Сингапур отыз жылда дамыған елге қалай айналды?

2
696134

Экономикалық дағдарыс, күрделі саяси оқиғалар кез келген мемлекеттің басында болатын жағдайлар. Бірі қиындықтарды жеңіп, алға кетсе, енді бірі қауқарсыздық танытып, кері кетті. Бүгінде 5,8 млн халқы бар дамыған қала-мемлекет Сингапур де (жер көлемі біздің Қарағанды қаласынан сәл ғана көп) бір кездері тоқырауға ұшырады. «Qazaq» газеті бүгін саясаткер Ли Куан Юдің (1923-2015) Сингапурдегі жемқорлықты, мафияны жойып, 30 жылда елін қалайша тығырықтан шығарғанына тоқталады.

ЛИ КУАН Ю ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?

1965 жылы Британиядан тәуелсіздігін алған Сингапурдың болашағы бұлыңғыр болды. Үкімет те, халық та ертеңіне алаңдап қобалжулы еді. Кедей халық, парақор шенеунік мемлекет өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.  Елде табиғи ресурстар жетіспеді. Тіпті, тұщы су мен құрылысқа қажетті құмды да сырттан әкелуге тура келді. Британ үкіметі тиімді басқару жүйесін мұраға қалдырғанымен, ол жүйе Сингапурдегі жемқорлықпен күресуге дәрменсіз болып шықты. Елдегі көптеген лауазымды тұлғалар жемқорлық шырмауына шырмалғандықтан парақорлықпен күресу оңайлыққа түспеді. Сонымен қатар, халықтың басым бөлігінің білімі мен құқықтық мәдениеті өте төмен деңгейде болды. Яғни, шенеуніктер-ге сауаты төмен халықты алдап, ақша жымқыру да ыңғайлы еді.

Елдегі орын алған сансыз келеңсіздіктерді жеңіп шыққан адам – Ли Куан Ю. Ол 1959 жылғы маусым айында «Ұлт қозғалысы» партиясымен бірге сайлауда жеңіп шығып, премьер-министр лауазымына ие болды. Жоғары дәрежелі британдық білім алған көшбасшылар өздерін «Жаңа партия» деп атады. Билікке келген Ли Куан Юдің алдында басқарудың екі жолы тұрды. Біріншісі – қолындағы билігін пайдаланып, ақша жымқырып, өзін және отбасын, достарын, туыстарын әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енгізіп, халқын кедейшілікте қалдыру. Екіншісі – жемқорлықпен күрес жүргізу арқылы халқын кедейліктен құтқарып, дамыған алдыңғы қатарлы он елдің қатарына кіргізу болды. Ли Куан Ю екінші жолды таңдады.

Билікті қолына алған партия әлеуметтік, құқықтық, экономикалық салаларда бірден тәртіп орната бастады. Ли Куан Ю өзінің реформасын іске асыру үшін батыл қадамдар мен мәлімдемелер жасады. «Егер сіз жемқорлықтың жойылуын қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңызды түрмеге тоғытуға дайын болыңыз», – деді.

Реформа бойынша заң барлығына бірдей болды. Қылмысты екені дәлелденсе, ол кедей бола ма, орта таптың өкілі ме, лауазымды тұлға ма, тіпті парламент мүшесі болса да, тиісті жазасын алатын тәртіп орнады. Жаңа үкімет «Елдегі келеңсіздікті түп тамырымен құрту үшін қызметін асыра пайдаланғандар мен жемқорларды жою керек» деп шешті. Тиісінше, Қаржы министрлігі жемқорлыққа қарсы арнайы бағдарлама әзірлеп, оған бірқатар шаралар енгізілді. Бағдарламада шені төмен тұлға мен шені жоғары тұлғалардың қарым-қатынастарын жіті бақылау, жемқорлық байланыстарға жол бермеу, лауазымды тұлғалардың ротациясын қамтамасыз ету, тосын тексерулер жүргізу, бюрократиялық келеңсіздіктерді жою үшін азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдармен байланыстарын жақсарту жағы алға қойылды. Партия төрағасы Ли Куан Ю сыбайлас жемқорлықтағы шиеленіскен мәселелерді қадағалап отыру үшін тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуына күш салды. БАҚ өкілдерінің көмегімен кез келген түйіткілді шешу тиімді деп санады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін лауазымды қызметкерлердің жалақысын көтеру тиімді болды.

Ли Куан Ю: «Лауазымды қызметкерлер атқарған адал жұмыстары үшін жоғары жалақыға лайық», – деп мәлімдеді.

Саясаткердің пікірінше, мемлекеттік қызметкерлерге жоғары жалақы төленбесе, жемқорлықпен күресу екіталай, тұрақты және сенімді билік – ел дамуының негізгі кілті.

Осыдан кейін мемлекеттік қызметкерлердің жағдайы жақсарды. Және қызмет орындарына ең үздік мамандар кіре бастады. Жедел экономикалық дамудың нәтижесінде шенеуніктердің жалақысы жекеменшік компаниялардың табысына қарай пропорционалды түрде өсті. Сөйтіп, Ли Куан Ю  жоғары лауазымды қызметкерлердің жалақы алу дәстүрін өзгертті. Министрлердің, соттардың, жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жекеменшік компаниялардың табысымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкерге жалақы салық декларациясы бойынша жекеменшік компания қызметкерінің төлеген салығының 2/3 бөлігінің есебінен берілетін болды.

СИНГАПУРДЕ ЗАҢ БӘРІНЕ ОРТАҚ

Сингапурлықтар Британ үкіметінен «Ашкөз тергеу бюросы» деп аталатын жемқорлыққа қарсы тергеу бюросын алдыртты. Тергеу бюросының директоры тікелей премьер-министрге бағынды. Тергеудің негізгі мақсаты – қызметін асыра пайдаланушылық және пара алу, пара беру шағымдарына қатысты мәселелерді анықтау.

Бюро авторитарлық өкілеттілікке ие болды. Сот шешімінсіз жемқорлыққа қатысы бар деп танылған күдіктілерді ұстауға және іздестіруге, банктегі шоттарын тексеруге құқықтары бар еді.  Сондай-ақ,  тергеу  бюросы  күдіктінің  туыстарына қатысты қылмыстық іс қозғауға, кез келген куәгерді сауал қоюға шақыруға мүмкіндік алды. Жемқорлыққа қарсы күрес тергеу бюросы азаматтардың атағына, дініне, ұлтына қарамастан әділ үкім шығаруға мүдделі болды. Жоғары мемлекеттік қызметшілерге де ешқандай жеңілдік берілмеді. Сыбайлас жемқорлықпен сотталған қызметкерді лауазымынан, зейнетақысынан және барлық жеңілдіктерінен айырды.

Гарвард университетінің ғалымдары қызықты зерттеу жүргізген. Олардың айтуынша, Мексика мен Сингапур жемқорлық көрсеткішін төмендету арқылы мемлекетке төленетін салықтың көлемін 20%-ға ұлғайтқан.

1989 жылы Жемқорлыққа қарсы күрес бюросы сыбайлас жемқорлық үшін салынатын айыппұлдың ең төменгісін 10 мыңнан 100 мың сингапур долларына дейін көтерді. Сонымен бірге жалған куәлік ету, тергеуден жалтару әрекеттері үшін 10 мың доллар көлеміндегі айыппұл белгіленді. Тіпті, премьер-министрдің өзі де тергеу бюросының жұмысына тосқауыл бола алмады. Олар бірнеше рет Ли Куан Юге және оның достарына, туыстарына да тергеу жүргізді. Бірақ, Ли Куан Ю таза болып шықты.

Жемқорлыққа қарсы күрес тергеу бюросының қызметі кезінде көптеген қоғам қайраткерлері, кәсіподақ басшылары, мемлекеттік компаниялардың жетекшілері түрмеге жабылды. Айталық, Қоршаған ортаны қорғау министрі Вин Тун Бунға қатысты сот айтулы оқиғалардың бірі болды.

Министр 1975  жылы отбасымен  бірге  Индонезияға  саяхаттап барған. Тергеу барысында министрдің Индонезияға өз қаражатымен емес, өз үйін салып жатқан құрылыс компаниясының қаражатымен барғандығы анықталды. Және де министр бұған дейін құрылыс компаниясының қызметін лауазымды тұлғаларға жарнамалаған болып шықты. Құрылыс компаниясы министрге жауап ретінде құны 500 мың сингапур доллары тұратын кең сарайдай үй сыйлағандығы анықталды. Вин Тун Бун өз қылмысын жасыру үшін әкесінің атынан 300 мың долларлық екі несие алып, қажеттіліктерін сол қаражатпен өтегенін көрсеткісі келген. Алайда, айласы іске аса қоймайды. Сот шешімі бойынша министр барлық жеңілдіктерінен айырылып, 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Вин Тун Бун сот үкімімен келіспей апелляциялық сотқа шағымданды. Сонда да сот шешімін өзгертпеді. Тек жаза мерзімін 18 айға ғана шегерді.

Бүгінгі күні Сингапур шенеуніктерінің қолдарындағы билікті асыра пайдалану көрсеткіші өте төмен. Себебі, олар жоғары жалақы алады. Ештеңеге мұқтаж емес. Азғыруға оңайлықпен көне қоймайды.

Сингапурдағы тәуелсіз  БАҚ  шынайы төртінші билікке айналуға мүмкіндік алды. Бүгінде журналистер шенеуніктердің  отбасыларын және достарының өмір салтын, табыстары мен шығындарын мұқият бақылап отырады. Журналистер көбінесе мемлекет беретін жалақыдан тыс табыс көзі бар шенеуніктерге баса мән береді. Егер де шенеуніктің көлеңкелі бизнеске қатысы бары дәлелденсе, шенеунікті барлық құзіреттілігінен айырып, жүз мың доллар шамасында айыппұл төлетіп, артынша түрмеге жабады.

Иә, Ли Куан Юдің бұл тәжірибесі өз нәтижесін жемісті беруде. Өйткені, сингапурліктер көшбасшыларын қатал әрі әділ билеуші деп санайды. Елде қылмысына қарай қатаң жазалар да қолданылады.

Елдегі пенитенциарлық жүйенің мәлімдеуінше, Сингапурде өлім жазасының көрсеткіші жоғары деңгейде. Есірткі сатушылар мен баскесерлер қатаң жазаға лайықты деп танылған.

Сингапур заңында қылмыскерді таяқпен ұрып, жазалау да бар. Бұл жазаны халықтың басым көпшілігі қолдайды. Ал, кішігірім қылмыс жасағандарға жоғары айыппұлдар салу мен бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген.

Мұндай қатаң тәртіптер – елдегі қылмыс көрсеткішінің азаюына кепілдік бола алады.

ЖЕМІСТІ РЕФОРМАЛАР

Сингапурде жемқорлық деңгейі азайғанымен, ел экономикасын көтеру үшін көп қаржы керек еді. Ел аумағында қажетті минералдардың, тұщы судың болмауы ауыл шарушалығын дамытуда үлкен қиындық тудырды. Экономиканы көтерудің бірден-бір жолы шетелден инвестиция тарту ғана болды.

1960-шы жылдары Қытай өз шекараларын жауып, шетелдік капиталдың кіруіне рұқсат бермеді. Содан Сингапур, Гонконг, Оңтүстік Корея сияқты елдерге жаңа мүмкіндік пайда болды. Ли Куан Ю үкіметі бұл жағдайды тиімді пайдаланып, шетелдік капиталды өздеріне тарту үшін бар күш-жігерін жұмсады. Сол себепті шетелдік компаниялар үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады.

Шет елдермен жақсы қатынас орнатудың арқасында Сингапурде жаңа жұмыс орындары ашылды, ал инвесторлар арзан жұмыс күшіне және салықтық жеңілдіктерге қол жеткізді. Мемлекеттің шетелдіктерге қолайлы жағдай жасауы инвесторлардың көптеп келуіне мүмкіндік берді.

Сингапур көшбасшысы мемлекет келешегі үшін білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Білім сапасын арттыру үшін білімнің барлық салаларына реформа жүргізуді қолға алды. Ли Куан Ю диплом алған жас мамандардың тәжірибе жинауы үшін шетелдік компанияларда жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бұл тәжірибе жемісті болды. Нәтижесінде біліктілігін арттырған жас мамандар Сингапурді әлемдегі жоғары технологиялық электроника өндірісі бойынша ірі орталыққа айналдырды.

Бүгінде Сингапурдегі мемлекеттік кәсіпорындар ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, Сингапур әуе компаниясы өз жұмысын табысты жүргізетін компаниялардың қатарында. Компанияның негізгі мақсаты – борттағы жолаушылардың жайлы отыруын қамтамасыз ету. Ұшақтағы әрбір жағдай егжей-тегжейлі қарастырылған. Ыңғайлы жолаушылар орындығы, дәмді тағамдар, әсем әуен, интерактивті ойын-сауыққа дейін бар. «Singapore Airlines»  әуе компаниясы әлемдегі үздік компаниялардың санатында. 2009 жылы  америкалық «Condе Nast Traveler» журналы Сингапур әуе компаниясына «Жылдың ең үздік әуе компаниясы» атағын берді. Компания жыл сайын сервис және техникалық жабдықтау саласында дамуды сәтті жүзеге асырып келеді. Сингапур әуе компаниясы қызмет көрсету деңгейін арттыру арқылы «Apple», «Nike», «Google»  сияқты танымал әлемдік брендтер моделінен кем түспейтін бірегей өзіндік маркетингтік моделін қалыптастырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазіргі дамыған Сингапур – Ли Куан Юдің отыз жылдық ерен еңбегінің жемісі. 1959-1990 жылдардағы Үкімет басшысы өз мемлекетін әртүрлі рейтингтерде жетекші орындарға шығарды. Сөйтіп, Сингапур көшбасшысы – ұлтжандылық пен әділдіктің үлгісіне айналды. Ол мемлекетін қара қылды қақ жарар әділдігінің арқасында гүлдендірді. Қажырлы еңбегімен Сингапурды дамудың даңғыл жолына сала білді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

2 Пікір

  1. Ли Куан Ю тарихта қалатын тұлға ғой! О заман мен бұ замандағы Сингапурдың айырмашылығы жер мен көктей!

  2. Ол диктатор болған емес пе? Неліктен соны мақтап жату керек? Оданша жиырма жасында жоңғардың бас батырын мерт қылған Абылайды мақтамайсызба!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here