Тәуелсіздік – тек күнтізбедегі мереке емес, ол – ұлт жадында сақталған күрес пен қайсарлықтың, арман мен азат ойдың айнасы. Бұл ұғым әр буынның жүрегінде әрқалай жаңғырады: Біреулер үшін ол – желтоқсанның ызғары, енді біреулер үшін – еркін елде өсу бақыты. Ұрпақ санасына осы қасиетті сезімді сіңіру, тәуелсіздіктің бағасын ұғындыру – бүгінгі білім ордаларының басты мұраты. Осы мақсатта Алматы қаласы Түркісіб ауданына қарасты №142 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылған «Тәуелсіздік тұғырым» атты мерекелік шара елдік рухты асқақтатқан тағылымды кешке айналды.

Игі шараға мектеп директоры Назым Төлеуқалиқызы бастаған ұстаздар ұжымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Сәуле Досжан, желтоқсан оқиғасының қаһармандары Гүлнар Нұрғалыққызы мен Серік Бейсенбайұлы, Әділжан Сатбайұлы, Айгул Қадырбекқызы, Бақыт Телғожақызы, Роза Иманбекқызы сондай-ақ, әр сала өкілдері қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген мектеп басшысы Назым Төлеуқалиқызы жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, азаттықтың аманатын арқалаған бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – білімді, саналы, елжанды азамат болып қалыптасу екенін ерекше атап өтті. Ол егемен елдің берік болашағы өскелең ұрпақтың парасаты мен рухани биіктігіне тікелей байланысты екенін баса айтты.
Іс-шара Тәуелсіздік жолында жанын қиған боздақтарға тағзым ретінде ұсынылған әсерлі сахналық көрініспен ашылды. Бұл қойылым азаттықтың ақ таңы қаншалықты қасірет пен күреске толы болғанын көрерменнің жүрегіне терең жеткізді. Тағылымды сәтті 2-сынып оқушылары орындаған «Тәуелсіз ел ұраны» атты жігерлі хор жалғап, залға патриоттық рух пен үміт нұрын септі. Ал сахна төріне шыққан «Жас қыран» тобының сап түзеу рәсімі тәртіп пен ұйымшылдықты, отанға деген шынайы сүйіспеншілікті айқын танытып, кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Кеш барысында 3-сынып оқушылары «Туған елім – Қазақстан» әнін хормен шырқап, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті паш етті. Сонымен қатар 11-сынып оқушылары дайындаған «Ұлт рухы – өшпейтін от» атты монолог кештің мағыналық өзегіне айналып, жастардың ел тағдырына деген сергек көзқарасын айқындады.
Мерекелік кеш «Таңшолпан» би ансамблінің көркем биімен айшықталып, көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлады. Іс-шара соңында желтоқсан оқиғасына қатысқан қонақтармен ашық сұхбат өрбіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәуелсіздік жолындағы ерлік пен өрліктің мәнін тереңірек ұғынды.
Шара барысында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Сәуле Досжан тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін атап өтіп, бұл қасиетті ұғымды жас ұрпақ әрдайым жүрегінде сақтап, мақтанышпен айтуы тиіс екенін жеткізді. Ол еркіндік жолында құрбан болған боздақтардың ерлігі ұмытылмауы қажет екенін айтып, тәуелсіздік рухын ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз екенін ерекше атап өтті.
«Тәуелсіздік тұғырым» – бір кештің аясында өткен шара ғана емес, ол – жас ұрпақтың жүрегіне жол тартқан рухани сабақ. Боздақтарға тағзым, желтоқсан қаһармандарымен жүздесу, балалардың патриоттық өнері арқылы тәуелсіздіктің шынайы бейнесі ашылды. Бұл кеш әрбір оқушыға азаттықтың оңай келмегенін, оны қорғау мен қадірлеу – ұрпаққа жүктелген қасиетті парыз екенін сезіндірді. Еркін елдің көк байрағын биік ұстайтын, ұлттық рухы берік ұрпақ өсіп келе жатқанына осы кеш тағы бір мәрте дәлел болды.
Индира БІРЖАНСАЛ









