Қоғамның шынайы деңгейі – әлсізге көрсеткен қамқорлығымен өлшенеді. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға жасалған жағдай – елдің ертеңіне салынған инвестициямен тең. Осындай ізгі істің бір көрінісі ретінде Ақтау төрінде жаңа бір үміт ұясы бой көтеріп келеді. Бұл – тек ғимарат емес, талай жүрекке сенім сыйлар, талай тағдырға демеу болар қасиетті орын.

Ақтау қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Qamqorlyq» орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Облыс орталығындағы бұл нысан жуырда толық іске қосылмақ. Құрылыс барысын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай арнайы барып көріп, жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Жобаға жауапты мамандар өңір басшысына ғимараттың техникалық сипатын, жобалық шешімдерін және атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жан-жақты баяндады.
Бұл орталық – ерекше қолдауды қажет ететін балаларға арналған шынайы шапағат ордасы болмақ. Мұнда аутизм спектрі бұзылыстары бар және түрлі психоневрологиялық ерекшелігі бар балаларға кәсіби көмек көрсетіледі. Балалар арнайы әлеуметтік қызметтер алып, түзету сабақтарына қатысып, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды меңгере алады. Орталық бір мезетте 125 балаға дейін қабылдай алады.


Құрылыс жұмыстары өткен жылдың жазында басталған еді. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар толық аяқталып, ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары біткен. Енді ғимаратқа қажетті заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, бөлмелер пайдалануға әзірлену үстінде. Жалпы дайындық деңгейі 95 пайызға жетіп отыр.
Жалпы екі мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан орталықта балалардың жан-жақты дамуына бар жағдай қарастырылған. Мұнда сенсорлық бөлме, ABA-терапия кабинеттері, логопед, робототехника және музыкалық терапия бөлмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, балаларды еңбекке баулып, шығармашылыққа жетелейтін шеберханалар да болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай орталықтар тек балалар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де аса маңызды. Өйткені, ата-аналар білікті мамандармен – психологтармен, логопедтермен, дефектологтармен бірлесе отырып, баласының даму жолын бірге жоспарлай алады. Бұл – көптеген отбасы үшін өзге өңірлерді жағалап сабылмай, қажетті көмекті өз өңірінде алуға берілген үлкен мүмкіндік.


Нұрдәулет Игілікұлы құрылыс сапасын ерекше бақылауда ұстап, мүмкіндігінше нысанды мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды.
Орталық толық іске қосылғаннан кейін, ол Маңғыстау өңіріндегі маңызды әлеуметтік нысандардың біріне айналып, облыстың түкпір-түкпірінен келетін балаларды қабылдайтын болады.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде өңірде шамамен 9 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның ішінде 514 балада аутизм спектрі бұзылысына шалдыққан. Сондықтан, мұндай мамандандырылған орталықтардың ашылуы – уақыт сұранысынан туған қажеттілік.
Қорыта айтқанда, Ақтауда қаласындағы бұл заманауи орталық – әлеуметтік нысан ғана емес, талай шаңыраққа үміт отын жағатын, бала болашағына бағыт беретін мейірім мекені. Осындай игі бастамалар көбейген сайын, қоғам да мейірімге толып, адамгершілік арнасы кеңейе түсері анық.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ









