Кісілік пен кемеңгерліктің кілтін ұсынған данышпан әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты әйгілі еңбегінде азаматтық қоғамның құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Ұлы ұстаз ізгілік иірімдеріне терең бойлап, білім мен тәрбиені қатар жандандыруды насихаттайды. Құнды еңбекте адамдар арасындағы достық, сүйіспеншілік, өзара көмек беру сынды қарым-қатынастар жақсылыққа жетудің бірегей жолы деп бағамдалады. Киіз туырлықты халқымыз әрдайым бекем бірлікке, тату-тәтті тұрмысқа, қоғамдық келісім мен ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Тағдырдың тәлкегі мен теперішіне тап болған мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсетеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген көңіл ала-бөтен. Бүгінде осы санаттағы жандарға қоғам мен мемлекет тарапынан жете назар аударылып, құқықтары ерекше қорғалады. Бұл – елімізде өзара құрмет пен теңдік құндылықтарының салтанат құруы, жалпыадамзаттық «қайырымды әлем» ұғымының қанат жаюы.
Фараби бабамыздың пікірі негізінде парықтар болсақ, «адамдарды бір-біріне көмектесу үшін біріктіретін қала – қайырымды қала, ал бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам».
«БІЗ – ТЕҢБІЗ!»
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 719 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Олардың 420 мыңы еңбекке қабілетті жаста болса, 187 мыңнан астамы зейнеткер. Ал 104 мыңға жуығы кәмелет жасына толмағандар. Осы санаттағы жандарға көмек көрсетіп, демеу жасау – биліктің әрдайым басты назарында, ұдайы бақылауында.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көптеген міндеттемелерді мойнына алды. Халықаралық құжаттағы нормаларды іске асыру мақсатында 2015 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» арнайы заң қабылданды. Оған сәйкес мүгедектігі бар адамдар ешқандай дискриминациясыз қоғамның толыққанды мүшесі ретінде Ата Заңда көзделген құқықтарға ие бола алады.
Қазіргі күнде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың бірнеше деңгейлі жүйесі іске қосылған. Атап айтқанда, мұқтаж азаматтарға арналған әлеуметтік жәрдемақы мен төлем түріндегі қолдау, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту аясында қажетті жабдықтармен, арнаулы құралдармен қамтамасыз ету және арнайы әлеуметтік қызметтер түрін ұсыну қарастырылған.
Былтыр қабылданған жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға бюджет есебінен ай сайын төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа есеппен 14,5 пайызға артты. Бұл мақсатта республикалық қазына қоржынынан қосымша 41 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері де 7 пайызға көбейді.
Ал биылғы қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі тағы да 7 пайызға артты. Мәселен, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам бұған дейін 89 248 теңге жәрдемақы алып келсе, биылдан бастап оның мөлшері 95 496 теңгеге өсті. Екінші топ үшін жәрдемақы сомасы 76 397 теңгені құраса, 52 089 теңгені үшінші топтағылар алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын мемлекет тарапынан мұқтаж азаматтарға 400 мыңға жуық қажетті құрал-жабдықтар беріліп, түрлі қызметтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдары аралығында еліміздің 12 аймағында 150 орындық реаблитациялық орталықтар ашу жоспарланып отыр. Аталған мекемелерде мүгедектігі бар егде азаматтармен қатар жарымжан балалалардың да тиісті қызметтерді алуға толыққанды мүмкіндігі бар. Заманауи құралдармен жабдықталған алғашқы кешен былтыр Семейде ашылды. Бүгінде осы тақылеттес орталықтардың құрылыстары Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола және Ақтөбе облыстарында қарқынды жүргізілуде.
Тағдырға мойымаған жандар
Бүгінде өз бойындағы кінәратқа дес бермей көптеген салаларда жетістікке жеткен жандар жетіп артылады. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра ондай азаматтар спорт, бизнес, қоғамдық қызметте толағай табыстарға қол жеткізіп, өзгелерге үлгі болуда.
Тағдырдың теперішіне мойымай, ілкімді ісімен көпке үлгі болып келе жатқан азаматтың бірі – Мусрят Елікбаев. Көз жанарында мүкістігі бар жігіт ағасы бүгінде Қазақстан голбол федерациясына жетекшілік жасайды. Көру қабілеті нашар өзге азаматтармен бірге голбол ойнап, аталған спорт түрінің елімізде қанат жаюына сүбелі үлесін қосып келеді. Белсенділігі бұнымен шектеліп қалмаған. Жұбайы Назира Құрмашевамен бірге «Мейірімді ел» атты қоғамдық бірлестік құрып, әлеуметтік кәсіпкерлікті өрістетіп отыр. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар көзі нашар көретіндерге арналған шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ тақталарын шығаруды қолға алған. Екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан жұбайлар алдағы уақытта игілікті істерін одан әрмен кеңейтуді көздейді.
Елордалық Айсұлу Сүлейменова (суретте) осыдан оншақты жыл бұрын трагедиялық жағдайға тап болып, екі аяғынан бірдей айырылды. Десе де, сынаққа сынбаған бойжеткен көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Бүгінде Айсұлу Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі, IT саласының білікті маманы. Нәзікжанды өмірде кездесер кедергілер мен тосқауылдарға мойымай, одан әрмен алға қарай қарышты қадам басу керектігін үнемі жадында ұстайды.
Қайырлы қамқорлық, кедергісіз келешек
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың мәселесін оңтайлы шешуге айырықша назар аударылып, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға, тосқауылдарды барынша азайтуға мүмкіндік беретін заңнамалық базаны үздіксіз жетілдіруде.
Былтырғы жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен «Адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы іс-шаралар жоспары туралы» Жарлығы мүгедектерге қатысты адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жуырда 2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде Ұлттық жоспар әзірленді. Қоғам талқысына ұсынылып, маңызды нормалар енгізілген құжатта 47 іс-шара қамтылған. Олардың қатарында науқастарды өзін-өзі басқаруға үйрету бағдарламасын енгізу, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивті қолдау кабинеттерін кеңейту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай жасау сынды шаралар қарастырылған.
Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту орайында да бірқатар істер еңсерілуде. Құзырлы министрліктің ақпаратына сүйенер болсақ, 2023 жылдың соңына дейін квота шеңберінде 40 мыңға жуық азамат қолайлы жұмысқа орналасқан. «Екі қолға бір күрек тапқандардың» 32 мыңға жуығы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушылар болса, 8 мыңға жуығы квота негізінде жұмысқа орналасқан. Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін 138 мың азамат тұрақты жұмысқа тартылған.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимараттарда бейімдеу іс-шаралары жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін 22 мың нысанды бейімдеу көзделіп отыр. Басты назарда мемлекеттік, медициналық, білім беру мекемелері мен әлеуметтік және коммерциялық нысандар.
Алматы – тең мүмкіндіктер қаласы
Алатаудың етегіндегі алып шаһар Алматыда 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Осыған орай мегаполисте бірнеше жылдан бері арнайы жоба қолға алынып, қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Оңтүстік астананы тең мүмкіндіктер жасалған инклюзивті қала ретінде дамыту – бірнеше жылдан бері басым бағыттардың біріне айналған. Осы тарапта қабылданған арнайы бағдарлама шеңберінде бүгінге дейін жүздеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында спорттық-сауықтыру кешендері, балалар мен ересектерге арналған оңалту орталықтары, әлеуметтік қызмет көрсету үйлері бар. Бір ғана 2023 жылы Алматыда мүгедектігі бар адамдарға арналған 680-нен астам нысан салынған.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға арналған квота енгізілмек. Жаңа оқу жылы қарсаңында денсаулығында кінәраты бар балаларды білім алуға қажетті құралдармен толыққанды жабдықтау бастамасы да былтырдан бастап қолға алынды.
Соңғы жылдары көпшілік тарапынан инватакси қызметіне сұраныс айтарлықтай артқандықтан пилоттық жоба ретінде арнайы жабдықталған такси қызметтері де іске қосылды. Ал, мегаполистің бірнеше ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып ашылған әлеуметтік қолдау көрсету орталықтарында қажетті ақпараттар мен кеңестерді алуға мол мүмкіндік бар. Аталған мекемелерде мүгедектігі бар адамдар заңдық, психологиялық, білім беру және өзге кеңестерді тегін ала алады.
Халық көп қоныстанған алып шаһардағы қайырымы мол істер одан әрмен жалғаса бермек. Баянды бастамалар тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасап, игіліктерді тең дәрежеде көруіне мүмкіндік беруді көздейді.
Тобықтай түйін
«Мүмкіндігіміз шексіз екенін дәлелдеп келеміз!» Өмірде тосқауылдарға тап болған тағдырлы жандардың пайымы бұл. Денсаулығында кінәраты бар демесеңіз, олар да қоғамның тең мүшесі, еліміздің толыққанды азаматы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы негізінде осы санаттағы жандарға елеулі назар аударылуы – ізгілікке негізделген қоғамның көрінісі деп парықтауға толық негіз бар.
Жандар ТҰРАРҰЛЫ