Конституция – елдің саяси және құқықтық жүйесі

0
294

Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадам. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттырып, басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін күшейтуге негіз болды деп есептеймін.

Конституциялық реформалардың басты нәтижелерінің бірі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйесінің нығаюы. Президент өкілеттіктерінің бір бөлігінің Парламент пен жергілікті атқарушы органдарға берілуі демократиялық басқару қағидаттарын күшейтіп, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қоғамдық бақылаудың артуына жол ашты. Бұл өз кезегінде биліктің есептілігін арттырып, азаматтардың сенімін нығайтады.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерінің кеңеюі де реформалардың маңызды қыры болып табылады. Конституциялық Соттың қайта құрылуы әрбір азаматқа өз құқықтарын қорғауда қосымша мүмкіндік беріп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады. Мұндай институттың болуы құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі екені сөзсіз.

Сонымен қатар, Конституцияда адам құқықтары, әлеуметтік әділеттілік және тең мүмкіндіктер қағидаттарының нақты әрі жүйелі түрде бекітілуі қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының конституциялық деңгейде көрініс табуы азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына серпін береді деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, жаңартылған Конституция Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, әділетті қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға негіз болатын маңызды құжат. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне өтуіне жол ашады.

Меруерт Құрманбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Биология және биотехнология факультетінің деканы,
биология ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here