Қай заманда да әділдік – елдің еңсесін тіктеп, қоғамның тірегіне айналатын басты құндылық. Ал, сол әділдіктің таразысы – заң мен сот жүйесі. Бүгінгі таңда Қазақстанда қолға алынған конституциялық өзгерістер де осы бағытты көздейді. Әсіресе, азаматтың құқығын қорғау, оның заң алдындағы қорғанысын күшейту мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Ендеше, жаңа Конституция осы тұрғыда қандай жаңалық әкелмек – соған үңіліп көрейік.
Халық қалаулыларының айтуынша, қорғану құқығы – сот жүйесінің ең өзекті, ең іргелі қағидаларының бірі. Оның түп негізінде «адам – бәрінен биік» деген қағида жатыр. Яғни, мемлекет ең әуелі азаматтың құқығы мен бостандығын, заңды мүддесін қорғауды басты міндет санайды.
Сенат депутаты Евгений Больгерттің пікірінше, әділ соты жоқ елде шынайы құқықтық мемлекет туралы сөз қозғау қиын. Сондықтан, жүргізіліп жатқан конституциялық реформа құр сөзден нақты іске көшіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын өмірде жүзеге асыруға бағытталған. Ал, бұл міндетті атқаратын – тәуелсіз сот. Сондықтан, мұндай кепілдіктерді елдің басты құжаты – Конституция деңгейінде бекітіп, нығайту аса маңызды.
– Мұндағы негізгі мәселе – сот жүйесі мен құқық қорғау органдары тек жазалаушы тетік болып қалмауы керек. Адам құқық қорғау жүйесімен бетпе-бет келгенде, өзінің барлық құқығын толық түсініп, сол құқықтардың мүлтіксіз сақталатынына сенуі тиіс. Жүйе әр азаматқа білікті заң көмегіне қол жеткізуді нақты қамтамасыз етуі қажет, – дейді Сенат депутаты Евгений Больгерт.
Бұл ретте Қазақстанда адвокатура институтының алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілуі – үлкен жаңалық. Негізгі заңға енгізілген 86-бап адвокаттық қызметтің мәртебесін арттырып, оның кепілдіктерін күшейтуге жол ашады. Заңгерлердің өздері де бұл өзгеріс кәсіби қауымдастықты біріктіріп, мемлекетпен өзара түсіністік негізінде жұмыс істеуге серпін береді деп санайды.
Адвокат Григорий Громовтің айтуынша, бүгінгі таңда адвокатура заман талабына сай дамып келеді. Әлемдік тәжірибе ескеріліп, сот процесінде тараптардың теңдігі мен жарыспалылығы артып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқығын қорғауға жол ашады. Яғни, кез келген адам адвокатқа жүгіну арқылы өзін заң жүзінде қорғалған сезіне алады.
Адвокатура мен прокуратураның теңдігі мәселесі де кәсіби ортада көптен бері талқыланып келеді. Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, бұрын адвокатура көбіне қызмет көрсетуші сала ретінде ғана қабылданып келді. Ал, жаңа Конституция бұл институттың мәртебесін мүлде жаңа деңгейге көтереді. Тіпті, адвокатура туралы заңға конституциялық заң мәртебесін беру мәселесі де қарастырылады.
Бұл өзгерістердің нәтижесінде қорғану тарапы мен мемлекеттік айыптау тарапының құқықтық теңдігі қамтамасыз етіледі. Әсіресе, тергеу кезеңінен бастап, сотқа дейінгі процестерде де, сот барысында да осы теңдік сақталуы тиіс. Сонда ғана азаматтың құқығы толық қорғалады.
Сонымен қатар, көпшілікке шетел фильмдерінен таныс «Сіз үндемеуге құқылысыз…» деген қағида да Конституцияда бекітілді. Бұл – «Миранда ережесі» деп аталатын халықаралық құқықтық ұстаным. Оның мәні – әрбір ұсталған адамға жауап алынар алдында барлық құқықтары толық түсіндірілмейінше, одан жауап алынбауы тиіс.
Бұл атау 1966 жылы «Миранда Аризонаға қарсы» ісі негізінде қалыптасқан. Аталған істе Эрнесто Мирандаға оның құқықтары алдын ала түсіндірілмегендіктен, әрі мойындауы қысым арқылы алынғаны анықталған соң, сот үкімі күшін жойған еді.
Мамандардың айтуынша, осы қағиданы заң жүзінде бекіту – азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп қана қоймай, құқық қорғау органдарының ұсталған адамға деген көзқарасын да әділетті арнаға бұрады.
– Қазіргі таңда басты назар азаматтардың құқықтарын қорғау мен оны толық қамтамасыз етуге аударылып отыр. Бұл құқық сөз жүзінде емес, міндетті түрде толық жүзеге асуы тиіс. Ең әуелі – әр азаматтың білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Екіншіден, бұрыннан қолданыста бар нормаға сәйкес, адам өзіне қарсы куәлік бермеуге және одан бас тартуға құқылы. Яғни, адамды жауапкершілікке тарту барысында оның қорғану құқығы толық сақталуы қажет: оған барлық құқықтары жан-жақты түсіндіріліп, қорғаушы ұсынылуы тиіс. Бұл – не өзі таңдаған адвокат, не мемлекет есебінен берілетін заңгер болуы мүмкін, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жаңа Конституция – жай ғана заңдар жиынтығы емес, ол – азаматтың құқығын айқын қорғауға бағытталған берік қалқан. Бұл өзгерістер сөз жүзіндегі уәдені нақты іске айналдырып, әділдік пен заң үстемдігін орнықтыруға жол ашады. Ең бастысы – ендігі жерде әрбір азамат өзін заң алдында қорғансыз емес, қайта сенімді тірегі бар тұлға ретінде сезінуі тиіс.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ







