Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының сенаторлары «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» тақырыбы бойынша отырыс өткізді. Топ басшысы Серік Шайдаров өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру және дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикасының қозғаушы күшіне айналуы тиіс деген тұжырымдама әзірленгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы басым салалардың бірі болып табылады және Қазақстан экономикасының қозғаушы күші болуға тиіс. Бүгінгі таңда халықтың шамамен 40%-ы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты, Президент Үкіметке осы тұжырымдама аясында ауылды дамытуға бағытталған барлық жобаларды жинақтап, жүйелеуді тапсырған болатын. Біздің депутаттық тобымыз өз кезегінде осы бағытта, оның ішінде заң шығару қызметі арқылы жан-жақты жәрдемдесуге дайын», – деді сенатор Серік Шайдаров.
Парламент депутаттары алдында сөз алған Ұлттық экономика министрлігінің өкілі тұжырымдаманың негізгі ережелері және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары туралы баяндады. Одан кейін сөз сөйлеген орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де ауыл шаруашылығы саласындағы ағымдағы ахуал, қазіргі проблемалар мен шешу жолдары туралы баяндама жасады.
Депутаттар талқылау барысында ауыл тұрғындарын толғандыратын бірқатар өзекті мәселелерді, атап айтқанда электр желілерін, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға қатысты мәселелерді көтерді.
Сенатор Серік Шайдаров отырысты қорытындылай келіп, талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің баяндамаларындағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мәселелер салалық мекемелердің атына жіберілетін ұсынымдарда көрініс табатынын атап өтті.