Алматының экология мәселесі қалай шешіледі?

0
1920

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тапсырысы бойынша әлемнің 131 еліндегі 7 323 қаланың ауа сапасын бақылайтын «IQAir» швейцар компаниясы күні кеше көк түтінге оранған 100 қаланың атын атап, түсін түстеді. Ауасы лас қалалардың рейтингінде АҚШ-тың 8,5 млн халқы бар Нью-Йорк қаласы көш бастады. Одан кейінгі орындарға Лахор (Пәкістан), Дубай (БАӘ), Дакка (Бангладеш), Катманду (Непал), Йоханнесбург (ОАР), Тель-Авив (Израиль), Детройт (АҚШ), Дели (Үндістан) орналасты. Алғашқы ондықты Индонезияның 11 млн халқы бар Джакарта қаласы түйіндеді. Өкінішке қарай, алғашқы жүздіктен Астана қаласы да көрінді. Қазақстан астанасы 92-орынға жайғасты. Ластанудың негізгі көздері саналатын көмір жағатын электр станциялары, кәсіпорындар мен жеке секторлар толыққанды іске кірісетін қыс мезгілінде Алматы қаласы да ара-тұра рейтингтен көрініп қалады. Бұрнағы жылдары еліміздің ірі қаласы әлемдегі ең лас 25 қаланың тізіміне енді. Сондықтан Алматы тұрғындары көк түтінге тұншыққан қалалардың алғашқы ондығынан орын алмаса да, мегаполистің ауасы ластанғанын, экологиясы нашарлағанын жергілікті атқамінерлер де, экологтар да, тұрғындар да жақсы біледі. Демек, бір сәтке де босаңсуға болмайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін оңтүстік астананың ауасын жақсартуға арналған әкімдік жоспарына, экологтар пікіріне тоқталады.

ТУҒАН
ҚАЛАСЫНЫҢ
ЭКОЛОГИЯСЫНА
АЛАҢДАҒАН
ПРЕЗИДЕНТ ҚАЙ ЕЛДІ
МЫСАЛ ЕТТІ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың аяғында Алматы қаласының экологиясы туралы пікір білдіріп, бұл тез арада шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселе екенін еске салды. Президент оның шешімі ретінде жол-көлік жүйесінің тиімділігін арттыруды, жеке секторды газдандыруды, «ЖЭО-2», «ЖЭО-3» орталықтарын газға көшіруді, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді атады.

Туған қаласының экологиясына алаңдаған Мемлекет басшысы экологиялық білім беруді күшейтіп, өскелең ұрпаққа жасыл желекке ұқыптылықпен қарауды сіңіру қажет екенін баса айтты. Ағаштарды кесуге, жасыл аумақтарды жоюға қатаң тыйым салатын заңдары бар Түркияны мысал етті.

«Біз пайдалы шетелдік тәжірибені пайдалануымыз керек», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Бас жоспарды жаңартып жатқан Алматы әкімдігіне бірыңғай қала құрылысы регламентін қабылдауды, ауа ағындарының айналымын ескеруді тапсырды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуда оң өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік береді және қала тұрғындарының денсаулығын сақтауға, өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

БАСТЫ
МӘСЕЛЕ КӨМІРДЕ МЕ,
КӨЛІКТЕ МЕ?

Өткен жылы мегаполис атмосферасына ластаушы заттардың шығарындылары 127 мың тоннаны құрады. Негізгі көздер көліктер – 70 мың тонна, стационарлық көздер – 46 мың тонна, жеке секторлар – 11 мың тонна. Мәслихат отырыстарының бірінде қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин осындай мәліметтермен бөлісті.

Асқар Кемеңгерұлы Алматы қаласында PM 2,5 ұсақ дисперсті шаңның орташа жылдық деңгейі соңғы үш жылда 20 пайызға өскенін, оған сырттан келетін  көліктер санының 230 мың бірлікке артқаны әсер еткенін айтты.  Ластаушы көздер (көліктерден, қазандықтардан, жылу электр орталықтарынан және басқа кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындылар) атмосфералық ауадағы NO2 азот диоксидінің құрамына кері әсер етіп, шекті рұқсат етілген мөлшерден екі есе артқанын да тілге тиек етті.

«Ауаның ластануына көліктерден шығатын шығарындылар әсер етеді. Қалада 700 мың көлік (оның 230 мыңы – қала маңындағы көліктер) бар, олардың шығарындылары шамамен 70 мың тоннаны құрайды, бұл – барлық шығарындылардың жартысынан көбі. 2022 жылдың сегіз айында 19 табиғатты қорғау бекетінде 135 мың өлшеу жүргізіліп, нәтижесінде 26 мың көлік экологиялық стандарттарға сай келмегені анықталды», – деп нақтылаған Асқар Амрин 2023 жылы пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтіндігінің белгіленген нормаларына сәйкестігіне көліктер шығарындыларына өлшеу жүргізу қағидалары қабылданатынын ескертті. Аталған ережелер жүргізушілерді экологиялық талаптарды сақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді.

Әкім орынбасарының айтуынша, осы жоспарларды жүзеге асырғаннан кейін қала аумағына экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктің кіруін шектеу туралы мәселе қою қажет. Сондай-ақ, шығарындыларының деңгейі төмен аймақтарға кіруді шектеу үшін 2025 жылға дейін көліктерге экологиялық таңбалау енгізілетіні уәде етілді.

Бүгінде Алматы қаласы үшін шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томы әзірленуде. «Сайран» бекетінің жанында пилоттық режимде ауаны тазартуға арналған жабдықты орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жабдық тиімді болған жағдайда, бұл тәжірибе қала бойынша іске асырылады.

Әрине, қала ауасын ластайтын шығарындылардың ең көп үлесі көліктерден келетінін жоғарыда жаздық. Бірақ, көк түтін мен экологияның қиын жағдайына тек олардың ғана қатысы жоқ. Қаланың мұндай жағдайға түсуіне газдың да қосқан үлесі мол. Оңтүстік астанада жеке тұрғын үй секторын газдандыру деңгейі шамамен 99 пайызды құрайды, 1 054 үй газ желілеріне қосылмаған, оның 584-інің қосылуға мүмкіндігі бар, ал 470 үйге магистральдік желілер жүргізілмеген.

Бұдан бөлек, әуе бассейнінің ластануына Алматы облысының әсері мол, онда магистральдік газ құбырының болмауына байланысты 82 мыңға жуық үй газбен қамтылмай отыр. Әкімдік бұл мәселені шешуге және Алматы агломерациясында 2025 жылға қарай 42 мың үйді газдандыруға уәде берген. Бұл өз уақытында бола жатар. Алматының проблемасы мұнымен бітпейді.

Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін «ЖЭО-2» және мазут пен көмірді пайдаланатын «ЖЭО-3» – атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көзі. Бүгінде бұл кәсіпорындар «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ведомстволық бағынысты ұйымы болып саналады. «ЖЭО-2» және «ЖЭО-3» шығарындыларының қоршаған ортаға әсерін барынша азайту мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ оларды газға көшіру мәселесін қарастырып жатыр. «Ондай күн туса, қаланың ауасы әлемдік стандарт деңгейіне жетеді», – деп ненеуліктер сендіріп отыр.

Экологтардың айтуынша, мегаполис экологиясының тағы бір мәселесі – көп қабатты үйлер. Заманауи құрылыс кеңестік сәулетшілер болжаған жоспарларға мүлдем сәйкес келмейді. Олар қалада ертелі-кеш самал есіп тұрады деп көздеген. Ал, қазіргі көпқабатты үйлердің арасынан ауа өтпейді. Бұл мәселе бұрын болмаған еді. Соңғы екі онжылдықта пайда болды. Осылайша, ЖЭО шығарындыларының проблемасы (ол кеңес кезеңінде де болған) одан сайын ұлғайып, қала ауасын ластап жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұдан шығудың жалғыз жолы – биік үйлердің салынуын тоқтату. Былтыр бұл мәселені қала әкімі Ерболат Досаев та көтеріп, 9 қабаттан биік тұрғын үйлер салуға шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, бұл шектеудің қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.

2030 ЖЫЛҒА
ҚАРАЙ
ШАҢ БАСҚАН
ШАҺАР
ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ
ОРАНА МА?

Алматы экологиясын жақсарту үшін Үкімет 2025 жылға қарай 1,2 млн-нан астам ағаш отырғызуды, 2030 жылға қарай қосымша 1,3 млн ағаш отырғызуды (кесу мен отырғызуды қоса есептегенде) жоспарлап отыр. Бұл жоспардың орындаушылары арнайы нормативтерді қатаң сақтаған жағдайда ғана жүзеге асатынын түсіну керек. Отырғызғаннан кейін ағаштардың 25 пайызы өнбей қалады. Міне, осы жағын ескеру қажет. Бұл да өзекті мәселе.

Қаланың «экологиялық қаңқасын» құру үшін шағын өзендер мен су қоймаларының жағдайы өте маңызды. 2025 жылға қарай 7 су қоймасының, 26 суландыру каналының, 30 шақырым өзен мен бұлақтардың іргелес жатқан су қорғау аймақтарын тазалау, жағалауларды бекіту және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Қосымша 2030 жылға дейін 20 шақырым суару каналдары мен 50 шақырым өзендер мен бұлақтардың арналарын қалпына келтіру мен тазарту көзделген. Алматыда арық желісінің жалпы ұзындығы 1 525 шақырымды құрайды, оның ішінде 168 шақырым (11 пайыз) суару үшін пайдаланылады. Билік 2024 жылға дейін 276 шақырымды қайта қалпына келтіріп, 100 шақырым жаңа арықтар салуға да уәде беріп отыр. Оған қоса, 2025 жылы кешенді суару жүйесін қалпына келтіріп, арық арқылы суару үлесін 40 пайызға дейін жеткізбек.

2025 жылы қаланың жасыл желекпен орташа қамтамасыз етілуі бір адамға 13 шаршы метрге, 2030 жылы – 13,7-ге дейін ұлғаяды деп күтілуде.

ТҮТІН
ТҰНҒАН ТҰМАН
ҚАЛАНЫ
НЕГЕ ҮНЕМІ БАСЫП
ТҰРАДЫ? 

«Ауаны не көп ластайды» деген дау бітпейді. Бұған жоғарыда аталған факторлардың барлығының әсері бар. Қала басшылығына айтылған бір сынмен жағдай түзелмейді, өйткені бұл мәселе жылдар бойы көтеріліп келеді. Дегенмен, ЖЭО орталықтары газға көшеді деген сенімге қарамастан, олар әлі де көмірмен жұмыс істеп, түтінін бұрқыратып, өкпемізді тұншықтыратын күйесін шығарып жатыр. Қалған ЖЭО-ны газға көшірумен қатар сүзгілер орнату да қажет. Әкімдік жұмысқа кіріссе де, өте баяу қимылдап жатыр.

Алматыдағы ЖЭО-да қолданылатын көмірдің құрамы көңіл көншітпейді. Бұл – күлі көп Екібастұз көмірі. Күлі аз Қарағанды көмірі экспортқа шығады, ал Екібастұз көмірінің күлділігі 40 пайызға жоғары. Сондықтан күлі аз көмірге ауысу да мәселені шешуге ықпал етеді. Бірақ, бұл көмір жеткізушілерінің мүдделеріне қайшы келеді.

Қоғамдық көлікті дамыту, жүк көліктерінің қалаға кіруіне шектеу қою, олардың техникалық жағдайы мен бензин сапасына қойылатын талаптарды күшейту арқылы атмосфераға зиянды әсерді азайтуға болар еді. Рас, әр көлік иесінің ақыл-ойы мен жауапкершілігі де бар. Ең дұрысы, азаматтар көлік жүргізуді азайтса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, кім жақсы дүниеден бас тартқысы келеді?!

Бұл мәселеге жеке секторда тұратындар бас қатырмайтын секілді. Қарапайым тұрғындар пешке не болса соны тастай береді. Үйді жылыту үшін көмірді де, отынды да, резеңкені де, қоқысты да жағады. Одан бөлінетін зиянды заттарға шаруалары жоқ.

Экологтардың бағалауынша, бұл сектор қалалық түтіннің 15 пайызын құрайды. Қысқаша айтқанда, мұндай аумақтар газдандырылып қана қоймай, ауаны ластайтын қоқыс, көлік дөңгелегі және басқа да қалдықтарды өртегені үшін қатаң жазалануы тиіс.

Теориялық тұрғыдан алғанда, қалада осы мақсатта жұмыс істейтін табиғатты қорғау полициясы мен учаскелік инспекторлар бар, бірақ олардың немен айналысатынын ешкім білмейді.

КӨК
ТҮТІНДІ ТҰМАН
ҚАЛАНЫ
НЕГЕ ҮНЕМІ БАСЫП
ТҰРАДЫ?

Алматы экологиясы бұрыннан бар мәселе. Онымен КСРО кезінде жетекші мамандар, ғалымдар, экологтар айналысты. Әрине, ол кезде жағдай қазіргідей соншалықты күрделі емес еді, бірақ сарапшылар республика астанасының климаттық және географиялық ерекшеліктеріне баса назар аударды.

«Жетпісінші жылдардың аяғында қаланың табиғи жағдайын зерттеу үшін бізге ғылыми-зерттеу тобы келді. Қала бойынша түрлі құрылғылар қойылды: өлшеу датчиктері мен зондтар түрлі биіктікте, соның ішінде сол кездегі қаладағы ең биік ғимарат – «Қазақстан» қонақ үйінде орнатылды. Қаланың жан-жағы таумен қоршалып, төменде тұрғаны сол кездің өзінде белгілі болған. Ғалымдар ауа ағындарының бұл кеңістікте қалай болатынын, неге тарай алмайтынын, шыңдардан шыға алмайтынын түсінуге күш салды. Ғылыми баяндама жасады», – дейді физика-математика ғылымдарының докторы Серік Бүркітбаев.

Алматы күн өткен сайын көк түтінге тұншығып жатыр. Өйткені, қаланың оңтүстік бөлігі Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінде (қаланың жоғарғы бөлігі) болса, ал мегаполис орналасқан төменгі қарама-қарсы бөлігі Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауына дейін созылады, сонымен қатар биіктікте орналасқан. Сол себепті де көк түтінді тұман қаланы басып тұр.

 «Қыста бұл қаланың шеті – Алатау тауларының қар басқан шыңдары мен Қапшағай жағалауы күндіз жақсы жылынбайды әрі жер бетіндегі лас ауаның жоғарыға қарай конвекциясын қамтамасыз етпейді. Ал, түнде шыңнан шыққан салқын ауа қаланы басып, күндіз жиналған кірді «жабады». Мұның бәрі температураның инверсиясына әкеледі, бұл кезде салқын лас ауа беткі қабатта (адамдар демалатын жерде) жиналып, қалыпты жағдайда күн сайын қызып, конвекциямен көтерілуі керек. Жоғарыда инверсиялық жылы қабат бар, ол біріншіден, беткі қабаттың көтерілуіне жол бермейді, екіншіден, ластанып, жайлап күңгірттеніп, күн сәулесінің бәрін сіңіреді. Мұның екі ауыр салдары бар. Біріншіден, күнсіз беткі қабат салқындап, жерге тығылады. Екіншіден, қала сыртында күн жарқырап тұрса да, түтіннің кесірінен қала іші үнемі тұманнан көз ашпайды. Яғни, қала қазаншұңқырының өзі күзгі-қысқы суық мезгілде ластануға бейім», –  деп түсіндіреді Серік Бүркітбаев.

Тағы да түсіндірейік. Алматыны қоршап тұрған тау шыңдары суық ауасымен жылы «лас» ауаны өткізбей, ашық кеңістікте таратпайды. Көк түтін солтүстіктен оңтүстікке ары-бері көп шақырымдық аумақты аралап, күн сайын көбірек жиналады. Тек жауын-шашын мен қатты желден кейін ғана ауа райының табиғи әсерімен түтін шыңнан асады. Дегенмен, қала тұрғындарының мәселесіне климаттық жағдай әсер етеді деп күтіп отыру дұрыс емес. Бұдан шығудың жолы бар.

Серік Бүркітбаев мына мәселеге мән берген. Тянь-Шань шыршалары – табиғи жылу көзі. Оның көптеген инесі күн нұрын өзіне көбірек тартады, осылайша әр ағаштан 100 кВт-қа дейін жылу ағынын шығарады. Шыршалар өзіне лас ауаны тартып алады. Алайда, таудың қарлы шыңдарына жылы ауа өте алмайды. Шыршаны тау басына отырғызу – миға сыймайды әрі шығыны көп дүние.

«Сондықтан Қапшағайдың солтүстік жағалауында ұзындығы 30 шақырым, ені 3 шақырымдай 1,5 млн гектарға дейін орман алқабын көбейтуді ұсынамын. Бұл қыста конвекция механизмін «жылдамдатудың» тамаша тәсілі. Жылы «лас» ауа Алатау жоталарынан өте алмайтындықтан, мегаполистің басқа жағына егілген шыршалар арқылы өткізе аламыз. Бұл қымбат жоба емес, 10 млн АҚШ доллары жетеді. Оның үстіне мен өзімнің көшеттігімде отырғызылған 10 мың шыршамды осы жобаға қалаға тарту етуге дайынмын. Бұл «Самғау» жобасы тек пайда әкеледі. Біз Алматының ауасын тазартамыз және халық үшін мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашамыз», – деп ұсыныс айтты Серік Бүркітбаев.

Қаланы атмосфераға шығарылатын зиянды заттардан тазарту үшін алдымен көлік мәселесін шешіп, содан кейін Алматының өзінде емес, Қапшағайда шырша отырғызуды қолға алу керек. Серік Бүркітбаев осындай пікірде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өмір сапасының негізгі құрамдас бөлігі – қолайлы орта. Қаланың одан әрі дамуында саябақтар саны артып, бау мен скверлер абаттандырылып, шамамен 2,5 млн ағаш отырғызылмақ. Алматыда атмосфералық ауаның сапасын жақсарту үшін шығарындыларды 55 мың тоннаға түбегейлі азайту бойынша шаралар қолға алынбақ. Қоғамдық көлікте жүруді арттырудың арқасында жеке көліктерді пайдалануды азайту, дизельді автобустарды газға және электр тарту күшіне ауыстыру, «ЖЭО-2» орталығын газға көшіру арқылы мың жасаған шаһардың экологиясын жақсартуға болады. Оған қоса, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен газбен жабдықталған аудандарда тұратын халықтың қатты отынды жағуын біртіндеп төмендету жүзеге асырылмақ. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көгілдір отын қойылған аудандарда тұратын халықтың қатты отынды жағуын азайту да көзделген.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here