ICAO Қазақстанның есебін жоғары бағалады

0
94

Қазақстан Ақтау маңында «AZAL» авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау себептерін толық тексеру үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ICAO) ынтымақтастықты жалғастырады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев ICAO-ның Еуропалық және Солтүстік Атлант бюросының директоры Николя Ралломен кездесу барысында мәлім еткен.

Қанат Бозымбаев тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды «AZAL» ұшағы апатқа ұшыраған жерге уақытылы жібергені үшін ICAO-ға алғыс білдірді.

– Аталған тергеуді толық аяқтау мақсатында біз ICAO-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз, – деп толықтырды Қанат Алдабергенұлы.

56 жастағы вице-премьер Қазақстан апаттың алғашқы күнінен бастап оқиғаны объективті әрі жан-жақты тексеруге күш салғанын атап өтті. Николя Ралло өз кезегінде «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырағанын тексеру туралы Қазақстан қысқа мерзімде жүргізген және жариялаған алдын ала есебін жоғары бағалады.

Ақтауда «AZAL» ұшағының апатқа ұшырауын тексеру бойынша қорытынды есеп Чикаго конвенциясына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін жарияланады.

Еске салайық, Баку-Грозный рейсін орындайтын «AZAL» жолаушылар ұшағы 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде физикалық және техникалық соққы алған.

Айта кетейік, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының мекемесі, ол 193 елге өзара тиімділік үшін әуе кеңістігін бірлесіп пайдалануға көмектеседі. 1944 жылы құрылғаннан бері ICAO тарапынан қолдау мен үйлестірудің арқасында жаһандық әуе тасымалы желісін енгізе алды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here