2,5 пайызбен 27 млн теңге несие

0
976

Былтыр Жамбыл облысында басталған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы биыл бүкіл өңірді қамтитын бағдарламаға айналды. Енді қоян жылынан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, қазірдің өзінде Ақтөбе мен Түркістан облыстарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы халыққа шағын несиелер беріліп жатыр. Осы орайда Informburo.kz порталында жарияланған бағдарламаның шарттары мен үміткерлерге қойылатын талаптарды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Шағын несие шарттары:

  • шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін;
  • Шағын несиенің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін (8 625 000 теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (27 600 000 теңге);
  • номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды;
  • кепіл қою;
  • ҚР салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелу.

Шағын несие ала алатын үміткерлер:

  • ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер;
  • зейнет жасына жетпеген қысқартылатын жұмыскерлер;
  • жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және / немесе әрекетсіз жеке кәсіпкерлер;
  • отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
  • сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар;
  • табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері.

Шағын несие беретін мекемелер

Шағын несиелер сенім білдірілген өкіл арқылы халыққа беріледі. Сенім білдірілген өкілді бюджет заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган айқындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік деңгейде бағдарламаны әзірлегенімен, оның жанында шағын несие беретін ұйым жоқ. Сондықтан ақшаны бөліп беру, оны үлестіру, жобаларды таңдау әкімдіктердің мойнында. АШМ түсіндіруінше, шағын несиелер әкімдіктерге қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы беріледі. ӘКК құжаттар, өтінім қабылдау тәртібін анықтап, шағын несие алатын үміткерлерді іріктейді.

Шағын несие беру тәртібі, негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкіл шешімімен белгіленеді және несиелік шартта көрсетіледі. Үміткерлерді сенім білдірілген өкіл тапсырма шартына сәйкес айқындайды.

Үміткер сенім білдірілген өкілге келесі құжаттарды өткізеді:

  • өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • несие тарихы мен есеп туралы ақпаратты беруге келісімі;
  • мемлекеттік/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген шағын несие туралы ақпаратты, мәліметтерді және несие беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі;
  • бизнес-жоспар;
  • қарыз алушының уәкілетті органының шағын несие алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
  • мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
  • қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
  • несиелік берешектің болуы туралы анықтама (несиелер болса);
  • қарыз алушының жалақысын және/немесе өзге де кірістерін растайтын құжат (зейнетақы қорынан үзінді көшірме);
  • бағалау туралы есеп;
  • кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Өтінімнің қаралу уақыты

Сенім білдірілген өкіл шағын несие алуға үміткер ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін құжаттар тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен олардағы мәліметтер шағын несие беру шарттарына сәйкес келмесе, себебін көрсете отырып, оны алуға арналған құжаттар топтамасын үміткерге қайтарады.

Құжаттар талаптарға сай келсе, өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынылған бизнес-жобаға бағалау жүргізеді және шағын несие беруді мақұлдау не бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Шағын несие беру мақұлданса, сенім білдірілген өкіл үміткермен шағын несие беру туралы шартқа қол қойып, қаржыны шотына аударады.

Қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау

Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға шағын несиенің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді. Есепте қарыз алушы туралы мәліметтер, жоба атауы, шағын несие сомасы және берілген күні, қарыз қаражатының нысаналы мақсаты мен оны мақсатты пайдалану туралы ақпарат бар.

Несие төлеудегі жеңілдік

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу жөніндегі жеңілдікті кезең шағын несие мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен, яғни 20 айдан аспайды.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы:

  • 2023 жылы 52,4 млрд теңге бөлінді, 11 мың шағын несие беріледі;
  • 2024 жылы 74,6 млрд теңгеге 12 мыңнан астам шағын несие беріледі;
  • 2025 жылы 76,7 млрд теңге бөлінеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here