ҚазҰУ-да Эдхам Тенишевтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

0
1187

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, лингвист-түрколог, моңғолтанушы, филология ғылымының докторы, профессор, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Эдхам Рахымұлы Тенишевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Э.Р.Тенишев әлемі: ғылымдағы ғұмыр» атты халықаралық конференция басталды. Шараға шетелдік және қазақстандық белгілі ғалымдар, лингвистер, түркітілдес елдер ғылыми қоғамдастығының өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысуда.

Конференция жұмысы түркітанушы ғалым еңбектерін ғылыми тұрғыда саралауға және оның бай мұрасын зерттеудің басым бағыттарын айқындауға бағытталған.

Алқалы жиын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бейнеқұттықтауымен ашылды. «Эдхам Рахымұлы – көне түркілердің тарихи жадын қайта жаңғыртуға, бір ата тілден тараған түркітілдестердің тұтастығын зерттеуге мол еңбек сіңірген ғалым. Әлемдік ғылыми орта Эдхам Тенишевті түркілер тарихын түгендеуде  салыстырмалы  зерттеулер жүргізуді  жүйелеп кеткен ғалым ретінде жақсы біледі. Тіл ғылымының түркология саласында өзіндік зерттеу мектебін қалыптастырған ғалым-зерттеуші түркілер өркениеті мен жазба тарихының тым әріден бастау алатынын дәлелдеп берді», – деп атап өтті университет басшысы.

Жиында сөз алған филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова ғалымның өмірі, ізденіс пен білім жолына тоқталды.

Сондай-ақ  пленарлық отырыста Еларалық Түркі академиясының сарапшысы, PhD докторы Нурдин Усеев (Қырғызстан), Назарбаев университетінің профессоры, АҚШ-тағы түркітанушылар қауымдастығының президенті Юлай Шамильоғлы, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Ерболат Саурықов, профессор Ерден Қажыбек, PhD докторы, профессор Сүйер Экер  (Башкент университеті, Түркия), Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры  Валерий Махпиров баяндама жасап, Эдхам Тенишевтің ғылымға қосқан үлесі мен жастарға берген өнегесі хақында мол мағлұмат берді.

Көрнекті ғалым көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін саралап, құпиясына үңілді. VI-VIII ғасырларда Орхон-Енисей-Талас жәдігерліктерінің тілі Жетісу, Алтай, Орта Азияда өмір сүрген оғыз, қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ тайпаларының ортақ жазба тілі болғанын дәлелдеді. Бұл ескерткіштердің тілі бірнеше дәуірлік тарихы бар, «жасанды жазба тіл» деген термин ұсынған да Э.Тенишев болды. 

Ол 200-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектер, оның ішінде 15-ке жуық  ғылыми монография, сөздік,  жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтар жазды. 20 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидатына жетекшілік жасады.

Сонымен қатар жиылғандар түркітанушы-лингвист мамандарды даярлауда ғалым қалдырған іргелі еңбектер  жаңа зерттеулерге негіз болатынына мән берді. Пленарлық отырыстан соң конференция секциялық отырыстарға ұласты.

Ауқымды шараны ҚазҰУ-дың түркітану және тіл теориясы кафедрасы Хаджеттепе университеті, Халықаралық түркі академиясы, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті, Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, Фараби Еуразия ғылыми зерттеулер орталығы және Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірлесе ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here