1999 жылы Жастар министрлерінің дүниежүзілік конференциясы БҰҰ Бас Ассамблеясына 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп жариялау туралы ұсыныс білдірген еді. Содан 23 жылдан бері жыл сайын әлемде 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Биыл әдеттегідей бұл шарадан Әулиеата жастары да шет қалмады. Халықаралық жастар күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы жергілікті жастарды қолдауға бағытталған бірқатар шара өткізді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Жамбыл жастары қатысқан шараларға қысқаша тоқталады.
Халықаралық жастар күніне орай өңірде алғаш рет Жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметтің халық арасында иммиджін көтеру, олардың әдепке негізделген бейнесін айқындау. Аталған форумға Жамбыл облысының 500 жас мемлекеттік қызметкері және мемлекеттік қызметке бет бұрған жастар қатысты.
«ЖЫР ЖАУҺАРЫ»
ОБЛЫСТЫҚ
ПОЭТИКАЛЫҚ ДУЭЛЬ ӨТТІ
Халықаралық жастар күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «Жыр жауһары» атты облыстық поэтикалық дуэль өтті.
Басқарма басшысы Жомарт Дүйсенұлы аталған шараның шымылдығын ашып беріп, ақындарға сәттілік тіледі. Жалпы ақындар арасында 1-кезеңде 8 жұп болып жұптасып өлеңдерін оқып, бақ сынасты, одан кейін әділқазылар алқасының шешімімен 4 жұп, яғни 8 ақын 2-кезеңге өтіп, дуэльге шықты. Жыр додасында жалпы 16 ақын бақ сынады.
Дуэльдің әділ бағасын беру үшін облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман, «Анаға тағзым» орталығының директоры, ақпарат саласының үздігі Эльмира Мырза-Ғали және облыстық «AQ JOL» газетінің тілшісі, «Жүрек өрті» кітабының авторы, ақын Нұржан Қадірәлі төрелік етті.
Әділқазылар алқасының шешімімен дуэльдің жеңімпаздары келесідей анықталды:
• «Үздік лирик ақын» номинациясын Ғалия Абылай;
• «Үздік поэзия» номинациясын Дархан Өмірбеков;
• «Үздік тармақ» номинациясын Берекет Қосбергенов;
• «Көрермен көзайымы» номинациясын Әділет Құттыбай иеленсе,
Жүлделі 1-орынмен (250 000 теңге және арнайы әзірленген статуэтка): Әлімжан Шөңгербай;
2-орынмен (150 000 теңге): Ғайникен Маралтайқызы;
3-орынмен (100 000 теңге): Жұматай Көксубай;
3-орынмен (100 000 теңге): Сымбат Сұлтан марапатталды.
Дуэльге қатысқан қалған ақындарға ынталандыру сыйақылары мен алғыс хаттар табысталды.
АШЫҚ АСПАН
АСТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ
ЖАЙДАРМАН
Халықаралық жастар күніне орай басқарманың ұйымдастыруымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ашық аспан астында облыстық «Жазғы кубок-2023» жайдарман ойыны өтті.
Ойынның тұсаукесерін Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мейірбекұлы ашып беріп, командаларға сәттілік тіледі.
Ойынның ерекше атмосферасы саябақта жүрген жастарды ғана емес, қала тұрғындарын да баурап алды.
Ойын тартысты әрі қызықты өтті деуге болады. Жалпы облыстан 7 команда өнер көрсетіп, әділқазылар алқасында өңірдегі Жайдарман ойынының тарихында ойып тұрып орын алған командалардың мүшелері төрелік етті.
Ойын нәтижесі бойынша көрермен көзайымы номинациясымен қыздардан құралған жалғыз «Ою» командасының капитаны А.Адамбаева (50 мың тг.) еншілесе, 3-орынды «Давмир» (80 мың тг.), 2-орынды «Әдеби жігіттер» (100 мың тг.), 1-орынды «Престиж» командасы (150 мың тг.) иеленді.
«Жайдарман» тек әзіл айтуды ғана емес, жастарды мәдениеттілікке тәрбиелеу, интеллектуалды деңгейін көтеру және жастардың өмірде өз орнын таба білуге баулиды.