.

Қазна Аймағамбетқызының жетекшілігімен үш ғылым докторы, отызға жуық ғылым кандидаты даярланды. Бүгінде олар отандық жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелері мен түрлі білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүр.

«Біз бүгінгі күннің, жаңа заманның талаптары мен үрдістеріне әрдайым сай әрі дайын болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу, үнемі өзіңді жетілдіру басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін педагогтер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің болашақтағы шәкірттеріңіз – еліміздің жарқын болашағы, ұлттың келешегі», – дейді ғалым-ұстаз Қыздар университетінде білім алатын болашақ мұғалімдермен кездескен сайын.

Университет түлектері қанша уақыт өтсе де, Қазна Аймағамбетқызының ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, білікті басшы ретінде өмірлік берген бағыттарын әсте жадынан шығарған емес. Бұл – ұстаз еңбегінің ақталғаны деп пайымдаймыз.

Осындай тұлғаларды өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу, өнегелі өмір жолдары мен ғибратқа толы ғұмырларын жастарға үлгі ету – жас буынның білімге, ғылымға, кәсіби маман болуға деген ынта-ықыласын оятуға тың серпін болады деп ойлаймыз.

Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шырақшысы. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген философиялық тәмсіл осыны меңзесе керек. Қазна Аймағамбетқызы әйел ретінде, ана ретінде отбасының алтын діңгегі ретінде шаңырағындағы бақыттың қайнар бастауы бола білді. Оның төзімділігі, азаматқа тән қайсарлығы баршамыз үшін өнеге һәм үлгі.

Қазна Аймағамбетқызының білім беру мен ғылым салаларындағы ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Ұлағатты ұстазымыз марапат пен атақтардан кенде емес. Ол «Қазақ ССР Оқу ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, «Құрмет» орденімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ұлағат» алтын медалімен марапатталды. Сонымен қатар, ғалым-ұстаз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасының», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағының және «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. Бұдан өзге де түрлі деңгейдегі наградалары жетіп артылады.

85 жасқа толып отырған Қазна Аймағамбетқызы – отандық педагогика ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

Келешегі кемел, болашағы баянды ел құруда қабілеті мен қарымы, біліктілігі мен тәжірибесі мол Қазна Аймағамбетқызы сияқты мемлекетшіл азаматтардың болуы зор мақтаныш, үлкен абырой.

Мектеп мұғалімдігінен басталған еңбек жолыңыз бен бүгінгі жеткен биік белесіңіз әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізге үлгі-өнеге. Сізден тәлім мен тәрбие алған қаншама маман жас буынды ұстамдылыққа, ұлтжандылыққа үйретті. Білімді ұрпақ пен мықты мемлекеттің кепілі болатын өскелең жасқа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі Сіздің қызметіңіздің маңызы һәм өміршеңдігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екендігі белгілі. Сіздің ұлтымыздың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегіңіз бен кейінге қалдырған рухани мұраңыз әлі де талай жандар үшін шамшырақ болатынына кәміл сенімдіміз.

Ұстазымызға мерейлі жасына тағы да ұзақ ғұмыр тілей отырып, жеткен жетістіктерінің барлығы – еткен еңбегінің жанғаны деп білеміз.

Ұлт болашағы үшін жасаған, әлі де жасап келе жатқан қызметіне толағай табыс, деніне саулық, отбасына баянды бақ-береке тілейміз!

Сайра ЖИЕНБАЕВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, шәкірті

Тұрсынай БАЙНАЗАРОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., шәкірті

Роза НАБУОВА
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., шәкірті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here