Жаңартылатын энергия көздерінің қанша нысаны былтыр пайдалануға берілді?

0
2357

Энергетика министрлігінің соңғы мәліметінше, бүгінде елімізде жалпы қуаты 2010 МВт болатын 134 жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде 19 нысан былтыр пайдалануға беріліп, елдегі ЖЭК қуаттылығын 23%-ға арттыра алды.

Париж келісімі аясында 2030 жылға қарай шығарындылар көлемін 1990 жылғы деңгейден 15-25%-ға қысқарту туралы міндеттеме алған Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне кезең-кезеңмен өтуге мүдделі. Қазір отандық электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,7%-ға жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15%-ға жеткізуді жүктеді. Былтыр қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да Президент тапсырмасының орындалуына үлес қоспақ. Осы мақсатта 2025 жылға қарай тағы да 60 ЖЭК нысанын іске қосу көзделіп отыр. Соның ішінде 34 жел электр стансасы, 13 су электр стансасы пайдалануға берілмек.

2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға жеткізу елімізге аса қиындық туғызбауға тиіс. Себебі, еліміздің қолайлы географиялық орналасуы бұған қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, еліміздің Каспий, орталық және солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде желдің жылдамдығы секундына 5-6 метрге (м/с) жетеді. Бұл – бір. Екіншіден, елдегі күн сағаттарының саны жылына 2200-3000 сағатты құрайды. Демек, Қазақстан жел мен күн энергиясының үлкен әлеуетіне ие. Енді соны пайдалана білу керек. Сонда ғана ауа сапасын жақсартамыз және энергетика тапшылығының алдын аламыз. Сөйтіп, «бір оқпен екі қоянды атамыз».

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here