Алатаудың баурайында ғылым мен болашақтың тағы бір шамшырағы жағылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында Қазақстанның төмен биіктік экономикасына арналған жаңа дәуірдің есігін ашқан ерекше орталық – KazLAE Industrial Research Center салтанатты түрде өз жұмысын бастады. Бұл жай ғана зертхана емес, бұл – идеялар мен технологиялар тоғысатын, ғылым мен өндіріс қол ұстасатын, ертеңгі күннің бейнесі бүгіннен қалыптасатын бірегей кеңістік.

Жаңа орталық – цифрлық дәуірдің тынысын айқындайтын инновациялық алаң. Мұнда жасанды интеллектінің озық мүмкіндіктері индустриялық технологиялармен ұштасып, тың шешімдерге жол ашады. Ғалымдар мен инженерлер, ізденімпаз жастар бірлесе отырып, күрделі міндеттерге жауап іздейді, жаңа жобаларды өмірге әкеледі. Әрбір зерттеу – болашаққа жасалған қадам, әрбір идея – ел дамуына қосылған үлес. KazLAE орталығы тек ғылыми ізденістермен шектелмейді. Ол – жоғары білікті, заман талабына сай ойлайтын, технология тілін еркін меңгерген жаңа буын мамандарын тәрбиелейтін ұстахана. Мұнда білім мен тәжірибе ұштасып, теория нақты іске айналады.
Бұл бастама – Қазақстан ғылымының жаңа белесі, инновацияға бағытталған нық қадам. Әл-Фараби университетінде ашылған бұл орталық елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаһандық ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайтуға жол ашары сөзсіз.


Салтанатты шараға елдің ғылым мен білім саласындағы жетекші тұлғалар мен халықаралық сарапшылардың қатысуы оның маңызын айқындай түсті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Динара Щеглова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ халықаралық сарапшы Гилберт ван Керкхове бастаған шетелдік делегация мен технологиялық компания өкілдері бұл бастаманың ел ғана емес, жаһандық деңгейдегі маңызын айшықтап берді.
Рәсім барысында сөз алған министр Саясат Нұрбек білім мен ғылымның мемлекет дамуының темірқазығына айналғанын ерекше тебіреніспен жеткізді. Ол жаңартылған Конституцияда осы салалардың стратегиялық басымдық ретінде нақты айқындалуы – елдің болашаққа жасаған нық қадамы екенін атап өтті. Министрдің ойынша, шынайы инновацияның жүрегі – дәл осы зерттеу университеттері. Себебі, ғылым тек теорияда емес, нақты зерттеу мен тәжірибеде, жаңа идеялар мен батыл шешімдерде өмір сүреді.
«Бұл реформалар аясында ҚазҰУ-дың орны айрықша», – деген ведомство басшысы қара шаңырақтың тарихи миссиясына тоқталды. Университеттің табиғатының өзі алғашқы күннен бастап зерттеу моделіне негізделгенін тілге тиек етіп, соңғы үш жылда елімізде ашылған 300-ден астам зертхананың ең үздіктері дәл осы оқу ордасында шоғырланғанын мақтанышпен жеткізді. Бұл ҚазҰУ-дың тек білім ордасы ғана емес, ғылыми ойдың шоғырланған ордасы екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Ал университет ректоры Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтың стратегиялық маңызына кеңінен тоқталып, оның Мемлекет басшысы жүктеген міндеттермен тікелей үндес екенін атап өтті.
– KazLAE орталығы – болашақ технологиялардың ордасы. Мұнда ұшқышсыз авиация, аэромобильділік және интеллектуалды басқару жүйелері қарқынды дамып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі. Біз үшін ең бастысы – нақты нәтижеге бағытталған қолданбалы жобаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар, ол орталықтың басты миссиясы – инженерлік ойлауы жоғары, заманауи технологияларды меңгерген жаңа буын мамандарын қалыптастыру екенін ерекше атап өтті. Біздің мақсат – тек білім беру емес, ел экономикасының технологиялық жаңғыруына үлес қосатын кәсіби кадрлар даярлау, – деп түйіндеді университет басшысы.
Осылайша, KazLAE орталығының ашылуы – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл – елдің ғылыми-өндірістік болашағына бағытталған, жүрекке сенім, ойға серпін беретін үлкен бастама.
UWEE Group ротациялық төрағасы, Бейжің қаласының экономикалық даму департаменті кеңесшісі Гилберт ван Керкхове бұл бастаманың мәнін тереңнен тарқатып, жаңа орталықты университет пен бизнес арасындағы көпір ғана емес, технологиялар трансферін жеделдететін қуатты тетік ретінде бағалады. Оның пікірінше, мұндай алаңдар идеяны зертханадан өндіріс алаңына дейін жеткізетін уақытты қысқартып, ғылым мен нарықтың өзара байланысын жаңа деңгейге көтереді.
Тұсаукесер сәті тек ресми таныстырылыммен шектелмей, нағыз технологиялық ой мен болашаққа деген сенімнің тоғысқан алаңына айналды. KazLAE Industrial Research Center орталығының ғылыми-технологиялық әлеуеті кеңінен таныстырылып, оның даму бағдарлары цифрлық трансформация, жасанды интеллект және индустриялық инновациялармен сабақтастырыла баяндалды. Әрбір ұсынылған жоба мен бағыт ел экономикасының жаңа тынысын ашуға бағытталған стратегиялық қадам ретінде көрініс тапты.
Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен халықаралық серіктестер арасында қол қойылған стратегиялық меморандумдар өзара сенім мен ортақ мақсаттың айқын дәлеліне айналды. Бұл келісімдер аясында тараптар бірлескен ғылыми-индустриялық жобаларды жүзеге асыруға, технологиялар трансферін жүйелі түрде ілгерілетуге және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлауға уағдаласты.
Жиынның іскерлік бөлігінде халықаралық сарапшылар мен индустрия көшбасшылары өздерінің озық технологиялық шешімдерін ұсынып, пікір алмасу алаңы қызу интеллектуалдық диалогқа ұласты. Мұнда тек бүгіннің мәселелері ғана емес, ертеңгі күннің мүмкіндіктері де талқыланып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары мен өзара іс-қимылдың басым бағыттары нақтыланды.
Жалпы алғанда, KazLAE Industrial Research Center қызметі – ел экономикасының нақты секторындағы түйткілдерді шешуге бағытталған батыл қадам. Бұл орталық тек ғылыми жаңалықтар ордасы емес, сонымен қатар автономды жүйелерді енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттырып, Қазақстанның технологиялық дамуына серпін беретін маңызды драйверге айналмақ. Жаңа орталықтың іске қосылуы – Қазақстан ғылымының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді. Бұл бастама инновация мен өндірісті ұштастырып, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындайды.
Индира БІРЖАНСАЛ









