Көліктен велосипедке отырған француздар мемлекеттен қанша еуро алады?

0
1712

Нидерланд – велосипедшілер елі. Неге десеңіз, жер көлемі біздің Мойынқұм ауданына да жетпейтін Еуропаның батысында орналасқан мемлекетте 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Ал, 17,6 млн халық тұратын елде 22,1 млн велосипед тіркелген. Халықтың 99 пайызында велосипед бар. Оны халықтың 50 пайызы тұрақты қолданады. Тіпті, 55 жастағы премьер-министр Марк Рютте де жұмысқа велосипедпен қатынайды. Өйткені, онда велосипедпен жүру мәдениеті қалыптасқан. Әйтпесе, экономикасы дамыған әлемдегі 15 елдің бірі саналатын Нидерланд тұрғындарының соңғы үлгідегі көліктерді сатып алуға да шамасы жетеді. Дегенмен, жергілікті тұрғындар жері онсыз да аз елде көлік кептелісін болдырмау әрі экологияны ластамау үшін велосипедпен қатынауды құп көреді. Нидерланд сияқты Дания, Германия, Швеция мен Норвегия елдерінде де велосипедшілер саны өте көп. Осы қатарға енді Франция да қосылғысы келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жергілікті билік француздарды велосипедке қалай отырғызатынына тоқталады.

Расында, француз билігі жоғарыда аты аталған еуропалық елдер сияқты велосипедпен жүру мәдениетін қалыптастырғысы келеді. Себебі, Данияда халықтың 15 пайызы велосипедпен қатынайтын болса, бұл көрсеткіш Францияда 3 пайыздан аспайды. Билік таяу жылдары осы олқылықтың орнын толтырмақ. Мәселен, ел үкіметі велосипедшілер санын 9 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Әрине, құры сөзден бұл жоспардың орындалмайтыны түсінікті. Содан үкімет нақты іске көшті. Алдымен велосипедшілер үшін қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, 2,2 млн тұрғыны бар Парижде бес жыл ішінде 130 шақырым веложол төселеді. Оны іске асыру үшін бюджеттен 250 млн еуро бөлінеді. Бұл – бір. Екіншіден, билік велосипедке отырғандарды қаржылай ынталандырады.

Билік ауаны ластайтын көліктен бас тартып, велосипедке отырған француздарға 4 000 еуро көлемінде өтемақы береді. Қазіргі курспен 1,9 млн теңге болатын төлемді табысы төмен отбасылар алады. Осы санатқа кіретін француздар бұл қаржыға велосипед сатып алулары керек. Ал, велосипеді бар болса, онда субсидия ретінде мемлекет берген қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға рұқсат беріледі. Мұндай төлемнен көліктен бас тартқан жағдайы жақсы француздар да қалыс қалмайды. Осылайша, француз билігі Францияны да велосипедшілер еліне айналдырып, халықтың экосанасын арттырғысы келеді.

Айта кетейік, халық санына шаққанда тіркелген велосипедтер саны бойынша әлемде Нидерланд көш бастайды. Одан кейінгі орындарға Дания, Германия, Швеция жайғасса, үздік бестікті Норвегия қорытындылайды. Бұл көрсеткіш бойынша Жапония жетінші орында тұр.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here