17 наурызда жұмысшы мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жоба аясында биыл 72 млрд теңге бөлініп, шамамен 2 440 адамға несие беру жоспарланған. Өтінімдерді Отбасы банкі қабылдайды.
БАҒДАРЛАМА ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
Сыйақы мөлшерлемесі:
- Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін – 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
- тұрғын үйге мұқтаждар мен басқа да ҚР азаматтары мен қандастар үшін – 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
Бастапқы жарна:
- Таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үй үшін – 10%-дан бастап;
- әрленбеген бастапқы және қайталама тұрғын үй үшін – 20%-дан бастап.
Максималды несие сомасы (жөндеу сомасын қоса алғанда):
- Астана және Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге;
- өзге өңірлер үшін – 30 млн теңге.
- Несиенің ең ұзақ мерзімі – 19 жыл.
Сонымен қатар, несие мөлшерлемесін 3,5% (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) бастап 5% (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейін төмендету мүмкіндігі бар. Ол несие сомасының 50%-ын жинағаннан кейін қолжетімді болады.

БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?
- ауыл, орман және балық шаруашылығы;
- тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді игеру;
- өңдеу өнеркәсібі;
- электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондиционерлеумен жабдықтау;
- сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметі;
- құрылыс;
- көлік және қоймалау және басқа да салада жұмыс істейтін мамандар қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- ҚР азаматы немесе қандас мәртебесі;
- 18-63 жас аралығында болу;
- соңғы 5 жыл ішінде өз атыңызда жылжымайтын мүлік болмауы керек;
- Отбасы банкінде депозит ашып, кемінде 2 млн теңге жинақтау қажет;
- жұмыс орнын анықтамамен растауы қажет;
- соңғы 6 айдағы ресми табысты растау керек, оның соңғы 3 айдағы табысы анықтамада көрсетілген жұмыс орнынан болуы керек;
- «Кейін сатып алу құқығымен жалға беру» және «Наурыз» бағдарламасы сынды басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатыспауы тиіс;
- бағдарламаға жұбайлардың тек біреуі ғана қатыса алады.
ҚАНДАЙ ҮЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Бастапқы тұрғын үй – көпқабатты үйдегі пайдалануға берілген пәтер. Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй – үлестік қатысу шарты және тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі болуы қажет. Екінші нарықтағы тұрғын үйді тек моноқалаларда және ауылдық елдімекендерде (жылына бөлінген қаражаттың 30%-ынан аспайды) алуға болады.
Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы 5 наурызда басталды. Өтінім қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады.
Иә, «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы басталған алғашқы екі сағатта 5,5 млрд теңге сомасына 192 өтінім сәтті қабылданған. Несиелік өтінімі бірден мақұлдаған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының алғашқы қатысушысы – 26 жастағы ШҚО тұрғыны Нұржан Орақбай болды. Ол ірі металлургиялық компанияның мыс балқыту цехында шебер болып жұмыс істейді. Жарты жыл бұрын отау құрған Нұржан осыған дейін отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келген. Енді «Наурыз жұмыскер» қатысушысы өзіне ұнамды тұрғын үй таңдап, заем рәсімдеуге кірісе алады.