Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook және Instagram әлеуметтік желісіндегі парағында Абай облысында болған өрттен қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтты. Онда былай делінген:
Абай облысындағы алапат өрттің салдары бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Қаза тапқан орманшылардың отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өртті сөндіру және апат ауқымының кеңеюіне жол бермеу үшін тиісті органдарға тапсырма берді. Бүгін Президентіміз Абай облысына арнайы барып, осы бағыттағы жұмыстармен танысты және қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен кездесті.
Қазіргі таңда жағдайдың тұрақталып келе жатқаны айтылуда. Тиісті техника мен адам ресурстарын жұмылдырудың нәтижесінде өрттің одан әрі өршуіне тосқауыл қойылды. Көп ұзамай апат толығымен ауыздықталып, салдары жойылады деп сенеміз.
Осы ретте тілсіз жаумен күресте жанкештілік танытып жүрген өрт сөндірушілерге және белсенді азаматтарға үлкен алғысымызды айтамыз. Енді ешқашан мұндай төтенше оқиға қайталанбасын.