Ұлылар үндестігі: Ахмет Байтұрсынұлы және оның төңірегіндегі тұлғалар

0
5892

Қазақ халқы қай ғасырда да ұлы тұлғаларға кенде болған емес. Басқаны былай қойғанда, ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Торғай өңірінің «Сарытүбек» елді мекенінде дүниеге келіп, өзінің ақыл-ой, ғылыми-білімімен қазақ халқының тұтас бір дәуіріне дүмпу жасаған тарихи тұлға – Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өзі мен оның төңірегіндегі тұлғалар туралы киелі әңгіме қозғар болсақ, ұзын-ырға, ұзақ-сонар таусылмас хикаяның куәгері болар едік. Алайда, осынау жалған-фәни дүниенің пайғамбар жасын небары 64 жас ғұмыр кешкен ғұлама Ахаңның ғұмырнамасына көз жіберсек, ағартушылық жолында Абайдан бастау алған ұлы ұстаздың ұдайы төңірегіндегі топтасқан Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин сынды сындарлы тұлғалардың қастерлі қарым-қатынасы мен өзара рухани үндестігін, тарихи терең байланысын енді бүгін сәті түскен күнде атын атап, түсін түстеп, бедерлеп айтып беру – жер басып жүрген тірі пенде – біздің міндетіміз.

Ахаң және Абай

Ахаң Абайды салған беттен-ақ тап басып танып, «Қазақтың бас ақыны» деген сөзді тайға басқан таңбадай етіп, тарих тұғырына бір-ақ көтерді.

Біз бүгін Абайды қанша қадірлеп, қастерлеп, оның әр сөз-өлеңін жатқа айтып, жадымызда сақтасақ та, бәрібір сол баяғы Ахаң айтқан аталы сөз, асыл бағаға айналып келіп, ат басын тірей береміз. Сондықтан да, сериялы мақалаларымыздың алғашқысы Ахаңның Абайтануға қатысты мәселелеріне арналмақ.

Уақыт ұзаған сайын ұлылар үндестігі ұрпаққа үлгі болып, ғасырлар биігінен тіл қата берері хақ.

Ай, Күн, Жер және Жұлдыз… сынды алып планеталардың бір-біріне деген тартылыс заңы арқылы тұтас тіршілікті сақтап тұрған ғажайып құдірет бар екенін адамзат баласы сан ықылым заманнан бері тынбай зерттеп келеді. Солардың бәрінде де осынау ұлы күштердің бір-бірінсіз тұтас тіршілік болмайтынын, біріне қауіп төнсе, екіншісіне сөз жоқ залалы тиетінін, жалпы табиғат атаулының тұтас бір бөлінбес дене екенін талай рет дәлелдеп, олардың әлі де ашылмаған сыр-құпияларын жария етуден әсте жалыққан емес.

Ұлы адамдар да сондай. Олар әрқилы кезеңдерде, әр заман үрдісінде өмір сүрсе де, ұлы мақсаттарды мұрат тұтқан арман жолы үнемі бір арнада тоғысып отырған. Осыған дәлел болар, Абай мен Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен шығармашылығы жолында бір-біріне ұқсас жайлардың молдығын дәлелдеп жазған зерделі зерттеушілердің еңбегі де аз емес. Оның өзі – мақаланың басқа бір қырынан жеке тарау болуға тұрарлық тың тақырып. Менің бұл жолғы айтпағым, жалпы, Ахаң Абайтануға қалай барды, оған не себеп болды, соны айғақтап отырып, ұлы адамдардың ізгі мақсаттар үрдісіндегі үндестігіне терең үңілгенде нені ұғып, нені байқағанымды баян ету еді.

Арасындағы әжептәуір жас алшақтығына қарамастан, бірінің ойын бірі терең ұғынып құдды бір баяғыдан бері қолтықтасып қатар жүргендей мұң-арманмен, тілек-ниетін қабыстыра білген қос тұлғаны тағдыр шіркін, бір-бірімен жолықтырған емес. Соған қарамастан алып ойлардың бір көрпенің астары мен тысындай жымдасып, бүтін бір тұтастық тапқанына таңданбасқа лажың қалмайды.

Жалпы, ұлы Абай шығармасы Ахаңның өмірі мен қызметіне мүлде жаңа, шұғыл бетбұрыс жасайды. Сөйтіп, Абай шығармасы Ахаңның бұдан былайғы саналы өмірінің бүкіл мән-мағынасына айшықты рең беріп, ағартушылық жолының алтын арқауына айналды.

Абайдың өлмес рухтағы өміршең өлеңдерін оқып, құдіретіне әбден тәнті болған Ахаң, енді пайғамбардай пір тұтқан кісінің өзін көруді арман етеді. Әттең, не керек бұл арманы орындалмай қалады. Бұл жөнінде Ахаңның қанаттас, қаламдас, тағдырлас дос-інісі Міржақып Дулатов былай деп жазады: «1904 жылы маусым жұлдызының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын, һәм өлеңдерін бастыру жайында сөйлесемін», – деп. Ахметке Абайды көру нәсіп болмады. Абайдың өмірі күзге жетпей, сол маусымның 23-інде опат болды» («Абай» журналы, 32 бет, №4, 1992 ж.).

Абайды Ахмет Байтұрсынұлы отыз жастан асқан шағында ғана танып, білуге мүмкіндік тапқан. Оған дейін еміс-еміс естігені болмаса, оның Абай өлеңдеріне деген онша ықылас, құштарлығы бола бермеген. Оған себеп, Ахметтің өзінің туып-өскен ортасы Торғай өңірінде де өлең-жырды әспеттеген тума таланттардың шоғыры мол болатын. Олардың бұрынғы халықтық поэзияның үлгі-нұсқауында қалыптасқан жыр дәстүрлерін Ахметтің бала жасынан бойына дарытып, жүрегіне сіңіріп, жаттап өскені айқын.

Ғасырлар бойы тіні үзілмей келе жатқан арғы Асанқайғыны айтпағанда, бергі Балқы Базар, одан кейінгі Кердері Әубәкір әуендеріне елтіп өскен бала Ахмет есейген тұста сол өңірдің біртуар білімдарлары, алғыр да арқалы ақындары Сейдахмет пен Ақмолда жырларына тәнті болып, жігіттік тәтті қиялдың құшағында жүрген кезі болатын. Шынында да, Сейдахмет, Ақмолда ақындар өз заманының жомарт талант, дара тұлғалары болғандығында дау жоқ.

Ахаң үлгі тұтқан осынау ақындарды әлі күнге дейін табиғатын ашып, тап басып танып, әдебиеттану үрдісіне терең зерттеп, зерделей алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Олардың өлеңдері жалпақ елге ұғынықты, көбінесе үгіт-насихат үлгісінде жазылған, жазба әдебиеті әлі де толық дамымаған, ғасырлар бойғы жыр қазынасы ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей келе жатқан осынау жыр үлгілері халық жадында жатталып, жүректе сақталып қалуға жеңіл әрі оңтайлы екендігі белгілі. Бірақ, Ахаң бұл ақындарды үлгі тұтқанмен пір тұтқан емес.

Сөйтіп жүргенде, 1903 жылы Ахаңның қолына Абайдың өлеңдері жазылған қалың дәптер түседі. Бұл Ахаңның ұстаздық етіп, дәріс беріп, Қарақаралыда жүрген кезі еді. Көзі ашық, болашақ ақынның осы тұста Еуропа әдебиетіне дендеп, оның ішінде орыс ақындарына қарай көңіл бөліп, ой жүгірте бастаған кезі болатын. Тіпті, оның Лермонтовқа еліктеп, «Қош-сау бол, Қарқаралы жуылмаған» деген өлең жазуы да соның белгісі. Алайда, осы уақытқа дейін, осындай күрделі ойды күрмеп келтіретін қазақ ақынын кездестірмегені ақиқат еді. Енді міне, солардан сөзі де, ойы да бірде-бір кем емес, кең толғам, кемел пішетін қазақы өлең құдіреті оқыған сайын бірден баурап әкетіп бара жатыр. Авторы – Семей қазағы Ибраһим Құнанбаев. Бұл ойын Ахаң өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетінде тұңғыш жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында пайымды баяндап береді.

«Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең», – деп тамсана толғанады.

Сөйтіп, өзінің осы уақытқа дейін Абайды танып-білмегеніне, оның осынау құнды қазынасына кеш кезіккеніне өкінеді. Оның себебін өз сөзінде айғақтай түседі.

«Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен іргелес Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құдды жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша оның аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді», – деген дәлелдерді көлденең тартқанымен, өзіне де өкпе артып, мін тағады. Оны осы мақалада мынадай жолдардан айқын аңғаруға болады.

«Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмайды, Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезді болушы еді, мақтап отырған Абай біздің Әубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім», – деп ағынан ақтарылады.

Осындай жолдарды оқып отырғанда, «шіркін-ай, осындай жүрекжарды шындықты біз қазір бір-бірімізге айта алар ма екенбіз» деген ойлар мазалайды мені.

Абай сынды ұлы данаға кеш кезіккен өкінішін ақтау үшін Ахаң ендігі жерде данышпан ақынның жырларын ел ішінде кең насихаттап, ұрпаққа жеткізуді өзіне міндет санайды. Оны алдымен, өзге емес, өзінен бастайды. Абайды ұстаз деп ұғынып, оның үлгісінде өлеңдер жазады. Ендігі жердегі Ахаңның үлгі тұтатыны орыстың Пушкині де, Лермонтовы да емес, кәдімгі қазақ ақыны – Абай болады. Сөйтіп, Абай өлеңдерінің өрнегі Ахаң ақындығының арқауы болып, ұлы жолда адастырмас темірқазығына айналады. Әсіресе, оның:

Қазағым – елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың, 
Ұйықтайтын бар не сыйқың?! – деген жолдары Абайдың «Сегіз аяқ» үлгісінде жазылғандығын көзі ашық қазақтың қай-қайсысы да тап басып тани алары ақиқат еді.

Өзі ойда жоқта тап болған алтын қазынадай – асыл дүние Абай шығармаларын Ахаң енді ел-жұртқа кеңінен таратып, насихаттай түсуді мұрат тұтады. Сөйтіп, өзінің Абай туралы жазған мақаласында айтқандай, Торғай жағына барып, көзі ашық кісілерге Абай өлеңдерін оқуды, одан мол ғибрат алуды ұсынады. Сол кезде Торғай өңірінде ел-жұртқа аты әйгілі ақындар аз емес еді. Олар жас шамасы жағынан Ахаңмен тұтас кісілер болатын. Анда-санда жолықса да, аралас-құраластықтары аз болмаған. Солардың бірі – Уақ Жұмабай, сөзін судай тасытқан ағыл-тегіл, ақпа-төкпе ақын болған. Уақ Жұмабайдың біршама жырлары әлі күнге дейін ел жадында жатталып қалған. Әсіресе, оның өзіне жөнсіз соқтыққан Нұрғали деген жас ақынға бастырмалата айтып тастаған төкпе жырларын көпшілік қауым әлі ұмытқан жоқ.

Оның:

Ойна бала, теңіңмен,
Ұшпайсың көкке көңілмен.
Сүйегің майда күл болар,
Бір сипасам жеңіммен.
Мұзға түскен қаңбақтай,
Ысырайын деміммен, – деп келетін жерлері бар.

Екінші ақын, Ахаңның өзімен түйдей құрдас – Тұрлығұл Нұртазаның Әбіқайы деген кісі. Артына «Тас мешін» деп аталатын әйгілі тарихи дастан қалдырып кеткен адам. Сөзі жүйелі, өзі киелі кісі болған.

Ахаң осы кісілерге Абай өлеңдерінің тасқа басылған кітабын ұсынып, ұлы ақынның әр сөзінен тұщынып ғибрат алып оқуды ұсынады.

«Сендердің әзірге үлгі тұтқан ұстаздарың әрі кеткенде Кердегі Әубәкір, бері келгенде Наушабайдың Нұрланы. Әрине, екеуі де кем ақын емес. Бірақ, мына Абайды оқыңдар, осы ақыннан жаңаша үлгі алыңдар!» – деген пікір айтады. Ақыры, осы ақындар Абай өлеңдерін үлгі тұтып, оның таусылмас кәусарынан қанып ішіп, өле-өлгенше асылындай ардақтап, жадында сақтап өтеді.

Уақ Жұмабайдың «Абай кітабын оқығанда» деген өлеңін Ахаңның өзі 1914 жылы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67 санында жариялайды. Ақынның Абай жырын оқып, таңдай қаға тамсанып, талантына нәр, жүрегіне жыр құйғандығын осы өлеңінен қапысыз тануға болады.

Күнінде жүз оқысаң жалықпайсың,
Көз талды, шаршадым деп талықпайсың.
Бір сөзін бір сөзінен артық көріп,
Құмар боп, қайта-қайта анықтайсың.

Бойды ертіп, буынды алып мағынасы,
Тұрғанда, оған нағып қамықпайсың.
Сөзі рас, сөзі таза, сөзі ақын,
Көңілге бір жері жоқ жабыспайтын.

Қазақта мұнан артық сөз шыққан жоқ,
Бағалап мынау не деп, пар ұстайтын.
Жазушы заман түспей өтіп кетті,
Ер ме еді бостандыққа шабыспайтын.

Арттағы қара толқын өрге сүйреп,
Қамалға қарсы жүріп қарыспайтын.
Зиянды нәрселерден айырам деп,
Мұндайда тұрып алып алыспайтын.

Жол тауып, жоба тауып, жолдас тауып,
Халқының жоғын іздеп табыспайтын.
Есіл ер бұл заманда болмады-ау деп,
Қазақта қабырға жоқ қайыспайтын.

«Абай» журналының 1992 жылғы 2-ші санында Әбіқай Нұртазиннің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1957 жылғы 1 ақпанындағы 5 санында жарияланған «Өлеңге енді қайтып өкпелемен» деген жырын көшіріп басқан. Онда: «Әбіқай Нұртазин (1871-1932) Қостанайдың әйгілі ақыны болған. Абайдың 1909 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағы кітабын оқып, танысқаннан кейін жазған өлең. Абайтанушы Қайым Мұхамеджанов, Алматы, 22 ақпан, 1992 жыл», – деп қол қойған.

Әбіқай Нұртазаұлымен Ахаң түйдей құрдас, бір ауылда өсіп, балалық кезеңдерін бірге өткізген, бір-бірімен тілектес, ниеттес, рухтас болған адамдар. Әбіқайдың баласы Ахметхан да от ауызды, орақ тілді, әнші, күйші, жыршы, жырау дегендей, сегіз қырлы, бір сырлы, сері, сал болған кісі. Торғай өңірінен шыққан айтулы халық ақыны Нұрхан Ахметбековпен бірге өсіп, біте қайнасқан, өле-өлгенше жұбы жазылмай өткен айнымас дос адамдар еді.

Ел адамдарының әңгімесіне қарағанда, Әбіқай Абайды оқығаннан кейін: «Осы уақытқа дейін босқа әурешілік болған екен, енді мен өлең жазуды осымен доғардым!» – деген екен. Оған «Өлеңге енді қайтып өкпелемен» деген соңғы өлеңі айқын дәлел.

Өмірде кез болған-ды талай ақын,
Солардың бәрінен де Абай ақын.
Жаттадым қыр ақынын, сыр ақынын,
Болмақшы бірақ сенен қалай ақын…

Табамыз сенен өткір сөзді қайдан,
Ой жүйрік томаға көз құралайдан.
Келтірмес сөз нақышын дәл өзіңдей,
Басқаның біз білетін бір Құдайдан.

Кәусардай шыққан алыс қар бұлақтан,
Жанымды жадыраттың қалғып жатқан.
Ойымды өлең таптым деген менің,
Аңғарға кеттің алып тар жұмақтан.

Кетпеске бір жолыңды ұмыт тастап,
Оқимын таңға шейін, ымырт бастап,
Сөз қуып сүрең болған мен сорлыны,
Кетті ғой сен келген соң үміт тастап.

Өз халін бүгінгі жұрт абайлар ма,
Тең түспек қандай ақын Абайларға.
Түн жылап, күн сұрайын өлең шіркін,
Біздерге Абай барда қарайлар ма?

Өзімді жерде, Абай көкте көрем,
Пенделік, кейде артықты жек те көрем.
Бірақ та таласым жоқ шын ақынға,
Өлеңге енді қайтып өкпелемен.

Міне, осылайша шын ақындар ғана бірін-бірі мойындайды. Сөз асылы мен жасығын айырғандар ғана осылай ете алса керек.

Ақынның мұндай бірін-бірі мойындап, өз-өзіне тоқтам жасай білу де бір өте сирек кездесетін жағдай. Келе-келе мұндай жағдай тек Бейімбетте ғана болғанын білеміз. Ғабит Мүсіреповтің Бейімбет Майлин жайлы естелігіне назар аударсақ, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастанын талқылағаннан кейін Бейімбет «Ілияс нағыз ақын екен, мен енді бұдан былай өлең жазбай-ақ қойсам да болар!» – деген емес пе? Мұндай уәжді тек өлеңді, өнерді құрметтеген құдірет иесі ғана айта алар!

Ал, Әбіқайдың Абайды оқығаннан кейін өлең жазбай кеткенін Сырбай ақын да біршама сипаттап өткен емес пе?!

Сөз келсе сыпайы боп сызылмаған,
Әбіқай от жалынды кызулы адам.
Үнемі отыратын өлең жазып,
Ұйқысы балталаса бұзылмаған.

Әбіқай еш ақынды ұнатпаған,
Кезінде тек Абайға тұрақтаған.
Қаламын лақтырған да,
Кәрі тарлан –
Абайға басын иіп құлап қалған! – деп баяндай келіп, «Абайдан кейін өлең жазғыш көптің бірі болғанша, осыны доғарғаным дұрыс болар» деп қолына қалам алмағанын айтады. Сөйтіп, айтулы ақынға аяушылық білдіріп, «жанында жатыпты өлең жасырынып, көгеріп көңілінің көктемінде» деп түйін жасайды.

Иә, Ахаңның Абайды өз айналасына насихаттауы келе-келе бүкіл ұрпақ үрдісіне айналып, ұлы ақынның қадір-қасиетін хал-қадірінше халқына жеткізуге қосқан үлесі тарих бедерінен берік орын алғандығына куә болып отырмыз.

Осылайша, қазақ халқының көзі ашық, оқыған азаматтарының ішінде алғашқылардың бірі болып (Бөкейханнан кейін) Абай туралы аталы сөз айтқан Ахаңның еңбегі ешқашан ұмыт болмақ емес. «Бөкейханнан кейін» деп бұл арада арнайы айтып, нақтылай түсуіміздің бір себебі қазақтың аса көрнекті саяси қайраткері – Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1938) Абай туралы оның көзі тірі кезінде-ақ пікір жазып, ой толғаған кісі болатын. Әлекең орыс ғалымдары – П.П. Семёнов-Тян-Шанский мен В.И.Ламанскийдің басқаруымен Петербургте «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын көп томдық кітаптың авторының бірі ретінде қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті хақында көлемді мақала жазып, ұлтымыздың келешекті ісіне келелі үлес қосқан болатын. Сол мақалада автор Абайға кең орын беріп, ұлы данышпанды көзі тірі кезінде-ақ ұлағаттап, көрмегенді көрсеткен.

Мұның сыртында Абай дүниеден өткеннен кейін Семейде тұрақты түрде шығып тұратын «Семипалатинский листок» газетінде ұлы ақын туралы тұңғыш рет көлемді мақала жариялаған адам. Ахаңның Абайға қатысты дендеп қалам тартуына, осы тұста Әлекеңнің әсері болмай қалған емес. Соның нәтижесінде Ахаң алғаш рет Абайдың ақиқат бағасын беріп, «Қазақтың бас ақыны» деген әйгілі мақаласын жазды.

Ендігі жерде сол Абай салған ізгі жолмен өзі де жүріп, ұлы дананың ұрпаққа калдырған аманатын көздің қарашығындай сақтап, оны ел кәдесіне жаратуға барынша үлес қосқан Ахаң аруағын әспеттеу бүгінгі біздің борышымыз екенін естен шығармау керек.

«Қазақтың бас ақыны». Міне, Ахаңның осы сөзді айтып, айтулы мақаласын жалпақ елге жария еткеніне де 110 жылға жуықтады. Содан бері қаншама қилы заман өтсе де, Ахаң айтқан «Қазақтың бас ақыны» деген дуалы ауыз – аталы сөз Абайды оқып білген ұрпақ көкірегінен ешқашан өшкен емес. Абай туралы роман, повесть, қанша мемуар, зерттеу мақалалары, ғылыми еңбектер жазылды. Соның бәрінің бастауында Ахаң айтқан «Абай – қазақтың бас ақыны» қалпында келе жатыр.

Әлі талай жылдар жылжып, ғасырлар жалғасар. Бірақ, Абайға алғаш айтылған осы сөзді уақыттың не бір желі мен дауылы орнынан шайқап қозғалта алмайтыны ақиқат.

Мінеки, Ахаңның осы бір тарихи мақаласына тағы бір назар аударып, басынан бастап көз жүгіртіп көрейікші: «Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы, соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ».

Ахаң айтқан осы ақиқатқа бүгінгі күні бәріміз де көз жеткізіп, куә болып отырмыз.

Ахаң және Әлихан Бөкейхан

Екеуі де елі үшін еңіреп өткен асыл ер екенін бұл күнде екінің бірі біледі. Ғасырымыздың басында бұл екеуін білмейтін қазақ баласы жоқ десе де болғандай. Өйткені, бұл екеуі туған халқының көзі де, құлағы да, тіпті дүрсілдеп соғып тұрған жүрегі де болды десек, қателесе қоймаспыз. Шынында, сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу кісінің – бұл екеуінің есімін ауызға алмай, есті сөз айтуы екі талай еді. Әлихан да, Ахмет те, патшалық Ресейдің қанды шеңгелінің халыққа аяусыз батып, одан әрі бүтін бір елдің еңсесі езіліп, құрдымға кетер өліара мезгілдегі уақыттың өзі тудырған заманның зиялы ұлдары болатын.

Әлихан шын мәнісіндегі күрескер көсем, қажымас қоғам қайраткері, Ахмет болса, ғылым-білімнің ұлттық ұрығын сепкен мұрағатты мұраб, ұлағатты ұстаз еді. Осылайша, екеуі бір-біріне қос болып, дос болып, бірлесе білек қосып, тілек тоғыстырып, туған халқының болашағы үшін аяусыз тер төгіп, жан қиған, қайтпас, қайсар, күрескер көсемдер болатын. Халық тағдыры тығырыққа тірелген аумалы-төкпелі заманда өз тәуелсіздігі үшін күреске бел байлаған қазақ сынды – тәй тұрып, қаз басқан халыққа көсемдер көптік етпейтін.

Әлихан саяси көсем болса, Ахаң – Әуезов айтқандай, «қазақ халқының рухани көсемі».

Егер ерік-жігері өзінде болып, бостандыққа барар жолдағы қазақ халқының көсегесін көгертер ұлы идеялары жүзеге асқанда – бұл екеуі елдіктің егіз белгісіндей – тұлғалары туған жер төсінде әлдеқашан-ақ мызғымай тұрып қалар еді-ау. Бірақ, мәселе онда емес екен, бұл егіз екі тұлға, қанша қиян-кескі, қым-қуыт, қуғын-сүргін кезең өтсе де, уақыттың қатал үкімі бәрі бір оларды халық жүрегінен ешқашан өшіре алмады.

Әрине, екеудің екпін-жігері қанша күшті, қуатты болғанымен, ұлы істе игілікті шығу оңай болмасы ақиқат. Бұлардың айналасында, сол кезеңде, ғасырдың өзі тудырған құдыретті күш – алып тұлғалар аз емес еді. Әлекең мен Ахаңның алысқа арна тартқан игілікті идеяларын ту еткен Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулат, Мұхамеджан Сералин, Смағұл Сәдуақасов, Елдес Омаров, Мұхтар Әуезов үндері сол кездің өзінде жүрекке ыстық, құлаққа жағымды естілетін.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының қайта түлеу – жаңғыру кезеңінің басында Әлекең мен Ахаңның есімдері айрықша жарқырап тұрады. Сол кездегі қазақ халқының оқыған азаматтарының ой бірлігі, пікір тұтастығы сөз жоқ, өзге халықтардың өзегіне шоқ түсірерліктей, қызғаныш сезімін тудыруы бекер емес-ті. Оларға қазақ сынды кең даланы еркін жайлаған көшпелі елдің басқа жұртпен байланыспай, өзді-өзі қырқысып жүре беруі әлдеқайда тиімді еді. Олар қазақ оқымыстыларының алғырлығынан, білгірлігінен, ізденімпаз, іскерлігінен – олардың елінің тез дамып, ілгері басып кетуіне қатты қауіптенетін. Шынында, Әлекең бастаған Алаш тобының ерікті ісі еркін жүзеге асқанда, біздің халықтың көрген құқайы бұдан гөрі аздау болар ма еді деген ойлар да көкейге ұялайды.

Ресей шенеуніктерінің өздерінше «бұратана» деп есептейтін қазақ сынды халықтан аз уақыттың ішінде білімдері бірегей топтың бірден дүр етіп, қанағаттанып кетуіне бірден «қаны қатып» қалуының да қыр-сыры белгілі болатын. Ал, Алаш азаматтары болса, бұл іске әу бастан-ақ, басын байлап, шыбын жанын пида етуге әрқашан-ақ әзіртін.

Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын бір-бірінен ажырамастай етіп, мәңгілік байланыстырған алтын арқан – ол екеуінің де өз халқына, туған еліне деген аса ыстық сүйіспеншілігі мен парасатты ақыл-ойы, патриоттық сезімі болатын.

Осындай халқына деген қажымас қайрат, асыл ойлардың нәтижесінде дүниеге келген – «Алаш» қозғалысы, Алаш бірлігі, Алаш партиясының ұлы бағдарламалары – қос ғұламаның ғұмырнамасына айналған, айсыз қараңғы түн ішінен діттеген жерін адаспай тауып алатын мәңгілік темірқазығына айналған еді. Осы темірқазыққа байланған, олардың осындай ұлт ұлағатына айналған ой-пікірлер қанша қиындық пен қасірет-қайғы көрсе де, бұл жолынан бұлтартқан емес. Олардың бұл бірлікке үндестіруге бірден-бір үлес қосқан «Қазақ» газеті екендігінде дау жоқ. Ахаңның тікелей өз қолымен ұйымдастырып, әрі басшы, әрі бас редактор болуымен сол кездегі қазақ халқының санасын оятып, саяси сауатын ашуға ерекше үлес қосқан «Қазақ» газетінің бетінен ұлтымыздың зиялы ұлдарының замана зауалына айналған зиянды әрекеттерге қарсы бағытталған батыл үндері жиі естілетін. Солардың ең басында Әлихан Бөкейхан тұрды.

«Қазақ» газеті сол кездегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық ойлардың кең қамтыған Әлихан мақалаларына мейлінше кең орын беріп отырды. Ұлттың ұғымы басым, қазақы Ахаң мен еуропалық біліммен өз халқының қадір-қасиетін қабыстыра білген Әлекең пікірлері бір жүйе тауып, тұтастық танытып жатты.

Әлекең ұлт-азаттық қозғалысының басшысы әрі «Алаш» партиясының негізін қалаушы, сондай-ақ Алашорда үкіметінің төрағасы ретінде өзінің бірден-бір төл басылымы, ұлттың үні – «Қазақ» газетіне тек қана автор болып қатысып қойған жоқ, оның ыждаһатты ұйымдасып, одан әрі байыпты өмір сүруіне бар күшін салды. Үштік одақ – ұлт қайраткерлері – Әлекең, Ахаң, Жахаң сынды сындарлы күрескер ұлдардың күш-қайратымен қалың елдің ортақ қазынасына айналған «Қазақ» газеті сол кездің ақыл-ой қорытқан алып қазынасына ұқсас еді.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Ахаңнан бес-алты жас үлкен, қазаққы жолмен жүйелескенде ағалығын да, өмірден көрген, білген, түйген, білім-тәлім жағынан да өнеге тұтар орны бөлек, бірегей тұлға болатын. Ахаңнан да өз бойына тән осы қасиеттерді тапқан Әлекең арадағы бес-алты жасты елемей, сол кездің өзінде ұлт ұстазына айналған осы бір ұстамды кісіні қастер тұтып, қатты қадірлеген. Ал, Ахаңның Әлекеңе деген бағасы да, ынта-пейілі де мүлде бөлек болатын. Ол Әлекенді сол кездегі империяның қай қайраткерінен де артық бағалады. Тіпті, сол кезде төңкеріс жасаған, бүкіл кеңес елі жетпіс үш жыл бойы бас иіп, тағзым еткен «пролетариаттың ұлы көсемі» Лениннің өзін Әлекеңе тең көрмей, одан төмен санаған. Оған деген идея – пікір қайшылығы өз алдына, сол кезде өзі біліп, өзі көрген, өзі естіген жағдайлар біз мойындаған Лениннің ұлы емес екендігін басқадан бұрын ұғынғаны ақиқат еді. Осыған байланысты бір әңгіме.

Торғайдың топырағынан түлеп ұшқан тарихқа белгілі екі Ахмет бар. Бірі екібастан Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы, екіншісі Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов. Бұл кісі – Қазақстан химия ғылымының негізін салушы, әйгілі ғалым Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың әкесі. Батырбек Әлекеңнің Әнел деген қызын алған, яғни Ә.Бөкейханның есімі репрессия құрбандарына байланысты тарихи деректерде көп ұшырасады. Патшалық ресей кезінде Думаға екі рет мүше болған. Өте білімдар, аса мәдениетті, мінезі жұмсақ кісі деседі. Мамандығы – юрист. Бұл жөнінде көзі тірі шежіре болған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апай өзінің «Шындық шырағы» деген кітабында: «Ахмет 1870 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген, арғын, атақты Жәнібек батырдың тұқымы, бергі аталары Дәуренбек – Бірімжаннан тарайды. Дәулетті кісінің баласы» дей келіп, сол мақаласының соңғы жағында «Менің әкемнің жолдастары арасында сөз еткен екі Ахметті (Бірімжанов пен Байтұрсынов) бірін – Ахаң-юст, бірін – Ахаң-прос дейтін» деп анық-қанығын ашып жазады.

Бұл – Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов 1937 жылғы жаппай жазалаудан тура 10 жыл бұрын өз ажалынан дүние салған кісі. Бұл жөнінде «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 9 қаңтардағы №6 санында Міржақып Дулатов жазған «Бірімжанұлы Ахмет» деген қоштасу сөзі (некролог) дәлел бола алады. Онда: «Ғинуардың 5-і күні Ахмет қайтыс болды деген хабар алдық. Ахаң соңғы кезде қылтамақ (рак) болып ауырған еді. Биыл жаз Кавказ, Мәскеуге барып, одан кейін докторлардың кеңесімен Ленинградтағы радий нұрымен емдейтін үнстетке кеткен еді. Міне, сол емді көтере алмай қайтыс болған хабарын алып отырмыз. Ахаң алдыңғы қатардағы әлеумет қызметкерлерінің бірі еді. Жасы биыл 56-да, марқұм Орынбор гимназиясын оқып шығып, одан кейін 1895 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген», – деп әрі қарай өмір жолын баяндап кетеді.

Мұны келтіріп отырған себебім, Ахмет Бірімжанұлы Қазан университетінде пролетариаттың болашақ көсемі – Владимир Ильич Ульяновпен бірге оқыған. Қазан университетін қызыл дипломмен үздік бітірген «Ахаң-юст» өзінің досы – «Ахаң-просқа» Ульяновпен бірге оқығандығын, тым белсенді, сөзге шешен болғанымен, аса жөндеп білім ала алмағандығын талай әңгімелеген екен. Мұны естіген Ахаң, Әлекеңдер Ленинді қайтып мойындайды. Кейіннен Ленин партиясы төңкеріс жасап, Кеңес үкіметінің қарамағында қарамағында қалған Қазақстан шекарасын белгілеуге байланысты Әлихан Бөкейхан «күн көсемінің» алдында әлденеше рет болған. Сондай отырыстардың бірінде «шекара дауы» оңайлықпен шешілмей Әлекең Ленин алдында 4 сағаттай отырып қалыпты. Мұны естіген Ахаңның: «Апыр-ай, Әлекеңмен төрт сағат пікірлесуге жараған Лениннің өзі тегін адам емес екен-ау!» – деген сөзі сол кезде көпшілікке көп тарап кетіпті. Бұл жөнінде аяулы арыстарымыздың бірі – Әлімхан Ермековтің естелігінде толығымен баяндалған.

Әлекең, Ахаңдар басшылыққа алған «Алаш» партиясының бағдарламасы коммунистердікінен осал емес-ті. Алайда, кезінде жеңіс кімдікі болса, үгіт насихат та, мақтау-мадақ та сол жақта болған емес пе?! Ақыры, Ұлы уақыт – Әлекең, Ахаңдардың ой-армандарының өміршеңдігін айғақтап берді.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының дем берушісі, Алаш партиясының басшысы, Алаш үкіметінің төрағасы, Түркістан комитетінің мүшесі, уақытша өкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары Әлихан Нұрмұхамедұлы өмірінің соңғы жылдарында туған жерінен тысқары – Самара, Минск, Мәскеу қалаларында тұрса да, Ахаңмен өле-өлгенше байланысын үзбей, хабарласып тұрды. Бұған Ахаңның Ақ теңізде айдауда жүріп жазған талай хаттары куә. Айдауда жүрген Ахаңа Әлиханның көмегі тимей қалған жоқ.

Ахаңның Ақ теңіз тұтқыннан ертерек босануына Әлекеңнің себі тигенін жазушы Ғалым Ахметовтың «Алаш, алаш болғанда» деп аталатын кітабындағы мынадай жолдардан айқын байқауға болады. Онда былай деген: «Ахаңның айдауда жазған хаттарын Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова сақтап келген. Жұрт айдаудан жазылған хат түгілі, ондай адамдардың кітаптары мен суреттерін де қорыққанынан отқа жағып жоқ қылғанда, Гүлнәрдің сондай хаттарды, сол адамдардың суреттерін сақтап жүргендігінің өзі үлкен ерлік. Анау-мынауға мойымайтын қайран Ахаң сол хаттарында өзінің өте ауыр жағдайда жүргенін шағынғандай етіп жазады. Бір хатында: «Қыр баласы» жәрдем беріп тұрушы еді, одан да хабар болмай кетті, енді сірә, ашттан өлгеннен басқа жол қалмаған шығар», – деп мұңаяды», – дей келіп, қалай болғанда да ақырында Әлекеңнің көмегі тимей қалмағанын атап көрсетеді. «Қыр баласы» – Әлихан Бөкейханов сол жылдарда мәдениет майданынан ұсталған саяси тұтқындарға қамқорлық етіп жүрген Екатерина Павловна Пешковаға (М.Горькийдің бұрынғы әйелі) Ахаңның жайын айтқанда, ол кісі 5 сомның бонын (алтын орнына жүрген) берген екен, ол жылдары Әлекеңнің өзінің де жағдайы ауыр болғанмен, шамасы келгенше Ахаңа қарасып тұрған көрінеді. Ахаңның срогінен ертерек қайтуына осылайша Әлиханның көмегі тиген» (Ғ.Ахмедов «Алаш, алаш болғанда». Алматы, «Жалын». 1996 ж.).

Қазақ халқының тарихы мен тағдырына, тұрмыс салт-дәстүр өнеріне өзгеше оң көзқараста болған Потанин, Алектров, Затаевич сынды орыс зиялыларына Әлекең мен Ахаңның ынта-ықылас түсініктері бір арнада тоғысып, олармен қилы-қилы кезеңдердің өзінде қарым-қатынастарын үзбей, үнемі ұлы мақсаттар биігінен табылған.

Ахаңның Әлиханға деген достық көзқарасы мен шынайы сүйіспеншілігінің тым ертеден бастау алғанын оның 1922 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Маса» жинағындағы «Досыма хат» деген өлеңнің өзі-ақ айғақтаса керек. Мұнда құр сөз, құрғақ мақтаудан гөрі, досына деген мұңы мен сыры жүрегінде шиыршық атып, шынайы сезіммен сындарлы ой өрнек табады.

Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай,
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай,
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай.
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көк теріні көніп қалған,
Сықса да шыдай беру – жұрт жарылмай,
Кім білсін ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр.
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
Сынайтын жақсы менен жаманды өлшеп
Құлдықтың қолдарында көзі жатыр.
Кешегі кеңшілікке керек қылған,
Бостандық болмаған соң безіп жатыр.
Айтқанмен таусылар ма оны-мұны,
Талайдың тыңдамасы түпкі сыры-ақ жылы.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,
Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы?!

Бір-бірінен бөлектеуге болмайтын, бір-бірін үнемі толықтырып тұратын, әрқайсысы дара бейнелер болса да, тереңнен нәр алған тамыры бір тағдыры – таланты табыстырған қос тұлға – Әлихан мен Ахмет өмірі төл мәдениетіміздің төрінде, туған еліміздің жүрегінде мәңгілік тұрақ табары хақ!

Ахаң және Міржақып Дулатов

Ежелгі Торғай жерінде – бір топырақта туып, қатар аққан салалас бір өзеннің суын ішіп, бір мектепте оқып, келе-келе мемлекеттік, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени шығармашылық жолда жұбы жазылмай бірге жүріп, өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көріп, тіпті тағдыр тауқыметінің өзін қатар тартқан – мұндай бірінен-бірі ажырағысыз егіз тұлғалардың тарихта кезіге беруі сирек құбылыс.

Содан да болар, ел жұрт егіз тұлғаны бір-бірінен ажыратпай, бөліп жармай бірін – Ахаң, екіншісін – Жақаң деп атап кеткен.

Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы – Торғай даласының оңтүстік бағытындағы Сартүбек деген жерде Жыланшық өзенінің жағасында туса, Жақаң, Міржақып Дулатов – сол өлкенің солтүстік бағытындағы Сарқопа деген жерде Қоңыраулы өзенінің бойында дүниеге келген.

Сөйтіп, екі алыптың туған жеріндегі ұқсастықтың өзін қараңызшы, бірінің туған жері – Сартүбек, екіншісінікі – Сарқопа… Қос алыпты дүниеге келтірген Сартүбек пен Сарқопа – Самұрық құстай сол өлкенің қос қанаты сияқты…

Ахаң – 1886-91 жылдары негізін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин қалаған Торғай қаласындағы екі басқыштың (класс) мұғалімдер даярлайтын орысша-қазақша училищені бітірсе, Жақаң осы оқудың орнына 1897 жылы түсіп, оны 1902 жылы тәмамдайды.

Бір ғажабы – бір топырақта туып-өскен қос алып Торғай жерінде жүздесіп, кездесіп, сол кездегі солтүстік өңірдің ғылыми-білім орталығына айналған Омбы қаласында жолығысады.

Міржақыптың Ахмет ағасын іздеп Омбыға баруын бірнеше себептермен дәлелдеуге болады. Біріншіден, бұл кезең патшалық Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық қозғалыстың оттай өршіп, қызуы күшейе түскен тұсы болатын.

Екіншіден, осы оқиғалардың басы-қасында, сонау Қарқаралыдағы қақтығыстардан бастап бірге жүрген жерлес ағасы Ахметтің сол кездегі ел арасына кеңінен тарап кеткен «аңыздай» әңгімелері «ауыл мұғалімі» атанып жүрген көкірегі ояу, көзі ашық жас жігітті жайдан-жай жатқызбаса керек-ті.

Үшіншіден, Ахметтің соның алдында ғана Семей түрмесінде отырып жазған «Анама хат» өлеңін Міржақыптың өзі де қолдан-қолға, ауыздан-ауызға, ауылдан-ауылға таратушылардың бірі болғаны әмбеге аян.

Осындай ел ішіндегі дүмпу – толғақты ойлар жиырма жастағы жас жігітті үйде тып-тыныш отырғызбай сонау Омбыдан бір-ақ шығарғаны ақиқат.

Омбыға барған Міржақып Ахмет ағасын көп қиналмай-ақ тез табады. Міржақып ағасына арнайы келген сапар-мақсаты, арманды ойларын айтады. Жалынды жас жігіттің өршіл ойларын қатты ұнатқан Ахаң Міржақып інісін өзіне жақын тартып, алдағы мақсатты жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыру үшін қасынан қалдырмай Қарқаралыға бірге аттанады.

Осы сапарда Ахмет Міржақыпқа Абай өлеңдерінің қолжазбасын көрсетеді. Осы өлеңдерді қолжазбаның құндағында қалдырмай жарыққа шығару үшін алдағы жазда Абайға арнайы барып сәлем беріп, игілікті іске із ашу қажеттігін айтады. Алайда, Ахаңның Абайды көрмек болған арманды мақсатының орындалмай қалғандығы оқырманға бұдан бұрын айтылған болатын.

Қалай болғанда да, Ахаң өзінің қасында жүрген озық ойлы інісі – Міржақыпқа ұйықтап жатқан елде «маса» болып ызыңдап, маза бермей оята беру мақсатын күніне мың мәрте қайталап, құлағына құйып айта берді.

Осы жылдар үрдісінде Жақаңның «Оян, қазақ» деп аталатын атақты дастаны дүниеге келеді. Бұл дастанды бүкіл ел, жер, мемлекеттік мүдде, қоғамдық қозғалыс һәм оқу, дін, тұрмыс-тіршілік, шаруашылық шараларына дейін түгел қамтып, бүтін ұлт пен ұлыстың тұтас бір тарихын көсемсөз үлгісіндегі өлеңмен бедерлеп берген Міржақып, өзіне арқа тұтқан Ахмет ағасының да қадір-қасиетін қастерлеуді де қағыс қалдырмаған. Оған «Оян, қазақтағы» мына жол дәлел:

Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.
Оқыған ғибрат алып жас жігіттен,
Һәммасы өз халқына қызмет еткей.

«Оян, қазақ» 1909 жылы Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан жарық көрді. Осы жылы қазақ халқының әлеуметтік, мәдени-рухани өміріне тағы бір қазына қосылды. Ол – Петербургте басылған Кәкітайдың басшылығымен Шәкәрімнің, Тұрағұлдың қолқабыс жасауымен ұйымдастырылып шығарылған Абай өлеңдерінің жинағы болса, екіншісі – орыс мысалшысы И.Крыловтың шығармалаын негізге алып жазған Ахаңның «Қырық мысал» кітабы еді.

Осы кітаптар сол жылдарда ұлттың өнерге сусаған қазақ халқының рухани дүниесіне мол әсер етіп, езілген елдің еңсесін көтеруге, қам көңіл қалың жұрттың көкірек көзін ашып, санасын оятуға барынша үлес қосты. Осылардың ішіндегі, әсіресе, шулы да дулы дүние – М.Дулатовтың «Оян, қазағы» болды.

Патша тыңшыларының түрік құлағына бірден тиген жайсыз хабар – жайбарақат жатқан елге төбеден түскен жай оғындай әсер етіп, өнерге сусаған жұрттың құмарын су сепкендей басып, ақыры «Оян, қазақты» оқушыларына жеткізбей опынтып қойды. Шығарманы тәркілегені аздай-ақ, енді оның авторына ауыз салып, ақыры бұрын өзінің Ахмет ағасы 8 ай сарылып отырған Семей түрмесіне әкеп жапты.

Осы отырғаннан Міржақып Семей түрмесінде бір жылдан астам уақыт отырып, соңынан өзінің ниеттес, тілектес тағы бір ағасы Әлихан Бөкейханның көмегімен Орынборға жер аударылады. Ол кезде Ахаң да Орынборда болатын.

Жер аударылған ағайынды екеу ендігі жерде алған бет, айқын мақсаттан бұлжымау үшін білек сыбана бірлесе еңбек етіп, тер төгуге біржола бел буады. Сөйтіп, олар туған халқының туын көтеру мақсаттарындағы төте де түбегейлі жол, ұлтының намысын оятып, санасын ашатын саяси ахуалы – тек газет шығару арқылы ғана жүзеге асады деген батыл шешім қабылдайды.

Көптеген кедергі қиындықтардан кейін ұлтымыздың тұңғыш басылымына қолқабыс беріп, қаржы бөліскен Ахмет Оразаевтың көмегімен, ең бастысы ұлы күрескер, қажымас қайраткер Әлихан Бөкейханның ықпалымен 1913 жылғы ақпан айында «Қазақ» газеті дүниеге келді. Газеттің бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы болды да, оның орынбасары һәм жауапты хатшысы – Міржақып Дулатов еді.

1917 жылдың қарашасына дейін ғұмыр сүрген «Қазақ» газетінің әр бетін парақтап отырсаң, одан Ахаң мен Жақаңның туған елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жүздеген мақалалардың куәсі боламыз. Мұның алдында 1911 жылы Ахаңның «Мысалы» мен Міржақыптың «Оян, қазағының» Петербургте қайта басылымы шығып, қос қайраткердің халық алдында абырой-беделінің артып, жұлдызы жарқыраған жылдар еді.

Осы жылдар ішінде ағайынды екі тарлан өмірдің сан тарау соқпағынан өтіп, жақсы мен жаманның дәмін татып, кімнің жақын, кімнің алыс екенін қапысыз айыратын, алақұйын құйтырқы тірліктің құбылмалы күйін бастан кешірген салауатты сәтке жеткен тұсы болатын. Оны дәл осы кезеңде туған «Ақын ініме» деп М.Дулатовқа арнаған өлеңнен айқын аңғаруға болады.

Аз сөзге құлағың сал, ақын інім,
Ой-пікір, рухымыз жақын, інім.
Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын деп ақыл інім.
Өзімді ағаңмын деп үлкейтемін.
Онымды көремісің мақұл, інім?
Адасқан ағаңыздың жері болса,
Тілеймін ете гөр деп ғафу, інім,
Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.
Ат қоған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға біздер жарлы пақыр, інім.
Доңыздай талғамай жеп семіргендер,
Саналып ақылдыға жатыр, інім, – деп ініге сыр ашып, мұң шаға сөйлейді. Бай-кедей деп, бар қазақты бөліп-жармай, бүтін көрсе де, бір бүйірден қымыз ішіп, қызара бөртіп, қарнын сипап, қазы кеміріп, қарта шайнаған қалталы алпауыттар сол кезде де солақайлық танытып, кісі қадірін білмеген қараулығына қаны қарайып, қатты кейістік білдіреді. Сол мұңын соңынан ерген інісіне кеудесіндегі зар-запыранын ағыта төгіп, айтып-айтып келіп, ақыр аяғында:

Аузымен орақ орып, бәрін де етер,
Қымызды шара-шара сапыр, інім.
Етпенен қымыз беріп сөйлеп көрсең,
Айтқаның жұртқа балдай татыр, інім,
Ақылың Аплатондай болса-дағы,
Қымыз бен еті жоқ құр татыр, білім, – деп түйеді.

Бұл екі аралықта «Оян, қазақтан» оңбай таяқ жеген, бойына біткен талант жемісін татудың орнына тақсірет шеккен Міржақып Ахаңнан аз уақыт болса да ажырап, Қызылжар жағына барып оқытады. Оның бұл жолғысы бала шәкірт – Мағжанды тауып, оның талантын танып, қамқорлыққа алып – дәріс беру, әрине, көрегендіктің белгісі.

Қызылжар құшағында өткен жылдар Міржақыптың ұстаздық жолын ұстарта түсуімен қатар, оның жемісті  шығармашылық жұмыс істеуіне кең жол ашты. Міржақып бұл жолда – қазір қазақ әдебиетінде тұңғыш роман деп танылып жүрген «Бақытсыз Жамал» мен «Балқия» деп аталатын драмасын жазған. Сөйтіп, Міржақып Ахаң ұйымдастырған «Қазақ» газетіне дейін-ақ «Оян, қазақтай» ойлы, парасатты, көлемді поэма, «Бақытсыз Жамалдай» тұңғыш роман, «Балқия» сынды ірі драмалық шығармалар жазып келген қарымды қаламгер болатын.

«Қазаққа» келгеннен кейін Міржақыптың қалам қарымы мүлде басқа арнаға түсті. Әсіресе, оның ардагер ағалары Әлихан, Ахметпен бірлесе, қатар үн қатқан ұранды, үрдісті, өршіл рухта жазылған жалынды хабарламалары халық көңілінен шығып, оның атақ-абыройын бұрынғыдан бетер асқақтата түсті.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі қақтығыстар халық қамын жеген қаһармандардың қабырғасына қатты батып кетті. Ашық айқасқа шықса – қарапайым халықтың патшаның басынан бақайшағына дейін қаруланған қанды қолына қарсы қақтығыста төтеп бере алмай қанға бөгіп қалуы әбден ықтимал. Қарсы көтерілске шықпаса – халыққа бүйідей тиген патша жандаралының қылығы анау. Күнбе-күн халықтың төбесіне жасын ойнатып, ойына келгенін істеп жатыр. «Июнь (маусым) жарлығы» деген атпен ирелеңдеген жыландай жымысқы әрекетімен именбей кірген суық хабардың сұғы, әсіресе, Ахаң мен Жақаңның туған жері Торғай өңіріне шеңгелін сала келді. Ел іші іркіттей іріп, ағайын арасы ала бола бастады. Енді не істеу керек?! Ақыры халық қамын әріден ойлаған Ахмет, Әлихан, Міржақып сынды ардагерлер елге үндеу жариялап, жұртшылықты дүрліктірмей тыныштық сақтаудың әрекетіне көшті. Бұл орайда «Қазақ» газетінің атқарған рөлі ерекше болды. Әйтсе де, намысшыл халық – өре түрегелген орыс әскеріне қарсы тұрып, қаншама қантөгіс-қақтығыстарды бастан кешірді. Осы халық арасынан өздері «хан» сайлаған Әбдіқапар Әмір мен оның айбынды серіктері Амангелді мен Кейкі батырлардың есімі ел арасына аңыз боп тарап кетті.

Ахмет пен Міржақып дәл осы тұста қарап жатпай ел ішіне келіп, алмағайып заман туса қара халықтың қорғайтын жауынгер жасақтарын ұйымдастырып, ұлттың ұйытқысы болып – үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатты.

Алаш мемлекеті және оның партиясын құру жолында, оның жарғысын, съездерін өткізу, іс-жоспарларын жүзеге асыру сынды қым-қуыт, қат-қабат кезеңдердің бәрінде де Ахмет пен Міржақып Әлиханмен бірге тізе қосып, ұлт қамы үшін ұлы міндеттерді қалтқысыз жүзеге асара білді. Кейіннен Алашорда мемлекеті құлап, «Алаш» партиясы ыдыраса да, Ахмет пен Міржақыптың арасына сызат түскен жоқ.

Ұлттың арғы тағдырын ойлап Ахмет Байтұрсынұлы бір топ жолдастарымен  бірге 1919 жылы Лениннің кешірімінен кейін Кеңес Үкіметі жағына шықса да, қашаннан алған беттен қайтпайтын, бірбет, қайтпас қайсар Міржақып ақыры өз позициясында қалады. Ахаңның бір топ жолдастарымен кеткен бұл бағытын Міржақып қош көрмейді. Кім білсін, Ахаңның Міржақыпқа арнаған «Ақын ініме» деген өлеңіндегі: «Адасқан ағаңыздың жері болса, тілеймін ете гөр деп ғафу, інім» – деген жолдар осы тұста айтылған шығар.

Туған ұлтына жан-тәнімен берілген ұлы Ахаң, ақыры, өзінің табиғи болмысынан тайқи алмай, Кеңестік партияның қатарында тұрақтап жүре алмай, бір жылға жетпей, «салғырттығы үшін» деген сылтаумен шығып қалды.

Ахаң мен Жақаң Кеңестік кезең тұсында да жұп жазбай, ірге бөлмей, қашан ұсталып кеткенше бірге жүріп, бірге тұрды деуге болады. Олар Орынборда да, Қызылордада да қабырғалас көрші тұрады. Олар Орынборда тұрған үйі осы күнге дейін сақталған. Мекенжайы: Неплюев көшесі, 42-үй. Ал, Қызылордадағы, алғашқысында Садовая, 7, кейін Селиверстова, 17 үй атанған мекенжайдың орны ысырылып, бұл күнде «мәңгілік оттың» тұрағына айналған.

Бұл жайында Міржақыптың ағасы – Асқардың қызы Ботагөздің естелігіндегі мына жолдарға назар аудара кеткен жөн:

«…Бұл үйдің жартысында Ахмет, Бадрисафа Байтұрсыновтар, екінші жағында Дулатовтар тұрды.

Тәтемнің (М.Дулатовты айтып отыр, – С.Т.) ең ардақты, сүйікті көретін, пікірлес әрі қаламдас ағаларының бірі – белгілі ғалым, тілші-журналист, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов.

Ағай дем алғанда, Ғанижамал жеңешем балаларына тиым салып, шулатпайтын. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары үйіне орынсыз бара бермейтін. Ахаң жұмыстан шаршаған уақытта бөлмесінде әрлі-берлі жүретін. Онысы сықырлаған еденнің дыбысынан, салған әнінен білінетін. Қолына домбырасын алып, қоңыр даусымен жайлап қана, сүйіп салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қаракөз» болатын. Қазіргі «Қыз-Жібек» операсында айтылып жүрген «Қаракөз» ариясы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармасы. Қаракөз Ахаңның сүйіктісі болған. Сол ғашығына сөзін өзі жазып, музыкасын өзі шығарған Ахаңның әні мынау…» деп ұлы адамның тағы бір қырының ұшығын шығарып қояды.

Одан әрі Ботакөз Асқарқызы ардақты ағасының жанұясына тереңірек тоқталып: «Ахаң мен Бадрисафа жеңгеміз қонаққа жұрттың арнаулы шақыруымен ғана баратын. Ораза, құрбан айттарында алдымен үлкен ағалары Ахмет Байтұрсыновтарды құттықтап, содан кейін ғана біздің үйдің дәміне келетін. Ахаңның, Міржақып тәтемнің мерекелерде арақ-шарап ішкенін көрген емеспін», – деп жазады (Г.Дулатова, «Шындық шырағы». Алматы, 1995 ж.).

Міне, осыдан-ақ Ахаң мен Жақаң жанұялары – үй-іші үйелменінің қаншалықты тату-тәтті, туыстық қарым-қатынаста тұрғанын пайымдауға болар еді. Мұндай мысалдарды көптен келтіруге болады.

Міржақып Дулатұлы Ахаң туралы тұңғыш орыс тілінде мақала жазған адам. Бұл мақала Ахаң 50 жасқа толардан бір жыл бұрын 1922 жылы Орынбор қаласында «Труды общество изучения Киргизского края» деген кітапта «Ахмет Байтурсунович Байтурсынов» деген атпен басылып шыққан.

Осынау әйгілі мақаланың өне бойын түгел талдамай-ақ тек соңғы бір түйінін ғана оқушы назарына сол қалпында ұсынып көрейікші: «В результате научно-педагогических трудов Ахмета Байтурсунова мы имеем киргизскую азбуку, фонетику, синтаксис и этимологию киргизского языка, теорию словесность и историю культуры. Этим кропотливым трудом Ахмет Байтурсунов поднял киргизскую словесность на высокую ступень и заложил прочный фундамент для национальной школы и родной литературы».

Міржақыптың осы берген биік бағасынан-ақ біз Ахаңның қазақтың ұлттық тіл білімінің негізін салған қажымас қайраткер екендігін айқын аңғарамыз.

Халқының ары мен намысы жолында аянбай тер төгіп, шыбын жанын пида еткен қос арыс – Ахаң мен Жахаңның армандаған мәңгілік мақсаты – Еліміздің дербестігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі бұл күнде туған халқымызбен бірге салтанат құруда. Ахаң мен Жахаң жазған еңбектер егемен елдің ұрпақтарының қастер тұтып оқитын, қадірлі құжатына айналды. Ахаң-Жахаң атындағы жоғары оқу орындары мен мектептер, Қазақстан қалалары мен елді мекендеріндегі алып даңғылдар мен кең көшелер – соның куәсі.

Туған жері Торғайда – Ахаң-Жахаң атындағы қос шаруашылық, мұражай, оның алдында екеуінің еңселі ескерткіші бой көтеріп тұр.

Ахаң және Мұхтар Әуезов

Араларында қос мүшел жас айырмашылығы бар – Ахаң мен Мұхтар Әуезовті бір-бірімен байланыстырған қандай рухани күш-құдірет екен десеңші?!

Әйтпесе, 20-25 жастағы алғыр жігіттің сол кезде 50-ге келген Ахаңның ел алдындағы парызы мен қарызын пайымдап, таудай еңбегін тап бүгінгідей танып-біліп, тәлімді сөз айтуында қандай сыр бар екен…

Әрине, сол кездің өзіндегі алып Ахаң туралы, әсіресе, мерейтой тұсында ұлы ұстаздың ұлағатты ісі туралы аз айтылмаған болса керек-ті. Сол кездегі қазақтың бетке ұстар зиялы қауымының «менмін» деген марқасқаларының қай-қайсы да Ахаң туралы қалам тартпай қалмапты.

Солардың ішінен анық та қанық сөзді – 25 жастағы жас жазушы Мұхтар Әуезов айтыпты. Және қалай айтқан, оқушыға ұғындыра, сұғындыра, ұлы адамның қадір-қасиетін арттыра айтқан. Лебізіндегі әр сөйлемі түгіл, әр сөзінен әсіре қызыл жасандылықтың жаттандылық иісі де сезілмейді. Сол кездегі оқыған азамат, жалпы, көзі ашық қауымға Ахаң туралы риясыз сырласып, алғаусыз ашық пейіл танытқандай.

Мақала салған беттен-ақ салмақты сөз, салиқалы ойға ерік беріп, мұңлы да сырлы бір сарынға түсіп алып, толқыта тербетіп тарта жөнеледі. «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады».

Мәссаған! Біз жетпіс үш жыл бойы, күні кеше егемендігімізді алып, елдігімізді бекіткенге дейін дәл осылай айта алдық па?! Біз  «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салсақ…» деп жаза бастасақ болды, Мұхаң айтқандай, «мағыналырақ» емес – марғау, «тәуір» емес – ауыр деп келмедік пе? О, ғажап! Біздің тәуелсіздік алғаннан кейін енді айтып жатқан сөзімізді Мұхаң осыдан 100 жыл бұрын айтып қойыпты! Сөзіміз дәлелді болу үшін келесі сөйлемге назар аударарлық: «Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты ісінің бірі әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі».

Асылы, Ұлы адамдар бірін-бірі тап басып танып, бір-бірінен ажырағысыз күй кешеді, мәңгілік рухтас ғұмыр сүреді. Осыған көзіміз жеткендей.

Отызыншы жылдардың опатты ойраны алпыстан асып, «пайғамбар жасына» жеткен Ахаңды аямақ түгілі, сол кездегі жасы жиырмадағы түбіт мұртты жас Мұхтарды да алапат жалынымен шарпып өткен. Енді оны да аямауға айналған сәтте, халық арасында «Ахаң айтты» деген аңыз сөз бар. «Біздің бәріміз күні ертең атылып кете барсақ, сол бәріміздің артымызда – сен қал, Мұхтар. Бәріміз арқалайтын жүкті, біз кетсек, көтере алатын сен ғана», – депті.

Ахаңның айтқаны – әулиенің сөзіндей айнымай келді. Мұхтар алыптардың алтын тұяғындай аман қалды. Ақыры, дүниеге – әлемге әйгілі «Абай жолы» келді. Барлық Арыстардың аманатын ұлы Мұхтар осылайша ақтап кетті!

1997 жылы ұлы Әуезов ғасыр жасына жетті. Бұл мереке дүниежүзі бойынша – ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сол ұлы тойда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев биік мінберден «Әуез туралы сөз» айтты. Сонда мынадай жолдар бар: «Ел тағдыры қызыл империяның қолына біржола көшкен кезде «Алаш» қозғалысына алдымен тұзақ түсті. Ұлттық мүдде мен тәуелсіздік мұратына біржола құрып кету қаупі төнді. Оны жойып алмаудың жалғыз ғана жолы бар еді. Ол осынау өміршең мұратты жүректеріне мықтап еккен арыс азаматтардың қандай зобалаңды да елмен бірге кешіп, бірге көріп алуға тәуекел етулері еді. Осының бәрін терең түсінген, заман мен қоғамға әріден қарай білген, ойлы да зерделі Әуезов 1932 жылы баспасөз бетінде өзінің райынан қайтқанын айтып, кешірім хат жариялауға мәжбүр болды. Соның арқасында алыптар тобының заманға қалдырып кеткен жалғыз аманатындай болып, түрмеден босап, тірі қалды. Ел арасында бұны жазушы бұрынғы әріптестерінің айтуымен істеді деген де әңгіме бар. Қайткен күн де бұл сорымызға емес, бағымызға қызмет еткен әрекет болды» (Ә.Кекілбайұлы. «Азаттықтың ақ таңы». Алматы, «Қазақстан». 1998 ж.).

«Бұрынғы әріптестерінің айтуымен», – деп Әбекең айтқан кісі – Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Жас Мұхтар ес біліп, етек жауып, ат арқасына мінгеннен-ақ Ахаңмен ниеттес болды. Ахаңның «Әліппесімен» ақ қағазға сөз түзді. Ахаңның озық ойларымен қаруланды. Ахаң жазған оқулықтармен ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиеледі. Тіпті, Ахаң құрған «Алаш» партиясының мүшесі болды. Осы ойларын Ахаң ердің жасына келген мерейтойында мерейін асырып айтты. Рухани ұстазының ұлы қасиеттерін жанұясында жасырып қалмай, жалпақ елге жария етті.

«Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет-саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде», – деп ағынан жарылады Мұхтар. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді еөз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағымыз жоқ.

Кешегі күндерге дейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.

Мұхаңның «әлі күнге дейін» деп сол кезде осыдан жүз жыл  бұрын айтқан осы бір сөздері тап бүгін айтылғандай, құлақ түбінде саңқылдап естіліп тұрғандай.

Әрине, Ахаңның да, Мұхаңның да халық жүрегінде қалып, осындай абырой-атаққа ие болуы – оңайлықпен жеткен табыс емес еді. Ахаң да, Мұхаң да өз заманында айтыс-тартыстың додасынан құр қалмай, тас үйдің қабырғасында тастай қараңғы күн өткізіп, тас түйін тергеушілердің талқысына түсті. Ахаң отырған Семей, Алматы түрмелерінде Мұхаң да отырды. Ахаң көрген абақтыдағы айбарлы құқайды Мұхаң да көрді. Соның бәрі жеке бастың, күйбең тірліктің қамы емес, ел үшін, халқы үшін басын бәйгеге тіккен, ұлты үшін ұрысқа кірісіп, күреске түскен өршіл ұрпақтың дөң айбат өктем үні болатын. Сол сәтте олар халық үшін қандай да болмасын қимыл әрекетке баруға дайын еді. Осы орайда, тағы да Әбіш Кекілбаевтың Әуезов туралы тәлімді сөзіне үңіле түсеміз.

«Тарих – тек өз кезеңі тұрғысынан қарасаң ғана сырын ашатын тылсым жұмбақ. Байтұрсынов 1920 жылы неге коммунистік партияға өтуге арыз берді, Әуезов неге кешірім сұрап хат жазды деген заманалық сұрақтарға тек тірі қалу қажет болды деген дәлелмен жауап берсек, әрине, тым біржақты кетіп, жалаңдыққа ұрынар едік.

Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу. Ол кезде Кеңес өкіметі бұқара халық мүддесін, әлеуметтік теңдік мәселесін оңды-солды желеу етіп, алдап-арбап немесе қорқытып, әйтеуір үстемдікке біржолата жетіп алған кезі еді. Ондай бұлтартпас ақиқатты мойындамай, бұлғақтай беру өз халқыңмен бірге болудан бас тарту деген сөз болатын».

Қос кемеңгердің ұлы мақсаттар жолында қалай ғұмыр сүріп, қандай күй кешкенін осы жолдардан артық дәлелдеуге әрекет ету құр әурешілік болар еді.

Осының бәрі ұлттың ұлы перзенттерінің «өз өкіметі жасаған өр зорлыққа» қарсы жасаған қарулы құралы – қайсар күресі болатын. Қос тұлғаның аузынан қатар айтылған «өкіметтің өр зорлығы» деген ызалы сөзі қалай шықты?!

Алдымен, Ахаң айтады:

Бара алмай өтірікші болып алаң,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!

Ахаңның Семей түрмесінде отырып анасына жазған, жүректегі запыран сөзі – «өкіметтің өр зорлығын» тап басып түсінген Мұхаң ардақ тұтар ұстазының 50 жылдық мерейтойындағы інілік лебізінде осы ойдан анықтай түседі. Кәне, тағы бір оқып көрелікші: «патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді».

«Өр зорлыққа» қарсы ғұмыр бойы бітіспес күрес ашқан қос перзенттің пәтуалы пікірінің алтын арқау, үзілмес тіні де осы емес пе? Ұлылар рухының мәңгілік үндестігі де осы емес пе?!

Меніңше, Ахаң мен Мұхаңның ұлы мұрағаттарының үндесуіне үлкен себеп болған тағы бір ықтиятты жағдай – Абайға қатысты болса керек. Оған дәлел, Ахаң Мұхтардан әлдеқайда бұрын Абай туралы да, оның әкесі Құнанбай туралы да ұтымды ой, ұтқырлы пікірлерін айтып кеткен.

Ахаңның 1926 жылы Қызылорда – Ташкент қалаларында басылып шыққан «Әдебиет танытқыш» танымдық кітабын оқи отырып, әр тараулардағы Абай туралы талдауларына таңғалмасқа хақың қалмайды. Оның шығармашылық шырайын шығарып, сөз өрнектерін шыншылдықпен даралап, талдап беруі өз алдына, Ахаң осы ғылыми негіздемесінде Абайдың өз басына, тіпті оның әкесі Құнанбай туралы құнды ұсыныстар жасайды, бітім-болмысына, мінез-құлқына, жан-жаратылысына терең үңіліп әкелі-балалы қос тұлғаның табиғатына сүрлеу-соқпақ із тартады.

Сонда Ахаң не дейді, оқып көрелік: «Өз әкесі Құнанбай… уақытындағы елдің құр мұсылманымын дегеннен басқа, діннің не екенін білмей, қан жеп, неше түрлі ырымдарға табынып жүрегіне қатты тыйым салып, анық шариғат қоспаған істі қылғандарға бек бауыр жаза салып, халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадырыхал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған еді».

Бұл Құнанбай тұрғысындағы сөзі. Ал, енді Абай туралы не айтады: «Сонғы уақытта Абай өзі өлеңнің өнер екенін біліп жаза бастаған соң, бұрынғы ақындар надандықпен өлеңді өнер орнына ғибрат үшін айтпай, тіленшінің орнына айтқандықтан, ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін айтып, өзін олардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін емес, халықты ұмтылтып, көңіл көзін ашпаққа ғибрат үшін жазғанын білдіріп, өлең шығарған».

Міне, көрдіңіздер ме, Мұхтар жазатын болашақтағы «Абай жолы» романының алтын арқауы қайда жатыр, мөлдір бастауы қайда жатыр. Тіпті, өлеңге есейіңкіреп барып ден қойғандығын, жасанды ғылым бар деп ескермегендігін, енді кейінгі жастарға үлгі етерге, ермек үшін емес, өмір үшін өнер, өнеге қалдыру қажеттігін көрсете білген. Ол үшін қандай өлең жазғанын қадап айтқан.

Мысалға жүгінейік: «Сол себепті жазушылықтың өзі де екінші дәрежеде қалып, салақ болып, берірек, ұлғайыңқыраған кезінде, өкініш түсіп, жасында ғылым жолында болмай, қазақтың айқасымен жүргендіктен кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып, яки, ғибрат алуға жарамайтындығын, ақылға сиымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы өзінің тәртіпсіз, үлгісіз өскен өмірін айтып, надан елдің ішінде неше түрлі машақат, әурешілікпен бойды ыза кернеп, өткен хатам болса аяп, аз сөге көріңіздер деп жазғаны – «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?».

«Абай жолы» романын зерделеп оқыған кісіге осынау жолдар соқырға таяқ ұстатқандай айқын нысана болғанына ешкімнің дауы болмас деймін. Енді ғана Ахаңның басқаға емес, тура Мұхтарға қаратып: «Біз базардан қайтып бара жатқан адамбыз, сен дүниенің базарына беттеп келе жатқан жассың. Ендігі міндет – сенде, сен қайтқан күнде де тірі қал, райыңнан қайт, өтініш хат жаз!» – деп өтіне айтуының сыры да, шыны да осы екендігіне ерісіз сенесің. Сенесің де, бірін-бірі танып, бір-біріне баға берген ұлы адамдардың түйсік-түсінігіне, ақыл-байламына, болашықты болжап білген көргендігі мен әулиелігіне еріксіз  бас шұлғып, тағзым етесің!

Сөйтіп, артына қалған ұлы перзенттеріне қымбат қазына қалдырып, соны ысырап қылмай халқына жеткізуге міндет артқан Абай аруағына, қылаусыз көңілмен разы болып мінажат етесің!

Сонымен, біз сөз басында қос арыстың ара-қатынасы, болмыс-байланысы хақындағы құжатты хаттамамыздағы Әуезовтың Ахаң жайлы айтқан құзырлы сөзімен бастаған едік.

Енді ойымыздағыны айтып, оқушыларымызға ұсынған осынау әфсанамыздың аяғын тағы да сол ұлы Әуезовтің тәлімді сөзімен тәмамдағанды жөн көріп отырмыз.

Сонда Мұхаң былай дейді:

«Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңдегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнге қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп, шалқып жатыр. Бұдан он-он бес жыл бұрын:

Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған, – деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірімін қандырған кісілер санаулы».

Осыдан сексен жыл бұрын жазылған осынау ұлағатты сөздер қанша уақыт сынынан өтсе де, күні бүгінгідей құлаққа айқын естіледі.

Ахаң және Сәкен Сейфуллин

Сәкен Сейфуллин – Абай айтқандай, «соқтықпалы соқпақты» сын-сүрлеу, өзі айтқандай, «тар жол, тайғақ кешу» тайталас заманда ғұмыр кешкен күрмеуі мол күрескер тұлға.

Қысқа ғұмыры қым-қиғаш қайшылыққа толы, салған беттен-ақ Кеңес өкіметін қапысыз таныған, риясыз баладай сенген ақсұңқар ақын – Алаш туының айбынын асырған арыстан жал Ахаңдармен ниеттес болуында қандай сыр бар?!

«Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын тарихи мемуарында Алашты «жауыз», «дұшпан» таныған Сәкен, сол Алаштың серкесі – Ахаңа келгенде кібіртіктеп қала береді. Неге солай?

Сайып келгенде, туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігін аңсаған Ахаң мен Сәкеннің арманды мақсаттарының арғы түбі бір. Бірақ, сол – Азаттыққа жетудің азапты жолында екеуі екі басқа бағытты таңдап алған.

Кеңес өкіметіне қалаусыз сенген Сәкен тәуелсіздіктің жолын әуел баста таптық тұрғыдан таныды. Ал, Ахаң болса, азғантай халқын «бай», «кедей» деп бөлгісі келмей, тұтас танып, сол халықты Алаштың ақ туының астында топтастырғысы келді.

Көзін ашып, дүниеге келгеннен құйыртқы саясат ұстанған Кеңес өкіметі халықты «ақ» пен «қызылға» бөліп, елдің жігін ашып, оқыған жігіттерін бір-біріне айдап салып, текетірестіріп қойды. Кедей байға қоқан-лоққы көрсетіп, тектіні тексізге билетті. Билікті жойған кім бар? Бәрібір сол – баяғы билік. Тек байдың орнын кедей басты. Айырмасы – сол ғана. Осындай құйтырқы саясаттың қыбын білдірмеу үшін Кеңес үкіметі «әу» деп ауыз ашатын көзі ашық, оқыған азаматтарды әртүрлі айла-шарғымен бірінен кейін бірін ұстап, әкетіп жатты.

Бұл ішкі Ресейде революцияның елең-алаң күндерінде, Лениннің бар кезінің өзінде-ақ басталып кеткен еді. Ленин қайтыс болғаннан кейін Сталин бұл үрдісті тым жылдамдатып, тіпті науқанға айналдырып жіберді. Сол мақсатты тікелей жүзеге асыру үшін Сталин алдымен ұсақ ұлттарды «реттеп» алу үшін Қазақстанға Голощекинді жіберді.

Голощекиннің көпе-көрнеу жауыздық әрекеттеріне көзі жеткен Сәкен өзінің имандай сенген Кеңес үкіметінің осынау келеңсіз саясатына осқырына қарады. Ол кезде Алаш көсемдерінің әлі шетінеп үлгермеген кезі еді. Сәкен солардың ішіндегі әуелден іші жылып, қаны тартып халық алдындағы адал еңбегін қапысыз мойындаған Ахаңа қарай пейіл бұра бастады. Ахаңа деген бұл пейіл, бұл ниет Сәкенде бұрыннан бар еді. Әйтсе де, «нағыз Алаш»  Ахаңа «қып-қызыл» Сәкен мына сөзді қалай айтқан: «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі.

Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда, жарлы тобын байлар жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге нақтады.

Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді».

Бұл – Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғандағы арнап жазған мақаласы. Бар ынта-ықыласымен, ағынан ақтарылып жазған ақжарылқап сөзі.

Мұның алдында ғана аз уақыт бұрын, дәлірек айтқанда, 1917-18 жылдарда Ақмолада Совет өкіметін орнатуға айрықша үлес қосып, соның қақтығысты, қаһарлы күндерін бастан өткеріп, атаман Анненковтың азап вагонынан аман қалған, артынша олармен кейде ашық, кейде жасырын қақтығысқа түскен, Алаш қозғаласына ызбарлы сөз айтып жүрген ызалы Сәкен Ахметтің жеке басына келгенде ақ тілегін аямапты. «Жеке басына» деген де жәй сөз. Сәкен осы мақаласында Аханның дара тұлғасын, атақ-абырой, беделін бедерлей келіп, оның ел үшін тындырған ісін естен шығармай, тағы да осы мақаласында таратып айтып береді.

«Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уезд, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі араларына сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды», – дей келіп, алғашқы ойларын одан әрі дамыта түскен Сәкен енді тікелей Ахаңның сол уақытта сіңірген еңбегін салалап беріп, саралап айтады: «Әуелі ол мектепке қазақ балаларын оқытты. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің әділетсіз үкім-зорлығымен күресіп, Крылов деген орыс жазушысының 40 мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40 мысалдың әрқайсысына сол патша заманының әділсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша үкіметінің істейтін жәбірлігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. Қазақ халқының арын, намысын жоқтап «Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» деген газетті шығарды. Қазақтың бастауыш мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды».

Ахаң 50 жасқа толғанда атақты ағартушы, ұстаз-тәлімгердің ұлағатты істерін, ел алдындағы абырой-беделін әспеттейтін Мұхтар Әуезов, Елдес Омаров сынды сол кездегі алаш ұлдарымен бірге «ұлттың рухани көсемінің» төңірегіндегі көп кісілер өз лебіздерін аянып қалған жоқ. Солардың ішінде «бөлініп кеткен большевик» болып жүрген Сәкеннің осындай уәжді сөз, ұтқыр ой айтуы – ақиқаттың ақ жолындағы азаматтық іс екендігін еске сала кеткен жөн.

Осыдан кейін қаншалықты қым-қуыт, қат-қабат алмағайып замандар алмасып өтіп жатса да, Ахаң мен Сәкен арасына сызат түскен жоқ. Пасық пікірін ішке бүккен сайқал саясат сара жолда жүрген қос тарланға салқынын түсіре алмады.

Оны біз 20-30 жылдар аралығында, кеңестік кезеңде ел басқару жүйесінде, ағартушылық саласында тізе қосып бір жүрген кездерінен байқаймыз. Басқасын былай қойғанда, Ахаң мен Сәкеннің Қызылорда, Алматы қалаларында жоғары оқу орындарында дәріс беріп, жас ұрпақты тәрбиелеуге тәлімді еңбек сіңіргенін айтсақ та жеткелікті. Жұмыстан тысқары кезеңдерде де жұбы жазылмаған сәттерді дәлелдейтін деректер де аз емес.

Мұны біз 1994 жылы С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай Жезқазған қаласында басылып шыққан «Шыңға шыққан шынар» естеліктер жинағында қайсар талаптың көзін көрген көптеген кісілердің әңімелерінен аңғарамыз. Сонда Сәкен Ермекбайұлы Жәкеев деген автор өзінің «Сәкен Сейфуллин тағайындаған комиссар» деген естелігінде өз әкесінің дауылпаз ақынмен ауылдас, бауырлас, жерлес екенін айта келіп, елінде Сәкеннің талай рет болғанын тілге тиек етіп, «бірде Жаңарқа – Атасу аймағына… 1927 жылы жазда, жайлауда Ермекбайдың әкесі Жәкейдің үйінде Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды қазақтың ығайы мен сығайларының бетіндегі қаймақтарының үлкен бас қосу ұйымдастырылған, онда көптеген мәселелермен бірге жер, конфеске жайларында бірнеше күнге созылған әңгіме-кеңес, сұхбат өткізілген. Әндер шырқалып, өлеңдер оқылған, кісілік, имандылық жайларында үлкен шешендік пікірлер ортаға салынған», – деп жазады.

Ал, атақты Сәкентанушы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев осы кітапта жазған мақаласында: «1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ коллегиясы А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевты ату жазасына кесіп, «жалына» өтінбеген Жүсіпбек Аймауытовтан басқаларына 10 жылдан айдалу азабымен «жеңілдік» жасалып жатқанда, Сәкеннің Алматыда ешқайда шығуына құқығы болмады. ҚазМУ-дың әдебиет кабинеті меңгерушісі болып жүрді. Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов жоғарыда аталған ағаларының сот процесіне қатысқан жоқ, еш жерде куәлік берген жоқ. Күні кеше идеологиялық тұрғыдан бірін-бірі көргісі, тыңдағысы келмей жүрген тұлғалардың азаматтық сыналар сәтте ар сақтап, адамдықтан айнымауларын үлкен ерлік деп тапқан орынды болмақ», – деп жазады.

Азаматтардың ары мен иманы безбенге түскенде қазақ арыстарының тақсыретті күндерде бірін-бірі тілсіз түсініп, рух бірлігін танытқандығына риза болмасқа хақың қалмайды.

Сөйтсек, Ахаң мен Сәкеннің екеуін екі басқа жолдан танып-білсек те, әуелден бірін-бірі ұғысқан рухтас, үндес кісілер екендігіне енді көз жеткізіп отырмыз.

Мәселен Сәкеннің:

Тәуекел дарияға салсаң қайық,
Талмай жүз тұтқан жолдан кетпей тайып.
Дарияда бірде тыныш, бірде дауыл,
Қаңбақша кезер кемең қанат жайып, – деген өлең жолдарын, Ахаңның:

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жок.
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру,
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ, – деп келетін «Қазақ қалпы» деген жырындағы шумақтарға үндесіп жатқандығын қалай байқамауға болады?! Діттеп, зерделенген кісіге Ахаң мен Сәкеннің мұндай мұң мен ой үндестігін молынан ұшыратуға болар еді.

Сонымен, сөз түйіні мынау болды:

Ахаң мен Сәкеннің жолы бөлек болғанмен – жөні бір екен.
Ахаң мен Сәкеннің ұраны бөлек болғанмен – Рухы бір екен.

Мінекей, Сәкеннің «Мұң» өлеңін оқып көрейікші. Бұл да Ахаңның «тән көмілер, көмілмес еткен ісім» деген мұңлы да сырлы сарынымен үндесіп жатқан жоқ па?!

Қайғылы қысқа өмір күнім өтіп,
Жан мен тән айырылысар уақыт жетіп.
Не сырмен, қандай күймен айтқанымды,
Кім білер қалғанда сен, өзім кетіп.
 
Шаттансам, құдірет тартсам, жүдеп, налып,
Еріксіз шығушы едің көкірек жарып.
Табиғат, өзгелерден өзгеше боп,
Жат туған бұл дүниеде мен бір ғаріп!

Өз заманы, өз өкіметі «жат» санап, өзек тілер өкінішке қалдырған өз ұлыңның мұңлы зары деп түсінгейсің мұны, ардақты әлеумет!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, жазушы, драматург

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here