Дарынды қаламгерлердің тәлімгері

0
667

Артында өшпес мұра қалдырған абыз аға Тәңір Нұржанов егер тірі болғанда биыл күзде ғасырға толар еді. Ол жайлы сөз болса, есіме сонау балалық балдәурен шағым еріксіз оралады.

Менің журналистикадағы алғашқы ұстазым

Ол кезде мен қазіргі Түркістан облысына қарасты Дербісек ауылындағы Елшібек батыр атындағы орта мектебінің оқушысы едім. Әке-шешем жергілікті Ленин колхозының орталығынан едәуір шалғайда жатқан Ащықұдық фермасында қой бағатын. Бір отардағы мыңға жуық қоғам малына жыл он екі ай қарау оңай ма? Ерте көктемнен ақ қар-көк мұзды қыс айына дейін науқанды жұмыс бірінен кейін бірі тынымсыз жалғасып жатады. Жауапкершілігі жетерлік шаруадан қолдары тие бермейтін.

Бауыр еті балаларын да амалсыздан ауылдағы жалғыз мектеп-интернатқа беретін. Ата-анамызды қаншалықты сағынсақ та сонда жатып оқитынбыз. Тәрбие орнының жетекшісі Дәрібай ағамыз бізге өз ұл-қыздарынан кем қарамайтын. Алайда қайран әкем-ай десеңізші, орайы келген сәтте астындағы атын желдіртіп отырып, анамның салып берген жылы жұмсағын екі қоржынның басын толтырып, маған келіп тұратын. Оның келуі біз үшін үлкен мереке-тін. Үйдің әрі қолдан жасалған дәмге не жетуші еді. Құрт пен ірімшік, сүрленген еттің иісі танауыңды жарады емес пе.

Бір ғажабы, интернаттағы балалардың бәрі де сабақты жақсы оқитын. Бейім-қабілеттері де ұстаздары мен тәрбиешілерді тәнті етпей қоймайтын. Кітапханаға жаңадан түсетін кітаптар мен түрлі басылымдардың әрбір сандарын жібермейтінбіз. Ол уақытта жергілікті «Қызыл Ту», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінің ауылдағы кішкентай оқырмандары едік. Өзім әдебиет пәнін шексіз жақсы көретінмін. Ол бір жағы үнемі ізденіс үстінде жүретін кезінде Алматыдағы жоғары оқу орнында тиянақты білім алған Жолдас Бердішевтің арқасы.

Ұмытпасам бесінші сыныптамын. Бір күні аспазымыз, неміс қызы Ольга Франк жөнінде «Асы дәмді аспазшы» деген тақырыппен шағын мақала жаздым да, конвертке мұқият салдым. Сөйтіп, оны аудандық газеттің мекен-жайы көрсетілген Сарыағаш қаласына жібердім. Ол көп өтпей әлгі басылым бетінде жарық көрді. Сол шақтағы қуанышымды тілмен айтып жеткізе алмаспын. Бүкіл білім ордасының мұғалімдері мен шәкірттері тегіс құлағдар болыпты. Осылайша, ауылдың тілші баласы атанып шыға келдім.

Келесі жылы болса керек. Әйтеуір жаңа оқу жылы басталған кез болатын. Бір күні ауданнан «Редакцияға келіп кет» деген хат алдым. Соңына газеттің бөлім меңгерушісі, СССР Журналистер Одағының мүшесі Тәңір Нұржанов деп жазылыпты.

Әрине, бастапқыда қатты толқыдым. Өйткені, бұрынды-соңды тірі журналисті көзім көріп пе, қанша қобылжысам да «Қызыл Ту» газетінің кенсесі орналасқан ғимараттың табалдырығын имене аттадым. Ол жерде бірнеше бөлмелер бар екен. Әрқайсысының есігінде бас редактордан бастап барлық бөлімдер мен қызметкерлердің аты-жөндері әдемі әріптермен жазылыпты. Ұзын дәлізді жағалап жүргенде басылымнан фамилиясын жиі оқитын Тәңір ағаның есімі көзіме бірден түсті. Есігін жайлап тықылдаттым. Арғы жақтан «Бұл кім екен, ұялмай кіре бер» деген құлаққа жағымды дауыс естілді. Ішке ендім. Шаш қойысы өзіне ерекше жарасқан жылы жүзді кісі қарсы алып, жанына отырғызды. Бөлмедегі ұшқан шыбынның ызыңы естілердей үнсіздіктен кейін әлгі аға әңгімесін бастап кетті. «Мен өзіңді арнайы шақыртып едім. Қысылмай сұрағыма жауап бер, Дербісек ауылының біз білмейтін жаңалықтары болса айта отыр» деді.

Үйден шыққандағыдай емес, өзімді еркін сезіне бастадым. Журналистер де өзге жұрттың мұң-мұқтажын жалықпай тыңдай білетін, оқығаны мен тоқығандары мол, киімді талғаммен киетін, өте ұқыпты, ішкі мәдениеттері жоғары, ақжарқын мінезді жандар екендігіне көзім айқын жетті.

Тәңір аға егер ұдайы ізденіп, көркем әдебиеттерді көп оқысам, түбі өзімнен жаман тілші шықпайтындығыма сенім білдіріп, ақ батасын берді. Осы жолы газет редакторының орынбасары Кәрім Әзімбаев, белгілі жазушы Жақыпбек Аяшев және басқа да әріптестерімен таныстырды. Олардан қанша тағылымды ақыл-кеңестері мен қазақ журналистикасының бейтаныс қырлары мен сырлары, кейіпкерлермен қарым-қатынас жасаудағы әдептер, тақырыптарды таңдау мен ашу, оқырмандарды толғандыратын өзекті мәселелер, мамандықтың өзге кәсіптерден айырмашылығы мен жауапкершілігі туралы құнды пікірлерін естідім.

Осы жолы әлі мектептің жоғары сынып оқушысы болсам да көп жайды көңіліме түйдім. Болашағыма баға жетпес бағдар алдым. Баспасөздің әліппесінен дәріс тыңдағандай үлкен әсерге бөлендім.

Жарқын бейнесі мәңгілік жадымда

Содан бергі өмірім аудандық газетпен тығыз байланыста болды. Штаттан тыс тілші ретінде үздіксіз қалам тартып тұрдым. Сарыағашқа жолым түскен сайын міндетті түрде редакцияға соқпай кетпейтінмін. Тәкең қалыптасқан әдет бойынша жарқырап, тәлімгер ретінде білгенін үйретуден ешқашан бас тартқан емес. Әскерден келген соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсер кезде редакция атынан кепілдеме беруге себепкер болды. Редактордың орынбасары Равиль Мамаев та елгезек, адамгершілігі мол азамат-ты. Жоғары оқу орнына қажетті құжаттың мәтінін алдындағы үйреншікті машинкасымен әп-сәтте тарсылдатып басып, мөр басылған қағазды қолыма ұстатты. Сөйтіп, маған мамандық таңдаудағы сапарыма сәттілік тіледі.

«Өмір-өзен» деседі. Ол рас. Адамның ғұмыры қамшының сабындай өте қысқа. Қас қағым ғана екен. Бүгінгі әңгімеме алтын арқау болып, өле-өлгенше сыйласқан Тәңір ағамыздың жарқын бейнесі менің жүрегімде мәңгілік сақталары даусыз. Оның тұлғалық келбетін, адамгершілік асыл қасиетін, кәсібіне шексіз адалдығын, бауырмалдық, кісілік, мейірбандық қырлары оның ізін басқан жастарға қай жағынан алсақ та ғибрат.

Сонымен оны оқырмандарға кеңірек таныстыру үшін сонау өткен кезеңге шолу жасағаным жөн секілді. Болмысы бөлек тұлға Тәкең мағыналы тіршілік кешті. Болашақ журналистер тағылым алар рухани мұралары өз алдына бөлек әңгіме. Кестелі тілмен өрнектелген очерктері, Сарыағаш өңірінің жасампаз еңбек адамдарын өзек еткен және ой салар сараптамалық мақалаларын замандастары мен жерлестері ұмыта қойған жоқ.

Өткен шаққа көз жіберетін болсақ, қазақ журналистикасының ардагері сонау 1926 жылы 15 қыркүйекте Түркістан облысына қарасты бауырлас өзбек ағайындармен көршілес жатқан Сарыағаш ауданының Алғабас деп аталатын киелі мекенде жарық дүние есіген ашты. Оның тұрғыластары өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей бастан өткерді. Нәубет жылдардың тауқыметін көзбен көріп, ашаршылықта бір үзім нанның қадыр-қасиетін жастайынан жұдырықтай жүректерімен сезінді. Бұғанасы қатпай жатып, еңбекке ерте араласты. Сөйтіп, он төрт жасында жергілікті колхоздың есеп-қисабына араласты. Кешегі ана жесір, баланы жесір еткен сұм соғыста Отанды қорғау үшін қанды майданға аттанды. Он сегіз жасар бозбала намысты қолдан бермеді. Қазақ жігіті оқ пен оттың бел ортасында жүрді. Алайда, денсаулығына байланысты туған жеріне оралуға тура келді.

Қайсар мінезді, ұлтжанды азамат майданнан кіндік қаны тамған қасиетті мекенге табаны тиген соң бейбіт өмірге белсене араласып кетті. Сол уақыттың талабына сай үлкен сенім артылып, партия қатарына алынды. Алғы шептен көрініп, бойында қаламгерлік қабілеті бар, тілге шешен жігітті жоғарыдағылар танып, болашағынан үлкен үміт күтті.

Бұл 1950-ші жыл болатын. Аудандық партия комитетіндегілердің ұсынысымен «Ленин жолы» газетіне қызметке алынды. Кәдімгі жауапкершілігі мол корректорлықтан бастады. Редакцияның қара қазанында қайнап, өзінің жақсы қырларымен дараланды. Қатардағы тілшіліктен ең беделді ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне дейін көтерілді. Ерте көктемнен бастап, жыл бойы тыным таппады. Қарымды журналиске шектеу жоқ. Негізгі қызметінен тыс кездері сол кездегі өңірлік басылымдар арасында таралымы жоғары облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық баспасөздің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің де Сарыағаштағы белсенді авторларының бірі болып, ауыл және мал шаруашылығы жөнінде қалам тартты. Тәкең көзбен көріп, жиі араламаған көкейтесті мәселелерін шабыттана жазбаған бірде-бір шаруашылық пен елді мекен жоқ шығар. Ауданның еңбектеген баласынан еңкейген қарттарына дейін журналист Тәңір Нұржанов десе елең ете қалатын. Ауыл шаруашылық саласының нағыз білгірі, дарынды қаламгер Тәкең үнемі кәсіби шеберлігін шыңдаумен болды. Кезінде Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінде оқып, біліктілігін көтерді. Қаншама ел мақтанышына айналған тұлғалармен жүздесіп сырласты.

Оның жиі айтатын үлкен бақыты өзі кезінде шапағатын тигізіп, бірге қызмет атқарған шәкірттерінің көпшілігі уақыт өте ел құрметіне бөленіп, сөз өнерінің зергерлері, яғни майталман ақын-жазушылар атанғаны. Бұл орайда алдымен қазақтың аяулы қызы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқараеваның есімі тілімізге оралады. Осынау қайталанбас тұлға да әу баста қаламгерлікті бастағанда кейіпкерімізден тағылым алды. Мейірім-шапағатын сезінді. Аға ұрпақ өкілі ретінде үлгі тұтты. Әлі күнге дейін жаны жайсаң ағасын сағынышпен еске алады.

Өзге де бір газетте, бір мүдде жолында еңбек етіп, сыйласқан іні-қарындастары аз емес. Мен олардың бірқатарын әңгімеге тартып, жүрек жарды лебіздерін жазып алған едім. Енді сол адамдардың пікірлеріне сүйенгенді жөн көрдім.

Жоғарыда аталған басылымда еңбек жолын бастап, ұзақ жылдар бойы бас редакторлық қызметті абыроймен атқарған, құрметті журналист әрі қоғам қайраткері, бұл күндері елордамыз Астана қаласында тұратын Кеңес Балықбаевтың жан сыры:

– Бұрынғы «Қызыл Ту» (қазіргі «Сарыағаш») газеті менің екінші үйіме айналған еді. Осында жұмыс істей жүріп, журналистика факультетін тәмәмдадым. Редакцияның қалыптасу кезеңдерін, тарихын бір кісідей білемін. Алдымыздағы ардақты ағалардан үйренсем, кейінгі іні-қарындастарыма қолдан келген қамқорлығымды жасадым. Қазір олардан жырақта жүрсем де өзімнің жалынды жастық шағым мен бүкіл саналы өмірімді арнаған ұжымдағы жігіттер мен қыздардың қол жеткізген шығармашылық табыстарын естісем шын мәнінде жаным жадырап, мәртебем өсіп қалады.

Ал, газеттің мәртебесін асқақтатқан Тәңір Нұржанов ағамыз қандай көркем мінезді, жан сарайы кемел, кімге болсын тек жақсылық жасауға тырысатын, айналасына нұрлы шуағын шашқан мәрт кісі-тін. Онымен әріптес болғанымды мақтан тұтамын.

Уақыттан жүйрік ештеңе жоқ. Тәкеңе де ғасыр толып қалыпты. Қазір өзі арамызда болмаса да кейінгілерге мәңгілік өнеге қалдырды. Әсіресе, оның еңбекқорлығы барша қаламдастарына үлгі. Оны әріптестерінің бәрі де жақсы біледі. Өз саласының нағыз шебері-тін. Бойындағы ешкімді алаламайтын жайсаңдығы, адамгершілігі қандай еді. Құлағанға сүйеніш, қиналғанға жұбаныш-тын. Мұндай кісілер тіршілікте өте сирек. Өз ортасының ұйытқысы еді. Ақ көңілдігі мен қоса әзілкештігі бөлек әңгімеге арқау боларлықтай.

Тәңір ағаның шарапатын көрген інілері еліміздің үлкен қалалары мен облыстарында ғұмыр кешіп, баспасөз саласында өзіндік қолтаңбаларын танытты. Соның бірегейі Алматыдағы университетті аяқтаған соң жер шоқтығы Көкшетауда жемісті қызмет атқарған, яғни еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» меншікті тілші болған дарынды ақын, білікті қаламгер Бақберген Амалбек. Бұл талантты журналист сонау қайталанбас кезеңге қысқаша шегініс жасап, аға ұрпақ өкілі жайлы былайша толғанады:

– Бәріміз де арман қуған бозбалалық шақты бастан кештік. Университетте оқыған жылдары екі-үш рет Сарыағаш аудандық газетінде өндірістік тәжірибеден өттім. Сол кезде Тәңір Нұржанов беделді басылымдағы бөлімнің меңгерушісі-тін.Түр-тұлғасы келіскен, бір сөзді, уәдеге берік әрі ширақ, талапшыл азаматтың қарамағында болу бір ғанибет. Оның тікелей тапсырмасымен мақта және мал өсіретін шаруашылықтарға іс-сапармен шығып, суреттеме, репортаж, мақалалар жаздым. Ол әрбір нөмірде үздіксіз басылып жатты. Тәлімгерімнің ақыл-кеңесімен шеберлігімді ұштап, жазғандарым факультеттегі кафедрада үнемі жақсы жағынан аталатын.

Тәкеңнің бойындағы асыл қасиеттер жетерлік. Сондықтан үйренгенім мол. Қазіргідей білікті журналист болуыма тигізген ықпалы орасан.

Ұрпақтары әке аманатын ақтады

Сарыағаш ауданының құрметті азаматының еліне және қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегіне байланысты алған марапаттары аз емес. Оның бәріне тоқталып жатпадық. Ол кездескен сайын қолына қалам ұстаған журналист үшін басты награда – халықтың шынайы алғысы, ел ақсақалдарының ізгі тілегі мен батасы дейтін.

Тәкең отбасының бәйтерегі, адал жар, сыйлы әке, батагөй ата атанды. Жарты ғасырға жуық бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен Мәрия апа екеуі бес қыз бен екі ұлға тәлімді тәрбие берді. Алақандарына салып аялаған қыздары Алтын, Тамара, Айсұлтан, Гүлжауһар, Қаракөзайымдар өмірден өз орындарын тапқан білікті мамандар. Бір өкініштісі, сүйікті перзенті, полиция саласында жауапты қызмет атқарған Ханкелді дүниеден ерте өтті. Ал, үлкен ұлы Жанкелдінің есімі бұл күндері оңтүстік өңіріне кеңінен танымал. Ол – Сарыағаш қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Мақаланы дайындау барысында онымен сөйлесіп, тың мәліметтер алдым. Айтары да жетерлік. «Әке көрген оқ жанар» демекші, өзін кісілікке, адамгершілікке баулыған ардақты әкесі жайлы үлкен тебіреніспен:

– Әулетіміздің тірегі, асқар тауымыздың орны ешқашан толмайды. Оның бақилық болғанына да қарап отырсақ, жиырма үш жыл өте шығыпты. Бірақ жастайымыздан санамызға ұялаған ғибратты сөздері, шексіз махаббаты, көрсеткен өнегесі жүрегімізде мәңгілік сақталады. Ұл-қыздарынан 26 немере, 85 шөбере сүйді. Әкеміздің көзін көрген, өткен жылдары араласып, сыйласқан замандастары ол туралы жылы лебіз білдіргенде жанымыз марқайып, мәртебеміз өсіп қалады. Егер мына тіршілікте қолымыз бірдеңеге жеткен болса, оның бәрі де жастайымыздан ата-анамыздың бойымызға сіңірген баға жетпес асыл қасиеттерінің арқасы, – деді.

Ұрпақтары Тәңір Нұржановтың 100 жылдығы қарсаңында облыстық журналистер байқауын ұйымдастырды. Әділқазылар алқасына есімі көпке танымал тұлға, белгілі қаламгер Әбілсапар Тұрғынбаев төрағалық етті. Бас жүлдеге «Сарыағаш» газетінің тілшісі, болашағынан үлкен үміт күттіретін Балнұр Оспанова ие болды.

Жақында аталған басылым редакциясында, яғни жылы жүрек, нұрлы ақыл иесі Тәңір Нұржанов ағамыздың жарқын ізі қалған, талай журналистердің қанатын қатайтқан шеберлік шеберханасында болып, қайталанбас тұлғаны еске алдым. Бас редактор Бақдәулет Айдағараевпен тілдесіп, ардагерлер және ұжымның қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы сөз еттік.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here