Ұмытылмас күн

0
1933

29 мамырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология мамандығының  әдебиет бағыты бойынша 3-курс студенттері Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеден өтуге келдік. Тәжірибенің алғашқы күні ерекше әрі рухани серпінмен басталды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келген бұл айтулы сәт біздің Алаш арыстарына арналған іс-шараның басы-қасында болуымызға үлкен түрткі болды.

ХХІ ғасырдың көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтын сүйер, тарихына үңілер азаматы мен азаматшасын: «Саяси қуғын-сүргін құрбандары  туралы мен не білемін?» немесе «Біз оларды еске алу үшін не істеп жатырмыз, олар артқан үміт ақталуда ма?» деген сауал мазалары анық.

Елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 31 мамырда аталып келеді.

29 мамыр күні Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғ. Майлыбаев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б. Оспанова, Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Л. Сағындықова, Ә. Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұ. Сәйдірахман, «Qyr balasy» қоғамдық қорының төрағасы Е. Тоқтарбайдың ұйымдастыруымен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ұмытылмас күн!» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара аталмыш күні Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы саябағындағы еңселі ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталып, тұлға атындағы көше бойындағы тағылым мектебі – музей-үйіне экскурсия жасаумен жалғасын тапты.

Көлемі жағынан бір қабатты шағын ғимарат өзінің көнелігімен әрі қыш аралас іргетаспен салынған жертөлесімен ерекшеленіп тұрады. Музей-үйдің ауласындағы 1998 жылы отырғызылған Тянь-Шань шыршалары бұл үйдің қорғанындай. Тұлғаның 150 жылдығына орай былтыр күрделі жөндеуден өткен музей Түркиядан келген ахметтанушы ғалымдарға ұнады.

Үш залдан тұратын экспонаттардың «Ұлттық рухтың ұлы тіні» бірінші залын экскурсовод Манатжан Мұхамедиұлы, «Қазақ санасының шамшырағы» залын бөлім меңгерушісі Әділ Ахметұлы, ал үшінші ғұламаның «Жұмыс кабинеті» залын Динара Қайратқызы таныстырды. Музей-үйдің жетекшісі әрі біздің ұстазымыз Райхан Сахыбекқызы «Ахметтану» оқу орталығында жиынды өзі қорытындылады. Құрметті қонақтар «Ұсыныс-пікірлер кітабына» тілектерін жазып, ризашылықтарын білдірді.

Іс-шараның негізгі бөлігі өткен дөңгелек үстел басында жазушы, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшесі Б. Қойшыбаев «Қазақ зиялыларының қуғындағы қасіреті», жазушы, профессор Т. Жұртбай «Түрме талқысы», Памуккале университетінің Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Н. Бирай «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық құндылықтар», Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері С. Смағұлова «Ашаршылық ақиқаты» тақырыптарында баяндама жасады. Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Г. Ерджиласун «Түркиядағы Алаш тарихының зерттелуі», Ә. Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұ. Сәйдірахманұлы «Алаш баспасөзіндегі ашаршылық мәселесі», режиссер-сценарист М. Есжан «Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихи фильмде экранизациялау мәселесі» тақырыбын ортаға салды.

Шара барысында Алаш мұрасына арналған кітаптардың тұсауы кесілді әрі бұл туындылар ҚР Ұлттық кітапханасы қорына сыйға берілді. Атап айтқанда, Жүсіпбек Аймауытұлының «Дәмелі» жинағы, Мұстақым Малдыбайұлының «Иман һәм намаз яки мұсылмандық», Сейдәзім Қадырбайдың «Ақы заңы» шығармалар жинағы, «Алаш заңгері» балаларға арналған кітапшасы.

Іс-шара соңында алаштануға сүбелі үлес қосқан ғалымдарға арнайы «Алаш зиялысы» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында біздің ұстазымыз, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Салқынбай Анар Бекмырзақызы бар.

Шара барысында жүрекке рух сыйлар, жанды тербер, қанды қозғар Алаш азаматтарының жыр жолдарын оқыған бүлдіршіндер мен ән-күймен бойды шымырлатқан жандарға ерекше қошемет көрсетілді.

Алаш азаматтарының әрбір ісі, ақтық демі үзілгенше атқарған еңбегі, елі мен болашағы үшін соққан жүрегі тек қана бірнеше күнді еске алумен шектелмесі анық. Оған дәлел – еліміздің тарихи тұлғалардың мемориалдық және тарихи музейлерінді жүргізілетін іс-шаралар.

Рухани байлық сыйлар мәдени шараға куәгер болғанымызға қуандық. Ұмытылмас күннен алған тағылымды «Жаңа Қазақстан» жасау жолында ұлт пен ел мүддесіне сарқа жұмсауға ой түйдік. Әрқайсымыздың санамызда Сұлтанмахмұт Торайғырұлының: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деген өлеңі күмбірлеп тұрғанын көзбен ұғыстық.

Қымбат НҰРАХМЕТ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті

Тәжірибе жетекшісі:
Динара КӘДІРБЕК,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы,
«Тіл-құрал» ОӘҒЗО үйлестірушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here