Апта басында Алматы қаласындағы Максим Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы маңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері үшін 327 орындық жатақхана салу жоспарланып отырғаны, осыған байланысты қалалық әкімдік 2021 жылдың 1 наурызында тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау өткізетіні туралы хабарланды. Бұл хабарды естіген кейбір қоғам белсенділері мен саябаққа жақын маңда тұратын тұрғындар шу шығарып, Президентке де қайырылып үлгерді. Содан «Университет Алматының Орталық саябағында жатақхана салмақшы» деген ақпарат тарап кетті.
Әрине, «Талдарды бұталап, саябақ ортасынан нысан салынады» десе, есі дұрыс адам бұған қарсы шығады. Қарсы тарап та мән-жайды осылай көрсеткісі келеді, соған жұртты сендіргісі келеді. Ал, мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салатындар 93 жылдық тарихы бар қазақтың тұңғыш университетіне шүйлігіп жатыр.
Мәселенің мәнісіне тоқталмай тұрып, алдымен жатақхана салуға қарсы тараптың уәждеріне құлақ түрейік. Олар не дейді? Сол маңда тұратын тұрғындардың балаларымен, иттерімен серуендейтін жерлерін жатақханаға көшіп келген студенттер күл-қоқысқа айналдырып, саябақтың сәнін құртады-мыс. Бірнеше түп ағаш кесіліп, экологияға орасан қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан олар саябақтың бүлінбеуі үшін араша сұрап, барлық тиісті орындарға шағымданған. Жоғарыда жазғанымыздай, Мемлекет басшысына да хат жолдаған.
«Мұнда өзіміздің, ата-анамыздың балалық шағы өтті. Сондықтан бұл жердің тағдырына алаңдаймыз. Құрылыс экологияға, осындағы құстар мен кеміргіштерге зиянын тигізеді деп есептейміз. Жатақхана салғасын онда әртүрлі студенттер тұрады. Жастар төбелесіп, маңайдағы жұрттың тыныштығын бұзуы мүмкін. Темекінің тұқылы мен күл-қоқысты саябаққа лақтырып, бақтың сәнін кетірмесіне кім кепіл?» – деп Іnformburo.kz тілшісіне пікір білдіріпті Айдана Жылқайдарова.
Айдана Жылқайдарованың «темекінің тұқылы мен күл-қоқысты саябаққа лақтырып, бақтың сәнін кетіретін», яғни «салынғалы жатқан жатақханада тұратын әртүрлі студенттері» сол өзіміздің ауылдан қалаға оқу іздеп келген қаракөздеріміз. «Ауылдың балалары» деп ашық айтпаса да, соларды меңзеп отырғандары белгілі. Өйткені, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 13 мыңнан астам студент оқыса, соның 11 мыңға жуығы сырттан келгендер. (Ауыл-аймақтан білім қуып келгендердің 3 мыңнан астамы жатақханаға зәру екен). Ал, Одақ тұсында ауылдан келгендерді қалалықтардың көбі (бәріне топырақ шашып отырғанымыз жоқ) «екінші сорт адам» ретінде қарағандары ащы шындық, оны ешкім жоққа шығара да алмайды. Бірақ, «ауылдан келгендер қоқыс шашады, мәдениетсіз, тәртіпсіз» деген бұрынғы «стереотип» Кеңес Одағымен бірге келмеске кету керек еді. Ауыл жастарын жабайы етіп көрсету ешкімге абырой әпермес тірлік. Тіпті, сол саябақта иттерімен бірге серуендейтіндер арттарын тазалап жүр ме? Онда болғандар бұған да күмәнмен қарайтын еді. Студенттер келмей-ақ айнала толған қоқыс, иттердің нәжісі… Сосын тұрғындар қай жерге «таласып» жатқанын суреттерден қараңыз!
Енді эмоцияны сыртқа ысырып қойып, негізгі тақырыпқа оралайық.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру мақсатында ұстаздар ұстаханасы жатақхана салуды жоспарлап отыр.
«Алматы қаласы әкімінің қаулысымен орталық саябақпен шекаралас Медеу ауданында орналасқан Абай атындағы ҚазҰПУ жер учаскесіне жатақхана салуға рұқсат берілді. Айта кетейік, оның Ғ.Орманов көшесі жағынан бөлек кіреберісі бар. Сондай-ақ, бұл жер учаскесінде М.Әуезов атындағы стадион, университеттің оқу корпустары мен әскери кафедрасы орналасқан. Жатақхана велотректен кейінгі жер учаскесінде бой көтереді. 2011 жылдан бастап бұл жер телімі Спорт және туризм колледжінің балансынан алынып, Абай атындағы ҚазҰПУ балансына берілді. Мәдениет және демалыс саябағының аумағына кірмейді» деп хабарлады университет өкілдері.
Университет өкілдері хабарлағандай, жатақхана салынатын жер саябақтың аумағына кірмейді. Кіреберісінің де саябаққа қатысы жоқ. Жатақхана салу үшін барлық қажетті рұқсат құжаттары бар. Бұл жер бірнеше жылдан бері университетке тиесілі. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы саябақ жерін заңсыз басып алып, экологияға зиян келтіретіндей құрылыс жұмыстарын бастап жатқандай көрсетуді қою керек.
Кеше, 19 ақпанда қарсылық білдіргендер құрылысқа бөлінген 11 сотық жерде талдардың кесілетінін де алға тартты. Талай талды тамырымен қопарып, мейрамхана, сауна салып жатқандардың барын ескерсек, саябақ маңында тұратын тұрғындардың бұл алаңдаушылығын түсінуге де болады. Дегенмен, университет таратқан ақпаратқа сенсек, құрылыс кезінде 67 тал оталмақ, есесіне тапсырыс берушілер кесілген ағаштардың орнына 670 тал егуге міндеттеледі.
Жатақхана салынатын жер табылғанымен, мемлекеттің бір тиыны да жұмсалмайтындай инвестор табу оңай емес. Оның үстіне бұл көл-көсір пайда таппайтын әлеуметтік нысан. Ал, 1 млрд 300 млн теңгеге салынатын 327 студентке арналған 6 қабатты бұл жатақхана инвестор есебінен салынады. Мұны да ескерген жөн.
Саябақтың маңында өзге де кәсіпкерлік нысандары мен коттедж қалашығы орналасқан. Ал, 11 сотық жерге салынатын жатақхана құрылысына қарсы шығып жатқандар кезінде сол аумақта басқа нысандардың құрылысына неге осылай қарсы шықпаған?!
Қалай болғанда да, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жатақханаға мұқтаж 3 мыңнан астам студентінің мәселесі шешілуі керек. Сондықтан алдағы қоғамдық тыңдауда «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» шешім қабылдануы қажет.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ