Самарадағы кезекті эмбукай

0
836
Суретте оралдық команданың фестивальде өнер көрсету сәті. Фото: Наталья Стеллинг (Самара қаласы)

Айкидомен айналысушылардың бірқатары өткен айдың соңында Ресейдің Самара қаласындағы «Грация» спорт кешенінде өткен «Волжские перекаты» атты дәстүрлі айкидо фестиваліне жиналды. Ижевск, Самара облысынан, Самара қаласынан және өзіміздің Орал қаласынан қатысқан командалар фестиваль аясында шеберлік сабақтарына қатысты. Яғни, оқу-жаттығу жиынында айкидоның түрлі техникасына аса мән беріп, айкидоны тағы бір жаңа қырынан таныды деуге болады.

Суретте оралдық команданың фестивальде өнер көрсету сәті. Фото: Наталья Стеллинг (Самара қаласы)

Татами төрінде жаттығу өткізген ІІІ-ші дан иегері Евгений Завьялов (Самара), IV-ші дан иегері Вадим Булдаков (Ижевск), VІ-шы дан иегері Дмитрий Цапаев (Самара) өздерінің шеберлік сабақтарында айкидо тәсілдерін өз деңгейінде қалай қолдану керектігін зер салғыза көрсетіп, түсіндіріп берді. Адамның анатомиясы мен физиологиясына назар аударып, тәсілдерді тиімді қолдану керегін айтты. Сондай-ақ, әр қимылға ұқыптылықпен қарап, әдіс-тәсілдердің дұрыс орындалу жағына мән бергізді. Осылайша, шеберлік сабақтары түрлі қызықты жаттығу мен біршама тәсілді игерумен, пысықтаумен өтті. Бұрын істеп жүрген базалық техникалардың тиянақты меңгерілуіне баса мән берілді.

Евгений Завьялов айкидода адамның ауырлық орталығымен (центр тяжести человека) жұмыс істеу – ең маңызды жайт екенін айтты. Және де оны жаттыққанда дұрыс пайдалана білуге тоқталып, соған байланысты түрлі жаттығу көрсетті. Өз кезегінде Вадим Булдаков базалық тәсілдерді орындау барысындағы құлау кезінде сақтандыру әдістерінің дұрыс істелуіне айкидошылардың баса назар аударуын сұрады. Ал, Дмитрий Цапаев айкидодағы тәсілдердің жөнді орындалуына, қимылдау кезінде аяқ пен қолдың дұрыс тұруына тоқталды. 

Белгіленген кесте бойынша әр сағат уақытымен балалар жəне ерсектер тобы болып бөлек-бөлек жаттыққан айкидошыларға шеберлік сабақтары 22 қазанда басталып, келесі күні түске дейін жалғасты. Ал, түстен кейін эмбукай, яғни фестиваль басталды. («Эмбукай» дегеніміз – жапон термині бойынша жауынгерлік өнермен жаттығушылардың ортаға шығып өнер көрсетуі).

Фестивальде əр команда әзірлеп келген тәсілдерді көрермен алдына шығып көрсетті. Көрерменнің қошеметіне, қолдауына ие болды. Өйткені, айкидода әу баста бәсекелестік деген болған емес. Айкидо – негізінен жарысқа арналмаған. Ол – спорт емес, жауынгерлік қорғаныс өнері. Сондықтан осындай фестиваль арқылы келген қалың көрермен айкидоның түрлі тәсілін анық көріп, әр адамның орындау шеберлігіне көз жеткізеді. Айкидо алғаш ойлап табылғанда жарыс болмаған. Алайда, бертін келе айкидода арнайы ережемен жарыстар өткізіліп тұрады.

Фестивальге оралар болсақ, командалар арасында Қазақстанның Орал командасы да өздері дайындап әкелген тәсілдерді көрсетті. Команданы бастап барған Асан Молдағали және оның шәкірттері Самат Мусин, Əлімхан Халилов, Əрсен Ұзақбай татамиге шығып, өнерлерін көрерменге паш етті. Фестиваль соңында басқа командалармен қатар арнайы дипломдарға ие болды.

Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясы бұл «Волжские перекаты» фестиваліне бесінші рет қатысып отыр. Əр қатысқан сайын фестивальдің алдындағы оқу-жаттығулардан айкидо тəсілдерінің дұрыс орындалуы жағынан жаңа ақпараттар алып, тың жаттығуларға куə болып қайтады.

Фестивальден үлкен əсермен оралған оралдық команда мүшесі Самат Құрмантайұлы: «Айкидомен жаттыққалы мұндай шараға ең алғаш қатысуым. Фестиваль болады дегенде, қатысып келуге құлшыныс болды. Барып келгеніме еш өкінбеймін. Айкидо жайында өте жақсы мағлұматтар алдым. Былайша түрлі шеберлердің əдіс-тәсілдерді орындауларын ютуб желісінен көремін ғой. Ал, Самарадағы жаттығу жиынында шеберлердің расымен де техникаларды өте шебер орындағандарын өз көзіммен көрдім. Аз да болса олармен бірге жаттығуым – мен үшін ерекше болды», – дейді.

Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай
федерациясының нұсқаушысы

Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here