Жаңа заң: Енді тұрғындарға таңдау құқығы беріледі

0
1000

Соңғы жылдары Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында түрлі түбегейлі реформалар жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Президент қол қойған жаңа заң – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге және саладағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер әрбір тұрғынға тікелей әсер етеді, сондықтан оның мазмұны мен салдарын жан-жақты түсіну маңызды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің басқару жүйесі, қаржының тиімді жұмсалуы, пәтер иелерінің құқығы мен міндеттері – бұның бәрі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті төменде аталған құжатты тарқата жазып, оқырманға өзгерістерді түсіндіреді.

Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі туралы заңға өзгеріс енгізді

  • Тұрғын үйлерді басқарудың жаңа бағыты.

Енді бүкіл ел бойынша тек екі ашық әрі заңды түрде түсінікті басқарудың екі формасы болады. Олар – меншік иелері бірлестігі (МИБ) және тікелей бірлесіп басқару (ТББ). МИБ кондоминиум нысандарын өздері басқара алады немесе басқарушы компаниялар мен пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) тарта алады. Бұл ұйымдардың қызметі алғаш рет заңмен нақты реттеліп отыр. 36 пәтерге дейінгі үйлер үшін заңды тұлға құрмай-ақ тікелей бірлесіп басқару мүмкіндігі сақталады. Үйлер саны аталған шектен асқанда басқарушы субъектпен келісімшарт жасау міндетті. Әр үйге жеке есепшот ашу арқылы олардың жауапкершілігін бекіту және заң бұзылған жағдайда оларды тарату шарттары заңмен бекітілді. Осылайша, реформа тұрғын үйді басқарудың бірыңғай, есепті әрі бақылауға болатын құрылымын қалыптастырып, заңдық белгісіздікті жойып, тұрғындардың құқықтарын қорғауды күшейтеді.

  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жаңа институционалдық негізі – жауапкершілік, ашықтық және бақылау.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің ашықтығы мен есептілігін күшейтуге бағытталған жүйелі шаралар енгізілді. Басқару формалары мен субъектілерінің міндетті реестрлері енгізіледі, бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдар арқылы онлайн қолжетімді болады. Тұрғын үй инспекциясының инженерлік дайындық, өрт қауіпсіздігі жүйелері, лифттер, түтін тарту және басқа да инфрақұрылым нысандарын бақылау құқығы заңмен бекітілді. МИБ төрағалары мен басқарушы компанияларға төтенше жағдай кезінде үй жүйелерін энергия көздерінен шұғыл ажыратуға құқық берілді.

«Тұрғын үй қорын сақтау үшін заңда кәсіби басқарушылар пулын қалыптастыру және қолданыстағы басқару және қызмет көрсету ұйымдарын институттау шаралары қабылданды. Бұл өте маңызды. Онсыз ештеңе жүзеге аспайды. Басқарушы субъектілердің жұмысын хабарламалық тәртіпке келтіру, құрамында сертификатталған мамандар болуы, көпқабатты үйдің басқарушысына қойылатын талаптар, әр үй бойынша субъектілер мен басқару формаларының реестрін жүргізу – мұның бәрі үйлерді кәсіби басқаруға жол ашады. Бұл – бір. Екіншіден, үйді басқару жүйесі азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті қалыптастырады. Тұрғын үйлер қауымдастықтары деңгейінде өзін-өзі басқарудың дамуы тұрғын үй қатынастары туралы заң нормаларын тиімді іске асыруға, тұрғын үй қорын басқаруға және көпқабатты үй тұрғындарының өмір сүру жағдайларын кезең-кезеңімен жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар, есепшот ашу, есеп беру және құжаттарды тұрғындарға беру мерзімдерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұлдар субъектілерге қарай сараланып белгіленді. Атап айтқанда:

  • Үйлерге ағымдағы және жинақ шоттарын уақытында ашпау – 50 АЕК көлемінде айыппұл (196 600 теңге);
  • Ай сайынғы және жылдық есепті тұрғындарға уақытында бермеу – 50 АЕК айыппұл;
  • Құрылыс салушының үйге қатысты құжаттарды тапсырмауы – 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл (393 200 – 786 400 теңге – кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты);
  • Басқарушы субъект тарапынан үйге қатысты құжаттарды бермеу – 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл.

Бұл өзгерістер тұрғын үй қорының сапалы әрі қауіпсіз басқарылуын қоғамдық және мемлекеттік бақылау тетіктерін нығайтады.

  • Қаржыландыру және төлем дербестігі.

Төлемдерді басқару тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілді. Міндетті жарналардың ең төменгі мөлшері АЕК-ке байланыстырылды, бұл мәслихаттар арқылы жыл сайын түзетуді қажет етпей, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Тұрғын үйлерде орналасқан әлеуметтік нысандар (емханалар, мектептер, балабақшалар) жалпы мүлікті ұстауға арналған міндетті төлемдер кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен босатылады. Бұл артық бюрократияны жойып, МИБ пен ПИК-пен тұрақты есеп айырысуды қамтамасыз етеді. Осылайша, үйлерді басқарудың қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, әкімшілік жүктеме азайып, ТКШ субъектілерінің дербестігі артады.

  • Реформаның әлеуметтік бағыты – азаматтар мен өңірлерді қолдау.

Заңда халықтың осал топтарын қорғау шаралары қарастырылған. Мүгедек баласы бар отбасылар бала кәмелетке толғаннан кейін де, мүгедектік мәртебесі жойылғанда немесе қайтыс болған жағдайда да тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеуде қала береді. Бұл қиын өмірлік жағдайда тұрғын үй құқығынан айырылуды болдырмайды.

Сонымен қатар, тұтынушылар саны 12 мыңнан асатын шағын елді мекендердегі коммуналдық кәсіпорындарға электр энергиясын тікелей сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бұл энергиямен қамтуды жеңілдетіп, өңірлердегі коммуналдық қызмет бағасын төмендетеді. Осылайша, реформа әлеуметтік әділеттілікті арттырып, ауыл мен шағын қалаларда өмір сүру жағдайын жақсартады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жаңа заң – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту жолындағы нақты қадам. Көппәтерлі үй иелерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылап, басқару нысандарын жүйелеу арқылы елдегі тұрғын үй саласының сапалы дамуына жол ашылады. Енді тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі – аталған реформаның табысты болуына басты кепіл. Заңға енгізілген өзгерістер тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамда әділдік пен тәртіп орнатуға үлес қоспақ. Әр азамат өз үйі мен ауласының жай-күйіне енжар қарамай, басқару ісіне қатысқанда ғана заңның нәтижесі шынайы көрініс табады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here