Спортта қазақтар мықты ма, әлде өзбектер мықты ма?

0
3243
Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың 2019, 2021 жылдардағы Азия біріншіліктерінде, 2023 жылғы Әлем чемпионатында жолын кескен екі дүркін Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов

Отандық спортшылардың соңғы жылдардағы Олимпиада мен Азиада ойындарындағы, Әлем біріншіліктеріндегі нәтижелері көңіл көншітпейді. Мысалы, 2016 жылғы XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 18 медальмен (3 алтын, 5 күміс, 10 қола) командалық есепте 22-орыннан көрінсе, коронавирус пандемиясының салдарынан бір жылға кешігіп өткен XXXII жазғы Токио Олимпиадасында ұлттық құрама 8 қола медальмен шектеліп, азат ел ретінде қатысқан жетінші жазғы ойындарда еліміз алғаш рет алтын және күміс жүлдесіз қалды. Ақ Олимпиада ойындарында да кері кету үрдісі байқалады. Айталық, 2018 жылғы XXIII қысқы Пхёнчхан Олимпиадасында Өскемен тумасы Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлдегер атанса, соңғы 2022 жылғы XXIV қысқы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты. Өкінішке қарай, Орта Азиядағы басты қарсыласымыз саналатын өзбектер де әлемдік додаларда біздің алдымызды орап кетіп жүр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының соңғы жылдардағы дүбірлі додаларда көрсеткен нәтижелерін салыстырады.

ТОКИО
ОЛИМПИАДАСЫНДА
ӨЗБЕКСТАН
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АЛДЫН ОРАДЫ

Соңғы жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетикада жүлдегер атанды. Таэквондода өзбек, каратэде екі қазақ жүлде салды. Дегенмен, каратэ келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының бағдарламасына енген жоқ.

Иә, соңғы екі жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан Қазақстанның алдын орап кетті. Жүлде саны бізде өзбектерден көп болғанымен, Рио-де-Жанейро мен Токио Олимпиадаларында алтын медаль саны бойынша олар біраз саты жоғары тұрды. Жапондар қабылдаған төрт жылда бір өтетін басты дүбірлі додада үш алтын, екі қола медаль алған Өзбекстан құрамасы командалық есепте 32-орыннан көрінсе, сегіз қола жүлдемен шектелген Қазақстан құрамасы 83-орында қалып қойды. Яғни, жалпы есепте біз өзбектерден 51 сатыға төмен тұрдық.

Байқасақ, Токиода Өзбекстан сол бес алтынның біреуін, Қазақстан сегіз қоланың екеуін бокстан алды. Соңғы жылдары Әлем чемпионаттарында да қазақтар мен өзбектер бокстан алтын жүлдесіз қайтып жүрген жоқ. Демек, дүбірлі додаларда екі ел алдымен боксшыларға арқа сүйейді.

Бокстан ерлер арасындағы соңғы Әлем чемпионатын Ташкент қабылдады. Өзбекстан астанасына әлемнің 107 елінен 538 боксшы келді. Дегенмен, Халықаралық олимпиада комитетінің Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстарға тусыз, әнұрансыз қатыстыру туралы шешіміне ресейлік Умар Кремлёв басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы пысқырып та қарамағандықтан, Украина, АҚШ, Швейцария сияқты 19 мемлекет (Ұлыбританияға қарайтын Англия, Шотландия елдерімен қоса алғанда 21 ұлттық федерация) биылғы Әлем чемпионатына бойкот жариялады. Мұндай шешім қабылдаған елдер екі жыл бұрын Белградтағы (Сербия) біріншілікте жүлделердің үштен бірін иеленген болатын. Сондықтан 2,5 ай бұрын өткен чемпионатта Өзбекстан мен Қазақстан боксшыларының он үш алтынның тоғызын алғанына таңғалуға болмайтын шығар. Әйтпесе, Сербияда қазақтар екі алтын медаль алса, өзбек боксшылары тұғырдың ең жоғары сатысына шыға алмады. Ал, Ташкент төрінде Өзбекстан 9 жүлде (5 алтын, 2 күміс, 2 қола) иеленді, Қазақстан қоржынына 5 жүлде (4 алтын, 1 күміс) түсті. Яғни, өзбектер жалпы есепте алдымызға шықты. Егер біз тек олимпиадалық салмақ дәрежелерін ескеретін болсақ, онда біздің боксшылар мүмкін болған жеті жүлденің екеуін (екеуі де алтын медаль), өзбектер алтауын (төртеуі алтын медаль) алды. Бұл көрсеткіш бойынша да көршілерден қалып қойдық.

Әйелдер боксында әзірге бізде артықшылық бар. Иә, әзірге. Өйткені, қазақ қыздары өзбек қыздарына қарағанда шаршы алаңға ерте шықты. Олардан Әлем чемпионаттарына ерте қатысты. Қазақстан құрамасы Әлем біріншіліктеріне екі мыңыншы жылдардың ортасынан бастап қатысып, 2023 жылға дейін 29 жүлде, соның ішінде 5 алтын медаль жеңіп алды. Өзбекстан құрамасы қыздарын аламан бәйгеге бізге қарағанда кештеу қосты. Олар Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін өткен жылы ғана алды. Өзбек қыздарына былтыр Стамбулда (Түркия) екі қола жүлде, биыл Нью-Делиде (Үндістан) бір қола жүлде бұйырды.

БИЫЛ ДЗЮДО
МЕН ТАЭКВОНДОДАН ӘЛЕМ
ЧЕМПИОНАТТАРЫНДА
ӨЗБЕКТЕР ЖҮЛДЕМЕН, ҚАЗАҚТАР
ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЙТТЫ

Дзюдошылар арасында Әлем чемпионаты біріккен форматта өтеді, яғни татами төріне ерлер де, әйелдер де бір жерде, бір мерзімде шығады. Жекпе-жектің басқа түрлерінен айырмашылығы да бар. Дзюдода барлық жеті салмақ дәрежесі олимпиадалық салмаққа жатады, Әлем чемпионаттарында да, Олимпиада ойындарында да аралас командалық біріншілік өтеді, барлығы 15 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

7-14 мамыр аралығында Катар астанасы Дохада дзюдодан өткен Әлем чемпионатында өзбекстандық спортшылар еліне төрт жүлдемен (екі күміс, екі қола) оралса, отандық спортшылар жүлдесіз қайтты.

Аралас командалық біріншілікте Қазақстан құрамасының нәтижесі де өте нашар болды. Оған барлық құрамалардан үш ер мен үш әйел қатысты. Бірінші айналымда-ақ қазақстандық команда неміс әріптестерінен ойсырай жеңіліп қалды. Ал, Өзбекстан командасы жартылай финалға дейін жетті. Қола жүлде үшін тартыста мықты дзюдошыларымен әлемге әйгілі Грузия құрамасынан 2:4 есебімен жеңілді. Грузиндер осы біріншілікте бес жүлдемен командалық есепте үшінші орын алғанын айтсақ та жеткілікті.

Токио Олимпиадасында дзюдодан Қазақстан да, Өзбекстан да бір қола жүлдеден алды.

Маусым айының басында Әзербайжан астанасында таэквондодан Әлем чемпионаты аяқталды. Бакуде 16 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Оның алдындағы Әлем біріншілігі сияқты Қазақстан құрамасының қоржыны бұл жолы да бос қайтты. Қыздар арасында үш отандық спортшы қола жүлдеге бір табан жақын болып, ширек финалда қарсыластарынан жеңіліп қалды, ал ерлер арасында сегіз отандық спортшы да 1/8 финалдан арыға аса алмады. Ал, Өзбекстан спортшылары таэквондодан бізге қарағанда мықты екендерін тағы бір байқатты. Олар төрт медаль, соның ішінде олимпиадалық салмақта екі медаль (күміс және қола) жеңіп алды.

Палуандар мен ауыр атлеттерге тоқталсақ. Аталған спорт түрлерінен биылғы Әлем чемпионаттары қыркүйек айында өтеді. Палуандарды Сербия, ауыр атлеттерді Сауд Арабия қабылдайды. Бір жыл бұрын күрестен де, ауыр атлетикадан қазақстандық пен өзбекстандық спортшылар шамамен бірдей нәтиже көрсетті. Нақты айтқанда, күрестен Қазақстан құрамасы үш медаль (бір күміс, екі қола), Өзбекстан құрамасы екі медаль (бір күміс, бір қола) еншіледі. Ауыр атлетикадан қазақтар екі жүлдемен (бір күміс, бір қола), өзбектер де екі жүлдемен (бір алтын, бір қола) оралды.

БҰРЫН
ӨЗБЕКСТАН ҚҰРАМАСЫ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
ШАҢЫНДА ҚАЛАТЫН

Расында, КСРО тұсында және азаттық алған жылдары отандық спортшылар өзбекстандық әріптестерінен оқ бойы озық тұратын. Оны статистика да растайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тарихқа сәл шегініс жасайық.

1956 жылы өткен КСРО халықтарының алғашқы жазғы спартакиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан 13-орынға тұрақтады. 11-орын алған Өзбекстан алдымызға шықты. Бірақ, уақыт өте келе Қазақстан жоғары нәтижелерге қол жеткізе бастады. Ал, 1975 жылдан бастап Ресей, Украина және Беларусьтен кейінгі орынды тұрақты иеленіп, Өзбекстанды үнемі артта қалдырып жүрді.

Біздің спорттағы көршілерімізден артықшылығымызды көрсететін басқа да статистиканы келтіруге болады. Жазғы Олимпиада ойындарына КСРО атынан «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтылардың ішінен іріктеліп алынған спортшылар ғана Одақ намысын қорғайтынын ескерсек, онда 97 қазақстандық спортшы мен 59 өзбекстандық спортшы қатысқаны қай елдің спорты мықты болғанын аңғартады. Жүлде саны бойынша да екі ел арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстаннан 27 жүлдегер (соның ішінде 11 чемпион), Өзбекстаннан 13 жүлдегер (3 чемпион) шықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Азаттық алғаннан кейінгі ширек ғасырға жуық уақытта біздің спортшылар Олимпиада ойындарында, Әлем біріншіліктерінде, Азия чемпионаттарында өзбектерге қарағанда жоғары нәтиже көрсетіп жүрді. Бірақ, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиасында жалпы есепте Өзбекстан алғаш рет Қазақстанның алдына шықты. 2018 жылғы Азиада ойындарында да біз өзбектерден қалып қойдық. Соңғы Жазғы Олимпиада мен Азиада ойындарында да алдымызды орап кетіп жүр. Бұл ойландыратын-ақ мәселе.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here