Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бөлімшелері тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Өрт сөндіру жұмыстары Бородулиха ауданында жүргізілуде. ТЖМ жедел штабы Қорғаныс министрлігіне Успенка, Каштак және Талица ауылдары маңындағы аумақты бекітіп берді.
«Жұмыстың бәрі Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабымен өзара іс-қимылда өтуде. Біздің бөлімшелердің күшімен Каштак, Успенка елдімекендерінің айналасы жыртылды. Міндеттер қалыптасқан жағдайды ескере отырып қойылуда», – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев.
Өрт сөндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен аталған ауданға арнайы техника жіберілді. Оның ішінде жылдам жүретін траншеялық машиналар, бульдозер-жол төсегіштер, К-700 тракторы, шағын жүктерді тасымалдауға арналған тралдар, инженерлік разрядтау машиналары бар.
Әскери қызметшілер арнайы техникалардың өрт ошақтарына өтуі үшін жолдарды тазартып, ыңғайлы соқпақтар жасауда.
«Мұндай іс-шараларға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Өткен жылғы күз айында Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қатыстым. Биылғы мамыр айында да осы Бородулиха ауылындағы өртті сөндіру жұмыстарына қатысқан болатымын. Енді, міне, Каштак ауылының маңында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақында бәрі де қалыпқа келеді деп үміттенемін», – дейді 54770 әскери бөлімінің взвод сержанты аға сержант Біржан Садықов.
Өрт ошақтарын жою және жағдайды бақылау бойынша маңызды міндеттерді орындауға әскери ұшқыштар да қатысуда. Жалпы, армиялық авиация экипаждары өрт ошақтарына мың тоннадан астам су төккенін айта кету керек.
Қазіргі уақытта тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына Қарулы күштердің 460 әскери қызметшісі қатысуда. 42 бірлік инженерлік техника мен 5 тікұшақ жұмылдырылған. Резервте 600-дей адам мен 30 арнайы машина дайын.