Су – стратегиялық ресурс: KazNARU-да Алматы қаласының су ресурстарын басқару болашағы талқыланды

1
680

«Қалалардың тұрақты дамуы: су ресурстарын басқарудағы сын-қатерлер мен сценарийлер» атты халықаралық форум ғылым, билік және салалық құрылым өкілдерін мегаполистің су қауіпсіздігі мәселелері бойынша бір алаңға тоғыстырды.

2026 жылғы 25-26 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) базасында «Қалалардың тұрақты дамуы: су ресурстарын басқарудағы сын-қатерлер мен сценарийлер» атты халықаралық ғылыми-сараптамалық форум өтті. Екі күндік іс-шара барысында ғылым, мемлекеттік органдар және бейінді ұйымдар өкілдері Алматы қаласының су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шешімдерді талқылады.

Форумды ашқан KazNARU Су хабының директоры Анатолий Рябцев ғылым мен тәжірибе арасындағы ықпалдастықтың стратегиялық маңызын атап өтті. Университеттің бірінші проректоры Пиримқұл Ибрагимов өз сөзінде су ресурстарын тиімді басқару бүгінгі таңда тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік басымдыққа айналғанын жеткізді.

Климаттың өзгеруі мен урбанизация үдерісінің күшеюі жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрлық мониторинг пен гидрологиялық модельдеуді дамыту, сондай-ақ ұтымды су пайдалану мәдениетін қалыптастыру айрықша өзектілікке ие. «Әрбір тамшы су – болашаққа инвестиция» қағидаты қазіргі су саясатының негізі ретінде белгіленді.

Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Мирас Нысаналиев таулы су ресурстары мегаполистің стратегиялық капиталы екенін атап өтті. Қаланың экологиялық күн тәртібі аясында ғылыми қауымдастықпен бірлесіп қолданбалы зерттеулер мен гранттық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Бірінші күннің негізгі баяндамасын Ali Torabi Haghighi (University of Oulu, Финляндия) жасады. «From Water Abundance to Water Bankruptcy» тақырыбындағы баяндамасында ғалым «су молшылығынан су банкроттығына» өту тұжырымдамасын ұсынды. Бұл – климаттық өзгерістер мен тиімсіз басқару шешімдері салдарынан су жүйесінің тұрақтылығын жоғалту үдерісі.

Мысал ретінде мұздықтардың деградациясы, жерасты суларының сарқылуы, сондай-ақ Әмудария мен Арал теңізі бассейндеріндегі дағдарыстық құбылыстар келтірілді. «Mirage water» тұжырымдамасы – табиғи шектеулерді ескермей ресурстар жеткілікті деген жалған түсінік қалыптастыру қаупі – қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Салалық ұйымдар өкілдерінің баяндамалары қалалық су инфрақұрылымын жаңғырту, тазартылған ағын суларды қайта пайдалану, нормативтік-құқықтық реттеу және стратегиялық жоспарлау мәселелеріне арналды. Сорбұлақ көлі ағын суларын тиімді пайдалану және Іле Алатауы өңірі өзендерінің су режіміндегі өзгерістер тәуекелі де кеңінен талқыланды.

Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша келесі басым бағыттар айқындалды:

  • су ресурстарын интеграцияланған басқаруды дамыту;
  • ведомствоаралық үйлестіруді күшейту;
  • сценарийлік модельдеуді енгізу;
  • халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту.

Форумның екінші күні Алматы қаласының су ресурстарын басқарудың ұзақ мерзімді сценарийлерін әзірлеуге арналған форсайт-сессияға ұласты.

Факультет деканы Мейрам Арыстанов ғылыми және салалық сарапшылық әлеуетті біріктірудің маңызын атап өтті. Форсайт әдіснамасын профессор Ali Torabi Haghighi және University of Oulu зерттеушісі Азиза Баубекова таныстырды. Сессия жұмысына фасилитатор ретінде Иван Раделюк жетекшілік етті.

Халықаралық деңгейде мойындалған форсайт тәсілі аясында:

  • негізгі белгісіздік факторлары айқындалды;
  • даму драйверлері талданды;
  • баламалы сценарийлер қалыптастырылды;
  • олардың тұрақтылығы мен іске асу мүмкіндігі сараптамалық бағаланды.

«АлматыСу», «Қазгидромет», У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Satbayev University, «Қазсушар» және басқа да ұйымдар өкілдері климаттық тәуекелдер, инфрақұрылым жағдайы, су тұтынудың трансформациясы мен институционалдық шектеулерді ескере отырып, су басқару жүйесінің ықтимал даму траекторияларын қалыптастырды.

Әзірленген сценарийлер стратегиялық жоспарлау, талдамалық материалдар дайындау және ғылыми жарияланымдар әзірлеу үшін негіз болмақ. Сонымен қатар, бұл KazNARU-дың су қауіпсіздігі мәселелері бойынша ұлттық сараптамалық платформа ретіндегі рөлін нығайта түседі.

Форум нәтижелері Алматы қаласының су қауіпсіздігі кешенді көзқарас пен ғылым, басқару және өндірістік тәжірибенің үйлесімді ықпалдасуын талап ететінін көрсетті. Екі күндік жұмыс БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда ТДМ 6 (таза су), ТДМ 11 (тұрақты қалалар) және ТДМ 13 (климаттық бейімделу) іске асыруға өз үлесін қосты.

KazNARU стратегиялық диалог алаңы ретінде қалалық дамудың болашағын айқындайтын шешімдер қабылданатын орталыққа айналып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

1 пікір

  1. Форум практикалық жағынан өте пайдалы кездесу болды. Әркім өз ойын жеткізіп, жобаларын ұсына алды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here