ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Жедел штаб отырысында Мемлекет басшысы жіберілген қателіктер туралы айтты.
«Енді жіберілген қателіктер туралы. Біріншіден, барлық қажетті тапсырма берілсе де, былтырғы алапат өрттен тиісті қорытынды шығарылмады. Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі. Жалпы, Қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек. Орман өртенді ме, демек оны дереу сөндіруге кірісу керек. Бірақ техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды. Кем дегенде, өртті оқшаулау міндеті қойылуы керек. Бірге жұмыс істеу қажет. Бұл – бүкілхалықтық апат. Роман Васильевич Скляр, айналысыңыз, осы мәселелерді бақылауға алыңыз. Біз жақында ғана Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық? Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек. Әсіресе, біз ормандар туралы айтып отырмыз. Жалпы, біз ормандарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.