Баспана жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді

0
1297

Елімізде баспана кезегінде тұрған 590 мың адамның 210 мыңы әлеуметтік санатқа жатады. Бұл көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осындай дерек келтірді.

Министрдің айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар:

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;

2) отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы;

3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растау;

4) тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы.

Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы:

1) төлемдер тағайындауға өтініш;

2) тұрғын үйді жалдау шартын қоса береді.

«Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады. «Отбасы банкі» ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды, тексереді және растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады», – деп нақтылады Қайырбек Өскенбаев.

Жалдау ақысы мынадай тәртіппен субсидияланбақ:

– 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады;

– қалған 50%-ын алушы өз бетінше төлейді.

ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тиісті ведомствоға тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау ережесі мамыр айына дейін дайын болуы қажеттігін ескертті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here