Президент ұсынған өзгерістердің өзегінде – Конституциялық жаңару мен саяси жүйені қайта құру тұр

0
546

Сенат депутаты Алтынбек НУХҰЛЫ Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында cөйлеген сөзіне орай Facebook әлеуметтік желісінде өз ойларын ортаға салды. Онда былай делінген:

Бүгінгі Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысы – Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы жаңа белеске аяқ басқанын айқын көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасы стратегиялық тұрғыдан қабылданар шешімдердің тарихи салмағын толыққанды ашып берді.

Президент ұсынған өзгерістердің өзегінде – Конституциялық жаңару мен саяси жүйені қайта құру тұр. Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру, оның «Құрылтай» деп аталуы – жай ғана атау ауыстыру емес. Бұл – тарихи жадқа сүйенген, төл саяси мәдениетімізді қазіргі заман талаптарымен ұштастырған терең символдық шешім. Құрылтай – халқымыз үшін кеңесіп, кесім қабылдайтын, ел тағдырын айқындайтын ортақ мінбер болған. Енді сол рух заманауи формада қайта жаңғырып отыр.

145 депутаттан тұратын жаңа Құрылтай, квоталардың алынып тасталуы, депутаттардың пропорционалды жүйе арқылы сайлануы және т.б. өзгерістер – биліктің өкілділігін арттырып, саяси жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты қадамдар.

Президенттің «Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін айқындайтын нормаларды сақтап, күшейтуіміз қажет» деген пікірі де ерекше мәнге ие. Конституция заман талабына сай болуы керек, бірақ оның өзегіндегі құндылықтар – әділет, зайырлылық, жауапкершілік – өзгермеуі тиіс деген ұстаным анық сезілді.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының тарихқа, әсіресе Алтын Орда дәуірінен бастау алатын рухани сабақтастыққа ерекше тоқталуы бүгінгі реформалардың тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Жошы хан туралы фильм, Алтын Ордаға қатысты халықаралық симпозиум, Қазақ Елінің тарихының 7 томдық болып жазылуы – бұл өткенді мадақтау емес, ұлттық сананы жаңғыртудың бір бөлігі.

Қызылордадағы Ұлттық Құрылтай осылайша өз миссиясын абыроймен аяқтады. Бес жыл ішінде ол қоғамдық пікірді жүйелеп, мемлекет дамуының шешуші тұстарында бағыт-бағдар беретін алаңға айналды. Енді Ұлттық құрылтай тарихта қалса да, Сенат пен Мәжіліс атауларының орнына келетін жаңа Құрылтай елдің саяси өмірінде басты рөл атқаратын кезең басталмақ. Әрине, жалпыхалықтық референдум нүктесін қояр күн алда. Айтылған ойлардың нақты іске асуы жолында әрбір азаматтың атсалысуы мойнымыздағы парызымыз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here