Жастардың бойына отаншылдық рух беретін форум өтті

0
1291

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, «Әділ мемлекет. Біріккен ұлт. Өркендеген қоғам» атты республикалық жастар форумы өтті.  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсеткен форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев шараға келген қонақтар мен студенттерді қарсы алып, форумның ашылуын жариялады. Ректор өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қалыптастыру бағыттарын айқындап бергенін және Мемлекет басшысы жастарға ерекше назар аударып, үлкен үміт артып отырғанын алға тартты.

Ректор өз сөзінде жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғана қалыптастыра алатынын айтып, сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау үшін университетте ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына  тоқталды. 

Форум барысында ректор салтанатты жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысы бекіткен ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңінің жобасын таныстырды.

Жастар форумына арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев: «Жастар – тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Студенттер сапалы білім, саналы тәрбие алып, ел мен жеріміздің гүлденуіне үлес қосуға тиіс. Мемлекетіміздің бәсекелі қоғамға бой түзеуі сіздердің алған білімдеріңіз бен қабілет-қарымдарыңызға байланысты. Олай болса, бәріміз Отанымызға адал қызмет етейік», – деп өз ойын қорытындылады. 

Танымал тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей мен Жол активтері ұлттық сапа орталығының маманы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Алла Чечеткина жастарды қоғамның дамуына белсенді үлес қосуға шақырды. 

Форумға қатысушылардың пікірінше, мұндай игі іс-шараның маңызы ерекше. Жастардың бойына отаншылдық рух, патриоттық сезім ұялатады. Елімізде болып жатқан жаңашыл өзгерістер мен бетбұрысты дамуға талантты студент жастардың еркін араласуына жарқын жол ашады. 

Форум жұмысы негізінен үш кезеңді қамтыды. Айта кетерлігі, «Атамекен» тақырыбында диктант жазуға ҚазҰУ-дың 16 факультетінен 500-ге жуық студент қатысты. Бірінші және екінші орын филология факультетінің студенттеріне (Аружан Салықова, Айдана Еркебаева) бұйырса, үшінші орынды механика-математика факультетінің студенті Халинұр Сатыбалдиева еншіледі. Ал, «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбындағы эссе жазу байқауына қазақ тілінде 80 жұмыс, орысша 10 және ағылшын тілінде жеті жұмыс түсті. Гран-при жүлдесін журналистика факультетінің студенті Дінмұхамед Атай жеңіп алса, бірінші орынды биология және биотехнология факультетінің студенті Алтынай Шаяхметова иемденді. Екінші орын филология факультетінің студенті Айназ Есекешке, ал үшінші орын журналистика факультетінің 3-курс студенті Анита Елубаеваға бұйырды. 

Барлық жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды және оларға бір реттік шәкіртақы тағайындалды. Ал, соңғы үшінші кезеңде байқау жеңімпаздарының жұмыстары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданды.

Форум соңында студенттер жанды дауыста «Атамекен» әнін шырқады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here