«Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» VI халықаралық конференциясы: Қазақстан жастары арасындағы сенім индексі қалай өзгерді?

0
399

2025 жылғы 12 желтоқсанда Almaty Management University-де (AlmaU) «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» атты VI халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара жастар арасындағы сенім деңгейіне және жаңа буынның әлеуметтік капиталын қалыптастыруға қатысты тәжірибе, зерттеулер мен практикалық әзірлемелер алмасудың маңызды алаңына айналды. Конференция барысында жастар саясатының перспективалары, жасанды интеллекттің сенімге әсері, қоғамның процеске қатысуының жаңа формаларының пайда болуы, сондай-ақ әртүрлі ұрпақтардың мекемелер туралы түсінікті қабылдаудағы айырмашылықтары талқыланды.

AlmaU университетінің президенті Асылбек Қожахметов ашылу салтанатында сөз сөйледі:

«Алты жыл қатарынан біз осы тақырыпқа адал келеміз. Осы уақыт ішінде конференциямыз бір реттік ғылыми шара форматынан шығып, жаңа деңгейге көтерілді. Біз билік, бизнес және қоғам бірін-бірі тыңдауды үйренетін тұрақты платформаға айналдық. Шын мәнінде, осы конференцияның өзі – біздің жинақталған әлеуметтік капиталымыз».

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз жолдады:

«Конференцияның халықаралық мәртебесін ерекше атап өтемін. Бұл алаңда ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер және ең бастысы – белсенді жастар бірлесіп жұмыс істейді. Қазіргі күрделі жағдайда мемлекет, академиялық орта және азаматтық сектордың күш біріктіруі аса маңызды. Ортақ мақсатқа қол жеткізу – тек білімді, деректерді және түрлі кәсіби көзқарастарды бір арнаға тоғыстырған кезде мүмкін. AlmaU осы біріктіруші ортаны қалыптастыруда ұзақ жылдар бойы жүйелі еңбек етіп келеді. Университеттің зерттеулері қоғамдық көңіл-күйді, саяси институттарға көзқарасты, ақпараттық мінез-құлықты және әлеуметтік капиталды талдауда маңызды бағдарға айналды. Министрлік бұл жұмысты жоғары бағалайды және оны еліміздегі сенім мәдениетін дамытуға қосылған елеулі үлес деп санайды».

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев:

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маңызды мәселелерді талқылауға білікті сарапшылар мен кәсіби мамандарды тарту мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте Алматы менеджмент университеті ұйытқы болған осындай ауқымды іс-шаралар айрықша мәнге ие. Әлеуметтік капитал – тек экономика мен саясатта ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында өзекті рөл атқаратын маңызды ресурс».

Конференция аясында қатысушылар жастардың әлеуметтік капиталына қатысты негізгі мәселелерді, Қазақстанның әлемдік беделді рейтингтердегі орнын, даму мүмкіндіктерін және жастар ортасындағы қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған түрлі тәсілдерді талқылады.

Keynote speaker ретінде Қытайдың Гонконг университеті, Шэньчжэнь қаласының профессоры Чэнь Цзе сөз сөйледі. Баяндама тақырыбы: «Қытай ерекшеліктеріне ие әлеуметтік капитал: тұжырымдау, өлшемдер және өлшеу әдістері» болды.

«Control versus trust: жастардың болашаққа деген жоспарын қалай қалыптастырады?» атты бірінші панельдік сессияны «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының бас экономисі Рахым Ошақбаев модерациялады.

AlmaU Халықаралық қатынастар институтының профессоры Владимир Рыжков пікірімен бөлісті:

«Жастардың 10-15 жыл ішінде елдің негізгі қозғаушы күшіне айналуы үшін бес негізгі қадам қажет. Біріншіден, “Жаңа Қазақстан: еркіндік, либерализация, тәуелсіз соттар” қоғамдық-саяси реформалар бағдарламасын батыл әрі жүйелі түрде жүзеге асыру. Екіншіден, білім беру сапасын арттыру арқылы 50000-60000 білікті маманды елге қайтару. Үшіншіден, кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ету және цифрландыруды дамыту. Қазіргі таңда “Economic Freedom” рейтингінде Қазақстан 68-орында тұр, ал стратегиялық мақсат – алғашқы 40 елдің қатарына ену. Төртіншіден, әлемге ашық болу – қазақстандық паспорттың күштілігі бойынша алғашқы 30 елдің қатарына қосылу. Қазіргі кезде Қазақстан паспорты бұл көрсеткіш бойынша әлемде 64-інші орында. Бесіншіден, қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған бағдарлама қабылдау: орташа 25-інші орыннан рейтингтегі 40-ыншы орынға дейін көтерілу. Батыл реформалар жүргізілмеген жағдайда, Қазақстан құрылымдық мәселелері бар мәңгілік “орта деңгейдегі” ел болып қалу қаупіне ұшырайды. Ал жүйелі реформалар жүзеге асырылса, ел таланттар үшін тартымды орталыққа, жастар үшін жайлы отанға және үміт пен армандар жүзеге асатын кеңістікке айналады».

SDU университетінің профессоры Аида Байгараева:

«Білім сапасы мәселесі тек студенттерге ғана емес, бізге – профессорлар мен оқытушыларға да тікелей қатысты. Әрқайсымыз кем дегенде қандай да бір халықаралық тестілеуден өтуіміз қажет. Бүгінгі таңда біз аудиторияларда сабақ береміз, алайда кей жағдайда өз студенттерімізбен де кәсіби тұрғыда тең деңгейде бола алмай отырмыз. Бұл – профессор-оқытушылар құрамы үшін көптен бері өзекті мәселе болып табылады. Осы тұрғыда оқытуға деген тәсілдер де, білім мазмұны да түбегейлі өзгеруі тиіс. Қазақстан бұл бағытта алға жылжып келеді, алайда бұл үдеріс баяу жүруде. Ал баяулық қоғамдық сенімнің әлсіреуіне алып келеді», – деп атап өтті.

Талқылауға сондай-ақ саяси сарапшы, «Оян, Қазақстан» қоғамдық-саяси қозғалысының теңқұрушысы Димаш Әлжанов қатысып, шетелдік мемлекеттердің тәжірибесі негізінде мемлекетке деген сенім мәселесін көтерді. Сонымен қатар, «ҚҚДИ» КЕАҚ Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының жетекшісі Риззат Тасым, сондай-ақ онлайн форматта Джавахарлал Неру атындағы университеттің (Үндістан) Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Аюши Саини сөз сөйледі.

Талқылау барысында қазіргі жағдайдағы сенімді қалыптастыру, елдің рейтингілік көрсеткіштері, жастар арасында әлеуметтік капиталды нығайту, сондай-ақ кадрлық әлеуеттің ел ішінде сақталуын қамтамасыз ету үшін өмір сапасы мен білім беру жүйесінің қолжетімділігінің рөлі сияқты мәселелер қарастырылды.

Панельдік сессиядан кейін AlmaU Trust Barometer 2025 жобасының негізгі нәтижелері ұсынылды. Биылғы жылы жастардың сенім индексіне ерекше назар аударылды. Деректер қызықты. Мысалы, жастар әлеуметтік желілерде өмір сүргендерімен (қамтылу деңгейі 85%), бірақ оларға ең аз сенім білдіреді. Жастардың жартысы дерлік өзгерістерді талап етеді, алайда 40%-нан астамы өздерінің кейбір мәселелерге ықпал ете алатынына сенбейді. Жастардың 70%-нан астамы өзгерістердің басты қозғаушы күші ретінде білім беру мекемелері деп атайды. Жастардың пікірінше, тұрақты сенімді сақтайтын жалғыз институт ретінде университеттер қалуда.

Екінші панельдік сессия «Жастар және жастардың саясатқа қатысуы: апатия мен белсенділіктің арасында» тақырыбында өтті. Сессияның модераторы Paper Lab директоры, AlmaU зерттеушісі Серік Бейсембаев болды. Дискуссияға қатысқан спикерлер: Алматы қаласындағы Respublica партиясының төрайымы Шолпан Абдихалықова; Назарбаев Университетінің профессоры Дина Шарипова; British Council білім беру бағдарламаларының жетекшісі Надежда Трубова; «KOMUNITIPLUS» ҚҚ жетекшісі Эльмира Караманова; аналитик-зерттеуші Шұғыла Кылыбаева; журналист-подкастер, OY-DETOX авторы Айнель Әмірхан; мінез-құлық экономикасы зертханасының стажер-зерттеушісі Андрей Ворчик.

Панельдік сессияда жастардың елдегі саяси процестерге қатысуға ниеті, жаңа медиа құралдарының жастардың саяси мәдениетіне әсері, сондай-ақ партиялар мен институттардың жас сайлаушылардың сенімін қалай жаулай алатыны мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар, конференция барысында демограф, демографиялық саясат мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Алексей Ракша Қазақстан жастарының демографиялық портретіне арналған баяндамамен сөз сөйледі:

«Қазақстан халқының медиандық жасы 31 жасты құрайды, бұл көрсеткіш әлемдік медиандық жас деңгейімен сәйкес келеді. Бұл 2000-шы жылдан кейінгі кезеңде елімізде бала туу көрсеткішінің қарқынды өсуінің айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан туу көрсеткішінің қарқынды өсуі нәтижесінде жас құрылымы бойынша Орталық Азия елдеріне айтарлықтай жақындады. Алдағы 5-10 жыл ішінде жастар үлесі бойынша Қазақстан Өзбекстанды басып озады деген болжам бар. БҰҰ деректеріне сәйкес, ширек ғасырдан кейін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейде адам дүниеге келеді деп күтілуде. Дегенмен, соңғы үш жыл зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендегені байқалады. 2015 жылдан бері байқалып отырған бұл төмендеуге келесі факторлар әсерін тигізді: қоғамның цифрлануы әлеуметтік желілердің кеңінен таралуы, қарым-қатынас сипатының өзгеруі, геосаяси ахуал, болашаққа деген алаңдаушылық, саяси тұрақсыздық. Бұдан бөлек, 2019 жылы болған жағдайлар, COVID-19 пандемиясы мен инфляцияның күрт өсуі де әсерін тигізді. Азаматтар бұл факторларды экономикалық тұрғыдан бала тууға кедергі келтіретін жағымсыз жағдайлар ретінде қабылдап, болашаққа деген сенімсіздікті күшейтті», – деп атап өтті.

Конференцияны ұрпақтар зерттеушісі Данияр Қосназаров «Неліктен қазақтар жоғарғы деңгейде? Қазіргі қазақстандық креативті толқынның негізгі қозғаушы күштері» тақырыбындағы баяндамасымен қорытындылады:

«Әртістер мен креаторлардың жеке таланттары мен кәсіби дағдыларынан бөлек, қазақстандық креативті толқынның қалыптасуына келесі ауқымды факторлар ықпал етті. Ең алдымен, қалалық орта таптың қалыптасуы, сыртқы мәдени ықпалдарға ашықтық, қазақ тіліндегі заманауи контентке деген жоғары сұраныс, сондай-ақ маркетинг саласында брендтер арасындағы бәсекенің күшеюі атап өтілуі тиіс».

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here