ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

0
1212

Осыдан 113 жыл бұрын жарық көрген «Қазақ» газетін біз ұлт басылымдарының атасына балап жүрміз. Әрине, «Қазақтың тұңғыш газеті ол емес қой» деп бұған қарсы уәж айтатындар бар. Дегенмен, 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркiстан уәлаятының газетi» «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Яғни, ол қазақ тілінде шыққан толыққанды газет болған жоқ. Және онда тек патша үкіметінің шешімдері, жарлықтары ғана жарияланды. «Дала уәлаятының газетi» де сондай болды. Сондықтан, сол қиын заманда салыстырмалы түрде ұзақ жарық көрген, ұлттың мәселесін ашық көтерген, жұрттың сауатын ашуда маңызды рөл атқарған «Қазақ» газетінің ұлттық баспасөз тарихында алатын орны зор.

Бір қуаныштысы, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен «Қазақ» газеті жарық көрген күн, яғни 2 ақпан елімізде Ұлттық басылым күні мерекесі болып бекітілді. Алғаш мерекені 2024 жылы тойладық. Жап-жаңа мереке. Бұны сонау тоқсаныншы жылдары істеу керек еді. Ештен кеш жақсы. Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы. Өйткені, «Қазақты» тұңғыш шығарушылардың бірі әрі газеттің жауапты хатшысы болған Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тарихи басылымды мойындап, қолына ұстағанда, үйіне әкесі кіріп келгендей әсерде болғанын өз естелігінде жазған болатын. «Қазақ» газеті ортамызға қайта оралғанда, Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаған академик Салық Зиманов: «Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, қазақ баспасөз тарихында үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат», – деп жоғары бағасын берсе, газеттің ғасырлық мерейтойында ҚР Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен болатын. Өкінішке қарай, газет тігіндісін ашып қарағанда «Қазақтың» екінші тынысын ашқан Қоғабай Сәрсекеев те, газеттің қайта шығуына атсалысқан тұлғалар – Гүлнар Дулатова, Салық Зиманов, Хасан Оралтай, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғали, Серік Қирабаевтар да қазір ортамызда жоқ. Дегенмен, «тірі адам тіршілігін жасайды», газеттің екінші тынысын қайта ашқан қайраткерлер өмірден өтсе де, бұл күндері газет жұмысы тоқтап қалмай, өз оқырманымен қауышып келеді. Қазір басылымның 1306-шы нөмірі жарық көрді. Ал, тарихи газеттің 113 жылдығын атап өту бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылыпты.

Басылымның 105 жылдығында сол тұстағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Идеясы отаршыл империяның еркіне сай келмейтін «Қазақ» газеті түбінде жабылып, жұмысын тоқтатқанымен көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен Тәуелсіздікпен бірге түлеп, оқырмандарымен ұзақ жылдардан соң қайта табысты. Басылым өткен тарих пен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпірге айналды», – деп арнайы құттықтау хатын жолдаған еді. Сол айтқандай, бүгінде редакция сол істі жалғастырып келеді.

Сіздерді Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында «Бұл мереке – елімізді өркендету және мемлекеттігімізді нығайту жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі. Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз» деп атап өтті. Сондай-ақ елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткенін айта келе, «аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді» деп жоғары бағасын берді. 

Сіздерге шығармашылық табыс, терең ізденіс, адал еңбек тілейміз!

Құрметпен, «Qazaq» газетінің ұжымы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here