Кеше, 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Соның ішінде Салық кодексіне түзету енгізетін құжаттар да бар. Бір атап өтерлігі, сәрсенбіде Президент қол қойған Салық кодексін жаңа Салық кодексімен шатастыруға болмайды – ол 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді. Бұл жолғы әңгіме 2017 жылдан бастап қолданыстағы, яғни кеше қолданып жүрген Салық кодексі туралы болып отыр. Ресми дерекке сенсек, мұндағы өзгерісте жеке ережелерді жаңарту, ескірген ережелерді жою, жеке мақсатты салыққа басымдық берілген.
«2025 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат 2017 жылдан бастап қолданыстағы Салық кодексіне түзетулер мен толықтырулар енгізеді», – деп хабарлады Ақорда.
Бәрінен бұрын қоғамда жаңа редакциядағы қосылған құн салығының мөлшері қандай болатыны дау туғызған. Себебі, Үкімет Салық кодексіне өзгеріс енгізу сәтінде 12 пайыздық ҚҚС-ны 20 пайызға көтеруді ұсынған болатын. Бұл елдегі ҚҚС төлейтін 300 мыңнан астам кәсіпкердің табысы мен қызмет құнының қымбаттауына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан талай талқыдан соң қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16 пайызға тұрақтады.
Салық кодексіндегі жаңа өзгерістер:
- Ақылы медициналық қызметтерге 10% ҚҚС салынады;
- Ауылшаруашылық тауар өндірушілері ҚҚС-тан толық босатылмайды;
- Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады;
- Банк және ойын секторы үшін корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 25% болады;
- Қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі кезең кезеңмен 10%-ға дейін көбеймек;
- Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері ұлғайтылған салық төлейді;
- Жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асатын азаматтар табысының 15 пайызын салыққа төлеуі мүмкін;
- Салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқармақ.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов кеше Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында келер жылы қабылданатын Салық кодексі мен ҚҚС көтеруге айтылған сыни пікірлерге жауап берді.
− Салық кодексінде қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көтеру қарастырылғаны рас. Әрине, кез келген салықты арттыру ауыр тиеді. Бірақ, бұл – мәжбүрлі қадам. Осы салық реформасы арқылы біз даму бюджетін анағұрлым ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін экономикалық өсім туралы айтылды. Экономикалық өсім тек қана мемлекет инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытқан жағдайда мүмкін болады. Себебі, кез келген бизнестің дамуы үшін инфрақұрылым қажет. Ал, инфрақұрылымды дамыту үшін даму бюджеті керек, − деп жауап берді Премьер-министр тілші сұрағына.
Премьердің айтуынша, біздегі даму бюджетінің деңгейі сын көтермейтіндей төмен. Ол мемлекетке экономиканың даму қарқынына ілесіп, инфрақұрылымды тез қарқынмен дамытуға толық мүмкіндік бермейді.
− Сондықтан біз 2026 жылы Салық кодексін қабылдау арқылы қосымша бюджеттік кірістер алуды, даму бюджетін шамамен 8 пайызға арттыруды, оны 18 пайызға жеткізуді күтіп отырмыз. Бұл бізге тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, салықтардың өсуі үнемі сынға ұшырайды. Бірақ, мұнда бизнестің, мемлекеттің және қоғам мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Бенджамин Франклин айтыпты: «Бұл өмірде қашып құтыла алмайтын екі нәрсе бар – өлім мен салық». Өкінішке қарай, бұл – шындық. Біз әрине, алдағы салық өсімі бизнестің белсенділігіне, іскерлік ахуалға теріс әсер етпеуі үшін барынша тырысамыз. Біздің бағалауымызша, теріс ықпал болмайды, − деп толықтырды Олжас Бектенов.











