Бүгінгі Қазақстан қоғамы үлкен саяси трансформацияның алдында тұр. Ел өміріндегі маңызды кезең – Құрылтай сайлауы жақындаған сайын, саяси партиялар арасындағы бәсеке де қыза түсуде. Осы ретте ұйымдастырылған теледебаттар тек шешендік өнердің алаңы емес, мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын басты платформаға айналды. Құрылтай сайлауы қарсаңындағы теледебаттар – саяси партиялардың бағдарламасын ғана емес, олардың қоғамдық мәселелерге деген шынайы ұстанымын айқындайтын басты сын алаңы. Әрбір саяси күш елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзіндік балама жолдар мен дербес шешімдер ұсынуда. Бір мақсат төңірегінде түрлі көзқарастардың тоғысуы – өркениетті қоғамға тән қалыпты үрдіс, әрі демократиялық пікірталастың негізгі мәні де осында жатыр. Дебаттардың құрғақ ұран мен популизмнен ада, саяси сауатты әрі терең мазмұнды деңгейде өрбігені ерекше назар аудартуда. Спикерлер жалпылама сөздерді ысырып қойып, халықты толғандырған нақты проблемалар мен оларды шешудің нақты тетіктерін талқылауда. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі теледебаттар отандық саяси процестегі үлкен серпілістің, шынайы бәсеке мен пікір алуандығының айқын көрінісіне айналды. Саяси күштердің өз ұстанымдарын ашық алаңда қорғап, қоғамның өткір сауалдарына жауап іздеуі – еліміздегі қоғамдық диалогтың мүлдем жаңа, сапалы деңгейге көтерілгенін аңғартады.
Бұл мақалада 12 тамызда «Jibek Joly» телеарнасында өткен дебат алаңындағы пікірталасты талдап, партиялар ұсынған бағдарламалардың шынайы салмағын таразылаймыз.
БАҒДАРЛАМАЛАР БӘСЕКЕСІ БОЛА АЛДЫ МА?
12 тамызда «Jibek Joly» телеарнасында өткен бірінші командалық теледебат Құрылтай сайлауының алдында саяси партиялардың шынайы дайындығы мен уәделерінің салмағын көрсететін басты дода болды. «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында өткен бұл пікірталаста жеті саяси партияның өкілдері өз бағдарламаларын ортаға салып, электораттың көңіл үдесінен шығатындай пайымды пікірлерін білдірді.
Жылдың ең маңызды саяси кездесулерінің бірі саналатын бұл дебатқа әр партиядан екі спикерден, барлығы 14 үміткер қатысты. Ғазиз Әбішев пен Айдана Үсенбай тізгіндеген эфирде партиялар жеребе ретімен нақты мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы атынан сөз алған Жазира Сұлтанқұлова мен Ерболат Саурықов ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюды басты мақсат етті. Олар елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды алға тартып, ҚХП-ның ұрандарын сынап өтті. «Ақ жол» партиясының мүшелері Бек-Мұхамед Жәукебаев пен Ермек Әбілдин өздерінің бағдарламасында салық жүйесін реформалауды және борышкерлердің жалғыз баспанасын тартып алуға толық тыйым салуды ұсынды. Сондай-ақ олар ЖСДП-ның бизнесті қыспаққа алу саясатын сынға алды. «Әділет» партиясының өкілдері Айжан Аймағанова мен Мәди Мырзағараев өз ұстанымдарын Ата заңның жаңа редакциясымен байланыстырды. Олар кез келген саяси реформа халықтың сенімінсіз нәтиже бермейтінін ерекше атап өтті. Ал, ЖСДП «серкелері» Лариса Ли мен Нұрайнаш Камалова әлеуметтік әділеттілік мәселесін алға тартты. Олар Қазақстан Халық партиясын көп жылдар бойы құрғақ уәде мен «сөзуарлықпен» айналысып келеді деп айыптады. Дебат барысында Қазақстан Халық партиясы Жандос Бидайбеков пен Ирина Смирнова өздерін халық үнінің басты қорғаушысы ретінде көрсетуге тырысты. Спикерлер қарсыластарының бағдарламаларындағы осал тұстарды да атап берді. «Байтақ» экологиялық партиясының белсенділері Амалбек Өміртай мен Алмат Тұртаев елдегі ірі экологиялық заң бұзушылықтарды нақты мысалдармен көрсетті. «Байтақтықтар» табиғи ресурстарды қорғауды заң деңгейінде күшейтуді талап етті. Respublica партиясының мүшелері Олжас Құспеков пен Динара Шукижанова жаңа экономикалық тәсілдерді ұсынды. Мәселен, Динара Аманжолқызы әріптестерін популизмді қойып, нақты экономикалық талдауға көшуге шақырды.
Пікірталастың соңына қарай теледебаттағы көрермендер дауыс беруінің нәтижелері белгілі болды. Бірінші орынды «Әділет» партиясы алды. Партия өкілдерінің сөйлеген сөздерін сауалнамаға қатысушылардың 60,6%-ы қолдаған. Екінші орында 15,1% дауыс жинаған «Ауыл» партиясы, үшінші орынға 10,2% көрсеткішпен Respublica партиясы орналасты. Одан кейінгі орындарды ЖСДП – 3,9%, «Ақ жол» – 3,5%, Қазақстанның Халық партиясы – 3,3% және «Байтақ» – 2,7% иеленді. Ал, сауалнамаға қатысушылардың 0,7%-ы «ешқайсысы ұнамады» деген нұсқаны таңдаған.
Жалпы алғанда, «Jibek Joly» эфирінде өткен бұл дебат саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Спикерлердің уақытты тиімді пайдалануы, жақтастардың студиядағы белсенді қолдауы мен WhatsApp арқылы тікелей қойылған өткір сауалдар доданың шынайылығын арттырды.
Десе де, бағдарлама барысында кейбір партиялардың әлі де популистік ұрандардан арыла алмай жатқаны, ал жаңа күштердің нақты экономикалық есептерге көбірек иек артатыны байқалды.
САЯСИ ДЕБАТТАР ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ САУАТЫН АРТТЫРАДЫ
Саяси партиялар арасындағы дебаттар қоғам үшін жай ғана шоу емес, елдің саяси санасы мен мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды құрал болып табылады. «Jibek Joly» телеарнасында өткен соңғы тартысты пікірталастар бұған айқын дәлел.
Теледебаттардың қоғамға беретін негізгі пайдасы мен атқаратын рөлін бірнеше маңызды фактормен түсіндіруге болады. Біріншіден, сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігі пайда болады. Нақтырақ айтқанда, сайлаушылар партиялардың уәделерін құрғақ қағаздан емес, тікелей эфирдегі ашық тартыстан көріп, салыстыра алады. Бұдан бөлек, қарсыластың өткір сұрағына берілген жауап арқылы партияның мәселені шешуге қаншалықты дайын екенін бағамдауға мүмкіндігі болады.
Екіншіден, бұл бастама қоғамның саяси сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді. Нақтырақ айтқанда, халық қай партияның бағдарламасында нақты есеп пен қаржылық негіздеме бар екенін түсіне бастайды. Спикерлердің «бәрін тегін жасап, тез арада іске асырамыз» деген сияқты құрғақ ұрандары мен популистік уәделері нақты сұрақ қойылған кезде тығырыққа тіреледі.
Үшіншіден, саяси дебаттар Қазақстандағы саяси мәдениет пен диалог трендін қалыптасуының іргетасын қалайды. Мәселен, дебат барысында өркениетті пікірталас дәстүрі қалыптасып келеді. Атап айтқанда, қарсыласты қорламай, тек нақты дәлелдермен және фактілермен жеңу мәдениеті қалыптасады.
Төртіншіден, билік пен халық арасында диалог орнайды, кері байланыс пайда болды. Дебаттар барысында көрермендер WhatsApp және әлеуметтік желі арқылы студияға өздерін толғандырған сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, партиялар халықтың алдында өз бағыттарын, бағдарламаларының негізгі басымдықтарын қорғай отырып, болашақта айтылған сөздері үшін жауапты болатынын сезінеді. Яғни, партиялардың қоғам алдындағы жауапкершілігі одан әрмен артады.
ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ: ДЕБАТ ДӘСТҮРІ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ ДАМЫҒАН?
Сайлау алдындағы саяси дебаттар әлемнің 70-тен астам мемлекетінде өткізіледі. Бұл үрдіс әсіресе демократиялық институттары дамыған Батыс елдерінде берік дәстүрге айналған.
Дебат дәстүрі дамыған елдер қатарын АҚШ бастап тұр. Құрама Штаттар «теледебаттың отаны» саналады. Алғашқы ауқымды теледебат 1960 жылы Джон Кеннеди мен Ричард Никсон арасында өтті. Содан бері әр президент сайлауы алдында үміткерлердің бетпе-бет келуі міндетті дәстүрге айналды.
Ұлыбританияда парламенттік басқару жүйесі болғандықтан, мұнда негізгі саяси партиялардың көшбасшылары арасында өте тартысты пікірталастар ұйымдастырылады. Онда лейбористер, консерваторлар мен елдегі өзге партиялар өз ұстанымдарын көпшілік алдында мүмкіндігінше жеткізуге тырысып, қоғам қолдауына кеңінен ие болуға тырысады.
Ал Франциядағы Президент сайлауының екінші кезеңіне өткен екі үміткердің арасындағы тікелей эфирдегі дебат ел өміріндегі ең басты медиа-оқиға болып есептеледі.
Кейбір мемлекеттерде сайлау алдында дебат өткізу жай ғана дәстүр емес, заң жүзінде міндетті талап болып бекітілген. Мысалы, Бразилияда сайлау заңнамасы бойынша телеарналар кандидаттар арасында пікірталас ұйымдастыруға міндетті.
Аргентинада 2015 жылдан бастап президенттікке үміткерлердің дебатқа қатысуы заңмен міндеттелді. Қатысудан бас тартқан кандидаттар мемлекеттік жарнамалық уақыттан айырылады.
Оңтүстік Кореяның «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы негізгі үміткерлер үшін міндетті түрде бірнеше рет ресми теледебат ұйымдастырады.
Сонымен қатар, Еуропа Одағы елдері арасында Германия, Нидерланды, Испания мен Польшада партияаралық пікірталастар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
ТҮЙІН СӨЗ
Қазақстандағы теледебаттар халыққа жай ғана саяси шоу ұсынған жоқ. Ол – популистік ұрандардың шынайы салмағын таразылайтын, партиялардың уәдесі мен мүмкіндігін бетпе-бет сынайтын басты алаңға айналып келеді. Кейбір саяси күштердің әлі де ескі сарыннан арыла алмай жатқаны байқалса, жаңа толқын нақты есеп пен прагматикалық тәсілдерге көбірек иек артатыны байқалады. Қалай болғанда да, ашық пікірталас тренді қоғамның саяси сауаттылығын арттырып, саналы таңдау жасауға жол ашты. Ендігі басты міндет – дебат алаңында айтылған уәделердің сайлаудан кейін ұмыт қалмай, іс жүзінде орындалуын қоғам болып бақылау. Саяси риторика кезеңі аяқталды, ендігі төреші – халық пен уақыт.
Жандар АСАН, саяси сарапшы









