Ұлытау облысында 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда

0
838

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Қараағаш орманшылығында 2025 жылға дейін 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл басталған ағаш егу жұмысы аясында Қараағаш шаруашылығында 1,7 милиион түп ағаш отырғызу көзделіп отыр. Жалпы облыс тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығына белсенді қатысуда. Облыстың қала, аудандарында еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестіктер өкілдері жаппай ағаш отырғызуда. 24 сәуірде акция аясында Жезқазған қаласының жастары «Наурыз» саябағына 100 түп терек отырғызды.

Облыс орталығында өткен акцияның мақсаты – қала тұрғындарын қаланы таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы қаланы таза әрі жасыл қалаға айналдыруға шақыру.

«Қаламыздың көгалданып, абаттануы үшін өткізіліп жатқан акцияға тұрғындарды белсенді атсалысуға шақырамын. Сонымен қатар ағаштарды сындырмауға, күтіп-баптауға, қолдарыңыздан келгенше үйлеріңіздің алдына ағаш отырғызып, оларды суарып тұруға кеңес беремін», – дейді Ұлттық волонтерлар желісі Ұлытау облыстық филиалының жетекшісі Дарын Төлеубай.

Акцияға облыстың Жаңаарқа ауданы да белсенді қатысып, онда бүгін 200 түп ағаш отырғызылды.

Атап өтейік, 27 сәуірде өтетін сенбілікте облыс орталығында тағы 9 мың түп ағаш отырғызу жоспарлануда.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here