Журналистика керуенінде өзінің ізіңді ала үзеңгіге аяқ салған, қатарынан қалмай алға ұмтылған, еңбекқор інілерім аз емес екен. Солардың ішінен жаныма жақын, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, өз әлемі бар әріптестердің бірі – Оразалы Жақсанов. Мамырдың мамыражайында дүние есігін ашқан Орекең бүгінде нағыз піскен, мәуелі жемісті ардагер әрі аттан түспеген әріптесім. Ендеше, аз-кем енді содан хабардар етейік.
Орекеңнің кіндік қаны тамған жері – Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының Дербісек ауылы. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасында 1973 жылы Н.Крупская атындағы қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Қазығұрт ауданындағы жылжымалы-механикаландырылған колоннада және Сарыағаш аудандық колхозаралық құрылыс ұйымында жұмысшы болды. 1975-1977 жылдары әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеді. Бесінші сыныптан бастап журналист болсам деген бала арманы Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» (қазір «Сарыағаш»), облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне үзбей мақала жазып тұрудан басталған еді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ауыл-аймаққа «Тілші бала» атанып, балауса талабы ұшталып қалған. Сірә, соның әсері болу керек, 1977 жылы Алматыдағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскенде, қаламының желі бар, өзін байсалды ұстайтын Орекеңді атақты Темекең (Қожакеев) деканымыз «оң қолы» етіп өзінің сенімді шәкірттерінің санатына қосып алғаны неге тұрады?! (Оның себебін сол кездегі журфакта оқығандар жақсы біледі. Өйткені, ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін.)
Бес жыл білікті білім ордасын аяқтаған оны арнайы жолдамамен 1982 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне жібереді. Сөйтіп, Оразалы Отынбайұлы қатардағы тілші болып еңбек жолын бастады. Жалынды жастық кезеңді қатар кешкен замандас ретінде айтсам, Орекең журналистика майданына білекті сыбанып жіберіп, белсене жұмыс істеді. Ең бастысы – ерінбеді, қиындыққа қарсы тұра білді. Қостанайдың ұлан-ғайыр даласындағы түкпір-түкпір ауылдарға қыстың қаһарлы аязына, жаздың аңызағына қарамастан ат сабылта іссапарға жиі шығып жүрді. Оның қаламынан қарапайым ауыл еңбеккерлердің тыныс-тіршілігін, ауылдағы еңбекқор адамдардың қам-қарекеті, ой-армандары хақында талай мақалалар, очерктер дүниеге келді. «Қостанай таңы» Оразалының бағын ашты. Көсіле де, шешіле де қалам тартты. Әсіресе, елімізге белгілі тұлғалармен жасаған сұхбаттары көзге ұрып тұрды. Тілшілік кәсіптің қыр-сырына қаныға жүріп, ол адамдарға етене жақындауды үйренді. Оразалы бірте-бірте жазған материалдарын екшеп, таразылауға көшті. Ағымдағы ақпараттық мақалаларды жазуға машықтанып алды. Енді көсемсөздегі өз соқпағын іздейтін кез туғанын сезді. Әрине, бұл оңайға түспейді. Ол қыруар маңдай термен келетін дүние. Тынымсыз ізденістің нәтижесінде замандастардың тұлғалық бейнесін сөзбен суреттеп, сөзбен салуға бет бұрды. Бірақ, еткен еңбегі, төккен тері зая кеткен жоқ.
…Бірде мен әріптес ініммен сырласып отырып: «Ореке, қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын көзің көріп, жүзбе-жүз дидарласып, сыр-сұхбат құрғаныңды білеміз. Солардың ішінде әлі күнге дейін ұмытпайтын, ерекше бір жайттарымен жүректі қозғаған тұлғалардан кімді айтар едің?» дегенімде, ол: «Әрине, өткен жылдарда қазақ елінің жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған көрнекті талай тұлғалармен жүздесіп, сұхбат құрдым. Олардың бәрін бірдей атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Дегенмен, бір-екеуіне тоқталайын. Мысалы, «Қайталанбас тұлғалар» деп аталатын кітапты жазу үшін кезекті демалысымды пайдаланып, Алматы қаласына бардым. Онда Қостанайдың атын шығарған атақты академиктер, жазушылар, мемлекет қайраткерлер аз емес. Осылардың ішінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібековті алайықшы. Ол кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Оның шаңырағында болып, дәм таттым. Сонда ол маған: «Айналайын, Қостанайдан мені арнайы іздеп келгенің үшін алғысым шексіз. Өркенің өссін» деп батасын берді. Кейін ол туралы жазған мақалам өзінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық кітабына еніп, маған Қостанайға келген сапарында көпшілік алдында табыс етті.
Сондай-ақ, классик жазушы Дулат Исабековтың да маған көзқарасы жақсы болды. Бір кездескенде: «Інім, қаламның желі бар екен. Қостанайда өнер қайраткерлері жетеді. Соларды үзбей жазып тұр», – деген сөзі мәңгілік есімде қалды. Содан ұзақ жылдар бойы «Мәдениет» журналының өңірдегі тұрақты авторы болдым. Арадағы сыйластығымыз ғұмырының соңына дейін жалғасты.
Ол кезде «Қостанай таңы» газетінде қызмет істейтін едім. Бірде облыстағы орыс драма театрына іс-сапармен келген Қазақстанның халық әртісі, тұңғыш режиссер, талай дарынды актерлердің ұлағатты ұстазы Асқар Тоқпановпен сырласу бақыты бұйырды. Онымен редакцияда кездесу де ұйымдастырылды. Сол уақытта өзім жатақханада тұрсам да оны қонаққа шақырдым. Сонда ол маған: «Қарағым, мен жатақханада тұрмады дейсің бе, қысылмай-ақ қой, кешке үйіңе барамын», – деді. Бірақ, Алматыдан тығыз шаруа шығып қалып, табан астынан ұшақпен кетуіне тура келді. Сөйтіп, бізге келе алмады. Бірақ, онымен аз-кем болса да қаншама ғибрат алдым», – деп жауап берген еді.
Ұлтжанды көсемсөзшінің ой-түйінді материалдары мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарық көріп жатты. Қатарластарының арасында абырой беделі көтерілді. 2000 жылы облыс орталығында шығатын «Қостанай» (қазіргі «Біздің Қостанай») газетіне шақырылды. 2005 жылдан бері осы басылымда Бас редактордың орынбасары, содан кейін қазақ редакциясының редакторы болды. Сонымен қатар, еліміздегі беделді «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алтын Орда» және «Ислам және өркениет» газеттерінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Орекеңнің бүкіл саналы ғұмыры журналистикада өтіп жатыр. Талай әріптес ағалардан үйренді, өзі де талай жастарға үйретті.
– Қай ағаңа ризасың? Қай іні-қарындасыңа көңілің толды? – дедім, мерейжас иесіне.
– Мен тірі жүрсем, өзімді біраз ұлы ұстаздарымның алдында қарыздармын деп есептеймін. Ол алдымен ұзақ жылдар бойы ҚазМУ-де журналистика факультетінің деканы болған, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым-сатирик Темірбек Қожакеев. Сол кісінің үлкен сенім артқан шәкірттерінің бірімін. Өмірден өткенше араласып, сыйласып тұрдым. Одан үйренгенім, түйгенім өте мол.
Сондай-ақ, меніңше елімізде қаламы жүйрік журналист-жазушы Жанболат Аупбаевты білмейтіндер жоқтың қасы. Осы ағамнан түйгенім жетерлік. Оның барлық кітаптарын оқып шықтым. Ал, Қостанайда Сәлім Меңдібаев, Қайсар Әлім және Жайберген Болатовтарды өзіме ұстаз тұттым. Ал, іні-қарындастарыма келсем, Тұрсынмәмет Бұқабаев (марқұм), Мешіт Ғазиз, Ақбота Қалдыбек, Айзат Асылбектерге қолдан келген көмегімді аямадым. Олар да үмітімді ақтады. Бәрі де өмірден өз орындарын тапты, – деді.
– Қоғамдық жұмыс – бұл да өмір мектебі. Әсіресе, журналист үшін берері көп секілді. Ұзақ жылғы тәжірибеңде не түйдің? Адамдардың адамгершілігі мен пенделігінің қайсысы басым болады екен? – дедім осы сұхбат үстінде.
– Жалпы, мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Университетте 5 жыл топ жетекшісі, коммунистер кеңесінің төрағасы, кейін «Қостанай таңы» газетінде кәсіподақ комитетінің төрағасы, Қостанай қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы болдым. Қазіргі таңда «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық Кеңесінің мүшесі, облыстық мешіттегі алқа мүшесімін, – деп жауап қайтарды.
Орекең облыс орталығындағы Пушкин көшесіндегі 92-ші үйдің қабырғасына қазақтың көрнекті жазушысы Сейіт Кенжеахметовке мемориалдық тақта орнатуға тікелей ұйытқы болды. Қостанай қаласының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі. Қазақстан және әлем халықтары Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, халықаралық ақпараттану академиясының академигі. Қостанай облысының әкімі, меценаттар клубының, «Қазына» және Бейімбет Майлин сыйлықтарының лауреаты. Мемлекет басшысының Алғыс хаты, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Журналистиканың маған бергені мол. Үнемі ізденіс үстінде жүресің. Танымал тұлғаларды жазу арқылы өзің де рухани жағынан өсіп, кемелденесің. Бұл мәртебелі мамандық. Соған қашанда сай болуың қажет. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Журналистика жазушылыққа апарар жол» демекші, қабілетті адам түбі қаламгер атанатындығына нық сенімдімін. Ол үшін төзімділік, терең білім, тынымсыз еңбек ету керек.
«Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деген бар. Әрбір адам жеке жұмбақ әлем. Өмір болған соң, пендешілік те кездеседі. Бірақ, одан адам бойындағы асыл қасиеттер, парасаттылық пен адалдық қашанда үстем болады. Сондықтан, тіршілікте адамгершілік басым дер едім, – дейді ол.
Оразалы Жақсанов – 30 кітаптың авторы. Олардың қатарында 3 томдық, «Елім деп соққан жүрек», «Қайталанбас тұлғалар», «Майталмандар», «Өмір-керуен», «Асыл арман асқарында», «Қазақтың аяулы қыздары», «Сырлы әлем сыңғыры», «Қазақтың өнер жұлдыздары», «Жүректі елжіреткен жүз әнші», «Бақытын еңбектен тапқандар», «Адамдар өмірге қонақ екен» және басқа да кітаптары бар. Ол еңбектерінде қазақ еліне тұтқа болған көрнекті тұлғалар мен мемлекет қайраткерлері, атақты композиторларды арқау етті. Бірнеше айтулы тұлғалар хақындағы жинақтарға шығармалары енді. Оразалы Отынбайұлы адамгершілік тақырыбында көп жазды. Кезінде «Қазақтың баласы кімге керек?» атты мақаласы халық тарапынан қолдау тауып, жетім балалар үйінен Марат есімді ұлды бір қазақ жанұясы асырап алды. Ол қазір үйлі-баранды.
Өмірде сыпайы да мәдениетті қалпынан айнымаған, бекзат болмысты, адамгершілігі мол, көркем мінезді, еңбекқор, аяулы әріптесіміз туралы әріптес ұстазы Жайберген Болатов былай деді:
– Тапсырманы жақсы орындайтын. Қаламы жүйрік. Жазуы мәнерлі, әдемі болатын. Сонда оның сыпайылығы, кісі сыйлай білетіні, қандай жерде болсын, өзін-өзі ұстай алатыны – барлығы ұнаған. Қалам иесінің қозғамаған тақырыбы жоқ десек те болады. Ауылдың өзекті мәселелері, атқарылып жатқан жұмысы, өтіп жатқан шаралары, құрылысшылар, егіншілер мен шопандардың, орманшылардың тынымсыз тіршілігі, қарапайым жұмысшы, мұғалім, дәрігерлердің маңдай тер еңбегі қаламгердің назарынан тыс қалмайтын.
Қаламгер еліне еселі еңбек сіңірумен қатар ұлағатты ұрпақ өсірген өнегелі әке.
Үш баланың әкесі. Зайыбы Зора Қалиақбарқызы ұзақ жылдар бойы облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде бас қор сақтаушы болып еңбек етті. Тұңғышы Нұржан Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі, ортаншы ұлы Рауан мемлекеттік аудит саласында қызметте. Кенже ұлы Дарын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әміре және Әмзе деген немерелері бар.
Ораз інім қазір нағыз кемеліне келген қаламгер. Бүгінгі өмірдің тыныс-тіршілігінің күретамырын дөп басып, қалт жібермей отырған қағілез. Жетпіс деген бұл әлі талай асуларға бастайтын жас деп түсінеді. Онысы рас. Өйткені, күш-қайраты мол, бабында.
Жанұзақ АЯЗБЕКҰЛЫ, Қостанай қаласы
ҚАЛАМЫ УЫТТЫ ҚАЛАМГЕР
Осыдан 113 жыл бұрын Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы негізін қалаған, азаттық таңында жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғаған «Қазақ» газетінің тұрақты авторы Оразалы Жақсанов мерейлі 70 жасқа толып отыр. Жетпістің желкесіне шықса да, қолынан қаламын тастамады. 50 жылдай уақыт ішінде газет беттерінде көпшілікке ой салар келелі мәселелерге қалам тербеп, Қостанайдың қайталанбас тұлғалары жайында сыр шертіп жүргеніне оқырман куә.
Оразалы Отынбайұлы өзінің тынымсыз еңбегі мен талантының арқасында еліміздегі басылымдардың көбінде оқырманға ой салар мақалалары жарық көріп, қаламгер ретінде оқырман жүрегінен тез орын тапты. Сөз құдіретін, сөз қуатын жақсы меңгерумен қатар оны ұтымды қолдана біледі. Мұндай тапқырлық барлық қаламгерлердің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан, қаламы уытты қаламгер десек те артық болмайды.
Әрине, адамның ең үлкен бақыты оның атқарған қызметі немесе лауазымында емес, отбасы құндылығында болса керек. Бұл жағынан да Оразалы Жақсановтың бағы жанды дей аламыз. Жан жары Зора Қалиақбарқызы екеуі дүниеге үш бала әкелді. Оларды білімді етіп тәрбиеледі. Олар өмірден өз жолдарын адаспай тапты. Одан артық қандай бақыт керек адамға.
70 жасты ақсақалдықтың шыңы демесек те, біраз уақытты еңсерген, ақылмандық кезеңге теңеуге болар. Осындай жасқа ентікпей жетіп, отбасы мүшелерін, туған-туыс, бауырларын қуанышқа бөлеген туған күнімен редакция атынан құттықтаймыз. Газетіміздің тұрақты авторы ретінде ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Алдағы күндері тек жақсылықтар жар болсын дейміз. Зейнет жасының жемісін ұзағынан көріңіз.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ












