Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың спорты

0
935

Әлемде 250-ден астам ұлт бар. Олардың бірқатары бір-біріне түрі мен діні, ділі жағынан ұқсас болғанымен, ұлттық құндылықтары сан алуан. Бір ұлтты екінші ұлттан айырықша ететін де, осы қанға сіңген құндылық. Нақтырақ айтсақ, дәстүр, ұлттық өнер мен бабадан қалған мұра.

Тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері, 8 дүркін республика чемпионы Мұсаева Гүлсім Қызайбекқызы шәкірттерімен бірге.

Біздің бүгінгі таңдағы мақсат-мүддеміз – ата-бабаларымыздан жалғасып жеткен ұлттық құндылықтарымызды сақтау және уақыт талабына сай жаңғырта отырып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа насихаттау. Тоғызқұмалақ – сол құнды дүниеміздің санатына кіретін ұлтымыздың дәстүрлі ойындарының бірі. Жалпы бұл ойын, ақыл мен ойдың тереңінен ойлануына мол мүмкіншіліктер беретін және адамды тапқырлыққа үйрететін ғажап ойын. Шыдамдылықты, салқын қандылықты, терең әрі логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ойдың спорты десек те болады.

Соңғы деректерге қарағанда, тоғызқұмалақтың шығу тарихы төрт мың жылдық кезеңді қамтиды деседі. Әлемнің көптеген елінде бұл ойын түрінің насихаты жоғары деңгейде екені де рас. Мәселен, Қырғызстан мемлекетінің білім ордаларында тоғызқұмалақтан олимпиадалық жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса, Қытай мен Қарақалпақстанда бұл ойынға арналған арнайы кітаптар және ғылыми еңбектер басылып шығарылады. Сондай-ақ Алтайда Қарашай-Шеркеште, Сахада бұл ойынның үйірмелері жұмыс істейді. Еуропаның бірнеше елдерінде де тоғызқұмалақ ойыны ойналады. Ал өз Отанымызда тоғызқұмалақтың жеке қауымдастығы бар. Қазақстанның Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті, белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов.

Осы мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Алматы облысы Кеген ауылының тұрғыны, тоғызқұмалақтан республиканың 8 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, осынау қастерлі ұлттық ойынымыздың білімді де білікті, білгір маманы – Мұсаева Гүлсім Қызайбекқызы.

Гүлсім апайымыз бүгінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан дәріс береді. Қарқарада, Бөлексазда шәкірттері жетерлік. Жалпы қырықтан аса шәкірті бар. Бұл жоғары көрсеткіш. Шәкірттерінің жемісті, жеңісті жетістіктеріне өзі де дән риза. Еңбегі жанған деген осы шығар, жаттықтырушы тоғызқұмалақтан ҚР Федерациясының президенті Әлихан Бәйменовтің құттықтау хатына ие болды.

Тоғызқұмалақшы нәзік жанның туып-өскен ортасы туралы бірер сөз өрбіте кетейік. Гүлсім Қызайбекқызы Ұйғыр ауданына қарасты Диірмен ауылының түлегі. Әулетінің үкілеп үміт күткен қарлығашы-тұғын. Атасы Нұрғали Мұсаұлы мен әкесі Қызайбек атақты тоғызқұмалақшылар болған. Демек бұл өнер Гүлсімге ата-бабасынан дарып, жалғасып келе жатқанын аңғарамыз. Тіпті апайымыз өз тұсында тоғызқұмалақтан 3 дүркін атасы Нұрғали Мұсаұлының атында облыстық чемпионат өткізіпті. Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі және спорт институтын бітіріп, бірсыпыра жылдар облыстық спорт мектебінде жемісті еңбек етті. Жамбыл ауданындағы спорт мектебінде тоғызқұмалақтан арнайы бөлім ашып, жұмыс жүргізді. Сол кезде аудан тоғызқұмалақтан облыс бойынша 19 орында екен. Бірер жылдың ішінде дарынды шәкірттерін көптеп дайындап, ауданның тоғызқұмалақшылары жастар чемпионатында және ардагерлер бәсекесінде бірінші орынды иеленіпті. Бұл да болса білгір маман, білікті жаттықтырушының ерен еңбегінің нәрлі жемісі. Кәсіби жаттықтырушы тоғызқұмалақтың сан сырлы жан-жақтылығын былайша жеткізіп, ой бөліскен еді: «Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың үйренуге, дәріптеуге тұрарлық тамаша ойыны. Тоғызқұмалақты білген жан математик, білгір физик, білікті химик болып шығады. Мықты экономист болып қалыптасады. Бұл мамандықтан ешкім ұтылмайды. Математика екінің біріне жалын ұстата қоймайды. Сондықтан жас ұрпақтың тоғызқұмалақты үйреніп, меңгергенін қалаймын. Әсіресе, мені мүмкіндігі шектеулі балалар тағдыры алаңдатады. Соларға да уақытымды бөліп үйреткім келеді».

Рас, тоғызқұмалақшы Ананың айтып отырған осы бастамысы аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі басшылығының назарына жетер деген үміттеміз.

Келесі сөз орайында, тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері Гүлсім Қызайбекқызының жетістіктеріне тоқталайық.

2023 жылы Қаскелең қаласында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті. Бұл сайысқа Кеген ауданынан 12 тоғызқұмалақшы шәкірті қатысты. Нәтижесінде 1 алтын, 7 қола медалін қанжығаларына байлап қайтты. Бөлексаз орта мектебінің оқушысы Ерген Мейрамбек алтын медальға ие болып, республикалық жарысқа жолдама алса, қола медальді Ақбота Мақсатқызы иемденді және Кәусар Нұрланқызы, Құлан Медетқызы, Ақмейір Ерланқызы, Инабай Жанатқызы есімді шәкірттердің де жетістіктерін мақтанышпен айтамыз. Сонымен қатар Семей қаласында тоғызқұмалақтан өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншілікке Кеген ауданынан Ерген Мейрамбек пен Құлан Мақсатқызы қатысып, 300-ге тарта тоғызқұмалақшылар арасынан аталған ойынның классика, рапид, блиц түрлері бойынша күш сынасты. Нәтижесінде 9 жасар ұлдардың сайысында 33 қатысушының арасынан Ерген Мейірбек І орынды иеленіп, республика чемпионы атанып, Алматы облысының бас жаттықтырушысының 30 мың теңгелік сертификатымен марапатталды әрі тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атанып қайтты. Бұл ауыл, аудан, әрісі облыс үшін зор мерей, орынды мақтаныш! Жарыс қорытындысында, түрлі сайыстар бойынша 17 медальға ие болған облысымыздың тоғызқұмалақшылары республика бойынша 1 орыннан көрінді.

Гүлсім апайымыз жастармен ғана жұмыс істемейді, ауылдың үлкен кісілерін де бұл ойынға деген қызығушылықтарын арттырған. Өзінің ұйымдастыруымен Кеген ауылында тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында облыстық чемпионат өткізді. Бұл жарыстың жеңімпаз иелері Қазақстан Республикасының ардагерлер чемпионатына жолдама алып, 9 тоғызқұмалақшы Алматы облысының құрама командасына қабылданды. Қызылорда қаласында өткен республикалық ардагерлер біріншілігінде облыстың құрама командасы 9 медальға ие болып, чемпион команда атанды. Аталған бәсекеде 55 жастағы әйелдер арасынан Гүлсім Қызайбекқызы жарыстың екі түрінен І орынды иеленді. Кәсіби маман иесін лауазымды орындарға басшылық ету қызметі де ұсынылса керек. Алайда жаттықтырушы: «Мені екі дүркін Қарасай ауданының спорт мектебінің басшылығы көтеріңкі еңбекақы төлейміз деп жұмысқа шақырды. Еңбегімді елеген оларға көптен-көп алғысымды айтамын. Бірақ, осы аудандағы шәкірттерімді, үйренісіп, сыйласып кеткен ортамды ойлап барғым келмеді», – дейді ішкі сырын ашып.

Иә…

Кеген ауданының мерейінің үстем болуына, тоғызқұмалақтың ауылдық жерде желкенін жайып, өркенін өсіруге елеулі үлесін қосып жүрген Гүлсім Қызайбекқызының еңбегі ерен, көтеріп жүрген жүгі ауыр. Табанды еңбекқор, білгір ұстаз, білікті жаттықтырушы нәзік жанды қалай мақтап, дәріптесең де, биікке көтерсең де жарасады!

Бұл орайда бүгінгі ортасында «қолда барда алтынның қадірінің білінбей», елеусіздеу, тасада қалып қойып жүрген тоғызқұмалақшыға аудан әкімшілігі, аудандық спорт басқармасы лайықты назарын аударса және аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға шапағатын тигізудің тиімді жолдары қарастырылса, нұр үстіне нұр болмақ еді.

Біз тоғызқұмалақшы Гүлсім Қызайбекқызына және алғыр шәкірттеріне жемісті-жеңісті күндеріңіз көп болсын деген ақжарма тілегімізді білдіреміз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here