Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерін оқыту ісіне бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа жоба бойынша көлік жүргізушілерін даярлайтын оқу орындары міндетті түрде «Автомектеп» ақпараттық жүйесіне тіркелуі тиіс.
«Автомектеп» ақпараттық жүйесі оқу процесіне логикалық бақылау жасауға мүмкіндік береді және келесі заңсыздықтарды болдырмайды:
- бір оқу тобына отыздан астам адамның тіркелуі;
- жаңа адамдарды бұрын тіркелген топқа қосуды;
- курсты толық өтпеген жағдайда не теріс баға алған жағдайда адамдардың оқу курсын аяқтағаны жөнінде сертификат алуы.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді қашықтан және онлайн форматта даярлауды тоқтатуды жоспарлап отырғанын бұған дейін жаздық. Енді офлайн оқыту теориялық, практикалық сабақтардан құралады. Әрбір пән бойынша теориялық сабақтар күніне екі сағаттан, ал практикалық сабақтар алты сағаттан аспайтындай жоспарланады. Сондай-ақ, оқушының орнына басқа адамның емтихан тапсыруына жол бермеу мақсатында биометриялық тексеру енгізіледі. Ал, емтихан сыныбы метал детекторымен, байланыс сигналдарын басатын құрылғымен, бақылау камераларымен жабдықталады.