Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлының есімі қазақ еліне таныс. Ол тынымсыз ізденістің арқасында қаншама танымдық-тағылымдық жағы мол кітаптар жазып, ел құрметіне бөленді.
Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде болашақ білікті мамандарға дәріс береді. Тәлім алған шәкірттері еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында қызмет атқарады.
Оқырманға жол тартқан құнды еңбектің еншілес авторы Тамара Әлібек те жарты ғасыр бойы жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен танымал ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Оның жарық көрген монографиялары, оқу құралдары және ғылыми мақалалары республикамыздағы әріптестері мен студент жастардың таным көкжиегін кеңейткен рухани дүниелеріне айналды.
Назарларыңызға ұсынылып отырған монография ғалымдардың Солтүстік Қазақстан мен Батыс-Сібір өлкесінің орта ғасырлық тарихын көп жылдық зерттеу жұмысының нақты нәтижесі.
Жалпы, кітап білім ордаларындағы жастарға, өлкетанушыларға және өскелең ұрпаққа арналған. Тілі жатық, деректер мен дәйектерге бай. Көрнекті тұлғалардың өмір жолдары көпшілікке ғибрат.
Оразалы ОТЫНБАЙҰЛЫ