Ұлт ұстазы үйінде «Қазақтың бас ақыны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

0
736

Хакім  Абайдың 180 жылдығына орай, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде 2025 жылы 6 тамызда «Қазақтың бас ақыны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелмен қатар, Ахмет музей-үйінде сақталған Абай мұраларынан көрме қойылды.  

Сәрсенбіде сағат 11.00-де басталған ғылыми басқосудың мақсаты ақын, ағартушы, ғұлама Абай Құнанбайұлының мұрасын бүгінгі өскелең ұрпаққа насихаттау болды. Дөңгелек үстелге абайтанушы, алаштанушы ғалымдар, музей-үй қонақтары мен жанкүйерлер қатысты. Ахметтанушы ғалым, музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбет шараның ашылуында кіріспе сөз сөйлеп, ғылыми кездесуге модераторлық жасады.

Абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Алшынбекұлы Шойынбет «Адамзаттың Абайы» тақырыбында құнды баяндама жасады. Ғалым Кеңес кезіндегі абайтану ілімінің Тәуелсіздіктен кейінгі өрлеу барысын жанды мысалдармен түсіндіре келіп, алаштану мен абайтану ғылымы арасындағы тығыз байланысты терең зерделегенін байқатты. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты аға ғылыми қызметкері, архивист-ғалым (PhD) Рашид Ешенұлы Оразов «Абай және ол өмір сүрген тарихи кезең» тақырыбында арнайы дайындаған ғылыми баяндамасын ұсынды. Тарихшының баяндамасында Құнанбай ұрпақтарының Ресей империясы оқу орындарында білім алуы, Абай атқарған мемлекеттік қызмет және ақын шығармашылығы («Болыс болдым, мінекей…»), Патшалы Ресей цензурасы және Абай, Қазақстанға айдауда болған солшылдар және қазақ ортасының әлеуметтік-саяси мәселелері, XIX ғасыр екінші жартысындағы халық ағарту саласының жағдайы қатарлы өзекті буындар сөз болды. Ширек ғасырға жуық мемлекеттік және шетелдік мұрағаттарда өткен күннің бедері бейнеленген мұрағаттарды ақтара отырып, көптеген ғылыми еңбектер арқылы тарихтың күңгірт беттерін аша білген ғалымның баяндамасы қызықты болып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Жиналысқа қатысушылар баяндамашыға көптеген сауалдар қойып, пікірталас қызғынды түрде жалғасты. Абай қолжазбаларының қолды болуы, Ахметтің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласына (1913 ж. «Қазақ») Абай шығармаларының ықпалы туралы құнды деректер сөз болды.

Ғылыми басқосудың аясында жас өнерпаз, Алматы облысы Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылы №42 орта мектебінің мұғалімі Жаңабай Абзал Сәкенұлы Абай өлеңдері мен әндерінен шашу шашып, көпшілікті толқытты. Абзал Сәкенұлы жас студент кезінен бері қарай Ұлт ұстазы үйінің қолдаушы жанкүйері болып келеді. Дәстүрлі түрде өтетін Абай, Ахмет және Алаш тақырыбындағы іс-шаралардың басты қонағы, қолдаушысы болу Абзалдың әдетіне айналған. Әулетімен оқытушылық жолды ұстанған Абзал бүгінгі дүбірлі шараға өзінің анасы, Алматы облысы Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылыындағы мектептің музыка пәні мұғалімі Дүйсебаева Қалимаш Тұрсынқұлқызын және жанұясы мен бала-шағасын да ерте келген. Аналы-балалы екі мұғалім Алаштан жеткен мұраға, ұрпақ тәрбиесіндегі тектілік тақырыбында сыр бөлісті.

Сәмбетовтер әулетінен 1930 жылы Балқаш (Ақкөл) халық көтерілісіне қатысып саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ағайынды Баймұхамбет (хабарсыз кеткен), Бақтай (1932 жылы 10 жылға сотталған), Естай (1931 жылы Алматыда атылған) Сәмбетовтердің ұрпағы – Алматы облысы Талғар ауданындағы Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жұмақыз Әшімбекқызы Бұтабаева (Баймұхамбетова) аталған орталықтың 20-ға жуық белсенді әз аналарын ерте келіп, Ұлы Абайға арналған басқосудың көркін қыздырды. Жұмақыз Әшімбекқызы Алаш арыстары қатарында қуғын-сүргін көрген аталарының деректерінің ащы тарихын баяндай отырып, Ұлт ұстазы мен хакім Абай рухына тағзым жасады. Жұмақыз Әшімқызының деректеріне қарағанда, аласапыран жылдарда  аталған әулеттен 38 адам қуғын-сүргінге айдалып, түгелге жуық дерексіз кеткен. Кейінгі зерттеулер нәтижесінде сол 38 кісінің екеуінің ғана дерегі табылғанын жеткізді. Бүгінгі  таңда Жұмақыз ханым бас болып отырған Талғар ауданындағы Белсенді ұзақ өмір орталығының 34 мың мүшесі бар. Орталық қазіргі күні ұлт руханиятының көркеюі жолында белсенді қызметтер атқарып келеді. Орталықтың өкілдері – әз аналар Абайдың әндерін әулетіп, ғұламаға құрмет білдірді. Алматы облысы Іле ауданы Ә. Молдабеков атындағы №6 бастауыш мектептің оқушысы Төребек Оспан Құрманәліұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа айтып беріп, үлкендердің ықыласына бөленді.    

Дөңгелек үстелге Алмалы ауданы әкімінің аппаратанынан Ақтілек Бисембай және БАҚ өкілдерінен Алматы телеарнасы, «Қазақ» газеті журналистері қатысты. Шара соңында Р. Имаханбет құрметті қонақтарға А.Байтұрсынұлының 12 томдық жинағын, өзінің зерттеу еңбектері «Ахмет. Алаш ардақтысы», «Ғасыр саңлағы» қатарлы кітаптарды сыйға ұсынды. Музей-үй қызметкерлері қатысушыларға жәдігерлерді таныстырып, экскурсия жүргізді. Қонақтар мен ұжым келелі басқосудан естелік суретке түсті. 

Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Қазақтың бас ақыны» тақырыбында хакім Абайды ұлықтау іс-шарасы соңғы бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде әр алуан форматта жалғасып келеді.

Әділет АХМЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК,
 Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here