Дәстүрлі Түлектер күні аталып өтті

0
1602

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жылдағы дәстүр бойынша Түлектер күнін атап өтті. Университеттегі іс-шара ҚазҰУ түлектері қауымдастығы Президиумының отырысынан басталды. ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті Қайрат Мәми құттықтау сөз сөйлеп, елімізде болып жатқан саяси өзгерістер мен демократиялық қайта құрулармен қатар Түлектер қауымдастығының да қызмет аясы кеңейе түсетінін айтты.

«Қауымдастық бұған дейін шәкіртақы мен университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарына демеушілік қаражат тартуға көп көңіл бөліп келсе, алдағы уақытта түлектерді ғылыми-білім беру жобаларына тартуға баса назар аудармақ. Қазақстандағы тұңғыш классикалық университет – ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Қауымдастық университет басшылығымен бірлесіп мерейтойлық іс-шаралардың бірыңғай тұжырымдамасы мен жоспары бойынша жұмыс істейтін болады», – деді ұйым президенті.

Кездесуге құрметті қонақтар қатарында ҚазҰУ-дың экс-ректоры (2001–2008), физика факультетінің 1967 жылғы түлегі, академик Төлеген Қожамқұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚазҰУ-дың экс-ректоры (2008–2010), ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, механика және қолданбалы математика факультетінің 1979 жылғы түлегі, академик Бақытжан Жұмағұлов, заң факультетінің 1981 жылғы түлегі Мақбал Ахметова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих факультетінің 2004 жылғы түлегі Жұлдыз Сүлейменова, «Tastai Development» ЖШС бас директоры, философия-экономика факультетінің 1993 жылғы түлегі Қайрат Қырымов және т.б. қатысты.

Қауымдастық Президиумы атқарылған жұмыстарды саралап, ҚазҰУ-дың 90 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша алдағы мақсат-міндеттерді белгіледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев университет қызметі туралы ақпарат беріп, жаңа даму жоспарын таныстырды.

Жиыннан соң Президиум мүшелері мен түлектер Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен мерекенің салтанатты ашылуында университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге табыс тіледі.

Ректоры өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚазҰУ-ға ерекше көңіл бөліп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мен ғылым-білімді дамытуда ұжымға үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын атап өтті.

«Биыл ҚазҰУ түлектерінің қатары тоғыз мың адаммен толығады. Жаңа буын кәсіби мамандардың алдында тұрған міндеттер өте жауапты. Озық біліммен қаруланған түлектеріміз Жаңа Қазақстанның дамуына өзіндік үлес қосуы тиіс. ҚазҰУ-дың дарынды студенттері оқуда, спортта, ғылыми және қоғамдық қызметте елеулі табыстарға жетіп, университет абыройын асырып келеді. Түлектерімізге ақ жол тілеймін!» – деді ректор.

Салтанатты шарада ҚазҰУ Ғылыми кеңесі мен Түлектер қауымдастығы Президиумының шешімімен оқу орнымыздың қайраткер түлектері, ҚазҰУ-дың бұрынғы ректорлары – Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов пен Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов «Аса көрнекті түлек» медалімен марапатталды.

Еліміздің әр өңірінен келген белгілі меценат, кәсіпкер түлектер де құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, университет ректоры Жансейіт Түймебаев бірқатар белсенді білім алушы жастарды «Үздік студент» дипломымен марапаттады.

Салтанатты жиын университет таланттары мен қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here